Кинода басты кейіпкерді студент Жұлдыз Мұрат сомдады. Осы орайда, Turantimes.kz тілшісі болашақ сериал жұлдызынан эксклюзивті сұхбат алды.
– Мұндай қызықты телехикая түсіру идеясы қалай дүниеге келді?
– Жалпы, бұл кино шынайы өмірден алынған. Түркістан облысы, Түлкібас өңіріне келін болып түскен Суджин есімді қыздың өмірі туралы фильм. «Түркістан» телеарнасының ең алғашқы төл киносы болып табылады. Әзірге қанша сериалы болатыны нақты белгісіз.
– Телехикая қанша уақыт түсірілді?
– Фильмді тоғыз күн ішінде түсіріп бітірдік. Түсірілім қараша айында аяқталды. Режиссердің айтуы бойынша кино телеарна мен кинотеатрларда көрсетілетін болады.
– Жұлдыз Болатбекқызы, сізге басты кейіпкерді сомдау қиынға соқты ма?
– Мен сомдаған Суджин – қазақ жігіті Сәкенге тұрмысқа шыққан кореялық қыз. Мен шын өмірдегі Суджинмен жүзбе-жүз көрісіп, екеуміз әңгіме-дүкен құрғанбыз. Ол өте жайдарлы, сұлу қыз. Қазақша бірнеше сөзді үйреніп те алған. Қазақ тұрмысына да әбден төселіп қалыпты. Мәселен, құрт жасау, сиыр сауу оған түк емес.
Түсірілім барысында қиындықтар болғанын жасырмаймын. Мәтінді өз тілімізде емес, корей тілінде жаттадық. Рас, кәрісше сөйлеу маған аса қиындық келтіре қойған жоқ. Ал, Кореядан Қазақстанға махаббаты үшін келіп тұрған қыздың ішкі толқынысы мен бұлқынысын бұлжытпай беру үшін көбірек жұмыстануға тура келді. Осы тоғыз күн ішінде ұйқының не екенін ұмыттық. Бірақ, қиындықтармен қатар қызықты сәттер де болды. Мен өмірімде мүлдем сиыр сауып көрген емеспін. Түсірілім барысында сиыр сауу есте қалған ең қызықты сәттердің бірі болды. Бұдан да басқа қызықты сәттер көп болды. Оған кино жарыққа шыққан кезде куә боласыздар.
– Кинода сіздің кейіпкеріңіз өте көп жылайды...
– Иә, басында жылау маған қиынға соқпаған сияқты еді. Кейін гримдеуші апай көзімнің айналасына ащы пияз суын жағып, көмек қолын созды.
– Бұл рольге кастинг арқылы ие болдыңыз ба?
– Иә, кастинг барысында режиссердің өзі кәріс тілін жақсы білетін үміткерлерге басымдық беріп, Асылан Қайыпжан екеумізді таңдап алған болатын. Жалпы, өзім өмірде түсірілімдерге жиі қатысып тұрамын. Бұл менің шағын хоббиім десем де болады. Бұған дейін атақты брэнд жарнамаларына түсіп үлгергенмін. Атап айтсам, «Burger King», «Wolt», «Activia» және тағы сол секілді. Ал, «Кәріс келін» – менің ең алғашқы сериалым.
– Өзіңіз туралы да жақынырақ білсек.
– Мен 2003 жылдың 4 сәуірінде Мақат ауданында дүниеге келдім. Осындағы Хамза Санбаев атындағы №83 мектепте білім алдым. Қазір Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде корей-ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандығының төртінші курсында оқып жатырмын.
– Отбасыңыз жөнінде айта отырсаңыз...
– Жанұямда менімен бірге ағам мен інім бар. Әкем Болатбек Қабиев та, анам Лиза Тілеуғалиева да қарапайым жандар.
– Жұбайыңыз немесе сүйіктіңіз болса, ертең кинодағы әріптесіңізден қызғанып жүрмей ме?
– Әзірге отбасы құра қоймадым, сүйікті адамым да жоқ. Оны уақыт көрсетер...
– Сізге кәріс халқының өмір салты ұнай ма?
– Корей мәдениетіне 2018 жылдан бері қызығушылық танытып келемін. Бір қызығы, қазақ пен кәріс халықтарының өмір салты өте ұқсас десем де болады. Тіпті, кейбір салт-дәстүрлері мен тыйым-жоралғылары да бір-бірімен үндес келеді. Айталық, тұсаукесерде балаға өзі қалаған нәрсені таңдату, 60 жастық мерейтойды дүркіретіп атап өту және тағы басқа.
– Бүгінде аттары жер жарған «BTS», «Blackpink», «Stray Kids» секілді әлемге әйгілі кореялық музыкалық топтардың өнеріне қызығасыз ба?
– Иә, соның ішінде «BTS» тобына қызығушылығым зор. Бұл топты өте қатты жақсы көремін. Ал, өзіме домбырада ойнау өнері жақын. Себебі, балалық шағымда бес жыл домбыра үйірмесіне қатысып, аттестат алып шыққан едім.
– Енді алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Туған өлкеге оралу ойыңызда бар ма?
– Алда жоспар өте көп. Жолы болып, жүзеге асып жатса, көре жатарсыздар. Ал, өзім туып-өскен құт мекен Мақатқа оралу жағын уақыт өзі көрсетер деп ойлаймын.
– Уақыт тауып, сайтымызға арнайы сұхбат бергеніңіз үшін редакция атынан алғыс білдіреміз. Өзіңіз басты рольде ойнайтын жаңа кинотуындыңыз қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, жоғары марапаттарға ие болғай деп тілейік!
* Turantimes.kz анықтамасы:
Телехикаяның басты кейіпкерлері Сәкен мен Суджин – шынайы өмірде бар адамдар. Оңтүстік Кореяның 26 жастағы тұрғыны Суджин Ли былтыр Түркістан облысы Түлкібас ауданы Амангелді ауылындағы қазақ отбасына келін болып түскен. Сәкен бес жыл Оңтүстік Кореяда жұмыс жасаған. Бастапқыда Суджимен дос болып, соңы махаббатқа ұласқан. Корея жағы о баста абдырап қалғанымен, ақыры екі жастың бақыты үшін келісімін берген. Ал, түлкібастықтар бұл хабарға қатты қуанған. Мешітте неке қиылып, қазақы салтпен беташар рәсімі өткен. Кәріс келін басына ақ орамал тағып, иіліп сәлем салады. Шалбар киюге де қарсы екен. Ет асып, бауырсақ пісіреді. Алғашында күріш пен ащы тамақ жеп жүрген ол қазір тағам талғамайды. Тіпті, ислам дінін қабылдап, мұсылман атанған.
Сардор РАСУЛОВ, телехикаяның бас режиссері:
– Егер қыз бен жігіт бір-бірін шын ұнатып жатса, қалған қиындықтар ешқандай роль ойнамайды. Яғни, мөлдір махаббатқа шекара мен қашықтық та кедергі бола алмайды. Біз бұл фильм арқылы осы ойды жеткізгіміз келді. Оқиға желісі шынайы өмірден алынса да, арасына қосымша кейіпкерлерді де қостық. Әсіресе, өсекші әйелдер арқылы комедияға да орын бердік. Біздің ұжым дайындаған төлтуынды көрермен көзайымына айналады деп сенім білдіреміз.