Ал мектептерде білім алушылардың саны 3,9 млн-ға дейін өсті. Осы тұрғыда, оқу жылына дайындықтың маңызды бағыттарының бірі – көмеккке мұқтаж отбасылардың балаларына арналған қажетті қолдауды ұйымдастыру. Орталық коммуникациялық қызметінде өткен баспасөз конференциясында оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Вице-министр мемлекет жыл сайын өз тарапынан мұқтаж ата-аналарға балаларын мектепке дайындау үшін барынша көмек көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Мұндай санаттағы балалардың саны бүгінгі таңда ел бойынша 450 мыңды құрайды.
«Елімізде мұқтаж отбасыларға қаржылай көмек көрсету үшін Жалпыға бірдей білім беру қоры қалыптастырылған. Биыл осы қордан көмек көрсетуге жататын оқушылар үшін мектеп формасына және оқу құралдарын сатып алуға 18,7 млрд теңге бөлінеді», – деді Е. Оспан.
Жалпыға бірдей білім беру қоры арқылы көрсетілетін қолдау қаражаты жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын, жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және әлеуметтік көмек алуға құқылы отбасыларға арналған. Сондай-ақ жаңа оқу жылының қарсаңында төтенше жағдай салдарынан жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар да қаржылай көмек алады. Мәселен, Абай облысында өрттен қаза тапқандардың балаларына 500 мың теңге көлемінде материалдық жәрдем көрсетілген.
Оқу-ағарту министрлігі өткен жылы ата-аналар тарапынан келіп түскен өтініштерді ескере отырып, қордан бөлінетін қаржылай көмекті ата-аналардың есепшоттарына тікелей аударуды көздейтін норманы қолданысқа енгізді. Осының нәтижесінде былтырдан бастап ата-аналар осы көмек қаражатын балалар үшін мектеп формасын, аяқ киімді, кеңсе тауарларын өз бетінше таңдап, сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
«Биыл әрбір білім алушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға қаражаттың ең төменгі мөлшері 40 567 теңге болып анықталды. Бұл қаражат көлемі республикада белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейімен айқындалады», – деді вице-министр.
Бүгінде білім беру ұйымдары отбасындағы әрбір оқушыға мектеп жинақтарын сатып алу үшін ата-анасының немесе оларды алмастыратын тұлғалардың есепшоттарына ақша аударуда. Ата-аналар аталған тауарды сатып алғаннан кейін оны растайтын құжатты ұсынуы керек.
«Материалдық көмекті алу үшін әр ата-ана мектеп директорының атына өтініш жазуы шарт. Биыл 3 тамыздағы жағдай бойынша өңірлерде 200 мың балаға немесе көмекке мұқтаж контингенттің 44%-ына жалпы сомасы 8,2 млрд теңгеден астам қаражат есепшоттарына аударылды», – деп нақтылады Е. Оспан.
Оның айтуынша, республика бойынша бір балаға көмек көрсетудің ең жоғарғы мөлшері Павлодар облысында қарастырылған, ол 47 мың 300 теңгені құрап отыр.
Жыл сайынғы қайырымдылық акция 2008 жылдан бастап өткізілуде. Акция аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ асыраушысынан айырылған, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан акцияның бүгінде дәстүрлі қоғамдық қозғалысқа айналғанын атап өтті.
Мәселен, өткен жылы демеушілер мен меценаттар 3 млрд 781 млн теңгеге 204 мыңнан астам оқушыға көмек көрсеткен.
«Биыл аталған іс-шара «Жақсылық жаса!» ұранымен өтеді. Акция барысында азаматтардың өтініштеріне баса назар аудару үшін білім беру ұйымдарындағы қоғамдық қабылдау бөлмелері, үздіксіз жедел желі жұмыс жасайды. Бұдан бөлек, сауда орталықтарында мұқтаж оқушыларға көмек көрсету пункттері ашылады», – деді Е. Оспан.
Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау комитетінде акция аясында арнайы жедел байланыс желісі (7172) 74 25 28 нөмірі бойынша жұмыс істейді. Акция барысында мұқтаж жандар үшін балалардың құқықтарын қорғау жедел байланыс телефоны, сондай-ақ «Bala Qorgau» телеграм чат-боты арқылы жүргізіледі.
Бұл бағыттағы жұмыстар министрліктің бақылауында, әкімдіктермен бірлесіп іске асырылып жатыр, деп түйіндеді спикер.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, мектеп директорлары, әлеуметтік педагогтер, сынып жетекшілері биыл «Жақсылық жаса» ұранымен өтіп жатқан «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын сапалы өткізу үшін барлық шараларды қабылдайды.
Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері 15 жылда қайырымдылық акция аясында 1,5 млн астам балаға көмек көрсетілгенін атап өтті.
Насымжан Оспанованың айтуынша, қайырымдылық көмек кеңсе тауарлары, дәптерлер, күнделіктер, сурет салуға және балалар шығармашылығына арналған жиынтықтар, портфельдер мен мектеп формалары, оқулықтар мен көркем әдебиет түрінде көрсетіледі.
«Балалардың құқықтарын қорғау комитеті барлық мектептерге бей-жай қарамайтын азаматтардан көмек қабылдаудың уақытша пункттеріне айналуды тапсырады. Жиналған барлық тауарлар мұқтаж отбасылардың арасында бөлінуге тиіс», - деді спикер.
Бұл ретте комитет төрағасы акцияның барлық қатысушыларына сыйлықты алған баланың суретін интернет кеңістігіне жарияламау туралы ескертті.