«ОТБАСЫНЫҢ ТАТУ ТІРЛІГІ МЕН БЕРЕКЕСІ КІМГЕ БАЙЛАНЫСТЫ?» ОСЫ МАҚАЛАМЫЗДЫ ЖАЗУ БАРЫСЫНДА КЕЙІПКЕРІМІЗГЕ ҚОЙҒАН АЛҒАШҚЫ САУАЛЫМЫЗ ОСЫ БОЛДЫ. ОЛАЙ ДЕУІМІЗГЕ НАҚТЫ СЕБЕП ТЕ БАР. ӨЙТКЕНІ, ЖАНБАЙ АУЫЛЫНДА ЖАРАСЫМДЫ ТІРЛІК КЕШІП, ӘУЛЕТТІҢ МЕРЕЙІН АСЫРЫП ОТЫРҒАН ОСЫНАУ ОТБАСЫНДА ҮШ КЕЛІН БІР ШАҢЫРАҚТА АТА-ЕНЕСІМЕН БІРГЕ КҮН КЕШУДЕ.
Қазіргідей қоғамда мұндай жарасымды дəстүр жиі кездесе бермейтіні жасырын емес. Сондықтан, ұлттық ұстанымды ұлықтап, отбасы институтының қадасы нық қағылып, шаңырағы биік болып отырған жанұя туралы арнайы жазуды жөн көрдік. Балжан Рахымқызы – Құрманғазы ауданының тумасы. Отағасы Ғабит Сəдіржанұлымен шаңырақ көтерген сонау 1992 жылды есіне алған ол жылы жымиып, бақытты күндерін ой елегінен өткізіп, əңгімесін бастады.
– Менің өсіп-өнген ортам да көпбалалы жанұя, анам – 9 құрсақ көтерген жан. Тағдырдың жазуымен бас қосып, етегінен ұстаған жарым да 11 балалы жанұяның кенже ұлы. Отбасындағы бесінші келінмін. Жолдасымның анасы – батыр ана. Сол кісінің тəлім-тəрбиесін көріп, білмегенімді үйрендім, келіндік, отбасылық өмірге икемделдім, - дейді Балжан Жəнібекова.
Ата салтымызда қара шаңырақтың егесі – кенже ұл деген ұстаным бар. Бұл отбасы да сол қағидаға сай, үлкен əулетте, ата мен ененің қолында қалады.
«Келін болып түскеннен кезде атам өмірден өтіп кеткен, енемнің тəрбиесінде болдым. Кейін үш ұлымыз дүниеге келіп, ұрпақ қызығына кенелдік» дейді Балжан Рахымқызы.
Уақыт өте келе, ардақты аналары да бақилық болып, қара шаңырақтағы жарасымды тірлікті жалғау миссиясын мойындарына жүктеген Ғабит əке мен Балжан ананың қазіргі таңда үш ұлы да аяқтанып, оларды ата-əже атандырып отыр. Ал, ең бір ғанибет тұсы – олардың ұл-келіндері де бір шаңырақта бірге тұрады.
«Ұлымыз 2015 жылы шаңырақ көтеру туралы ойын айтқан кезде, қарсы болмадық. Содан кейінгі балаларымыз да отау көтеріп, Атырау қаласы, Хамит Ерғалиев, Аққыстау ауылдарымен құдандалы етті. Төрімізге оздырар түрлі рулы елмен қыз алысып, мерейіміз тасыды. Немере сүйіп, ұрпақ қызығына кенелдік» дейді жарасымды жанұяның отанасы. Қазіргі уақытта жолдасы да, ұлдары да маусымдық жұмыста. Келіндерінің арасында да қызмет ететіндері бар. «Сол себепті де маған қалған жұмыс – бала бағу» дейді Балжан апай күлімдеп.
– Құдай көпсінбесін, 7 немерем бар, алды мектептің бірінші сыныбында оқиды. Балабақшаға баратындары бар, кешкілік бəрі жиналған сəтте мəре-сəре болатын кезіміз – ең бақытты шағымыз. Ұлдарымды қалай көрсем, келіндеріме де солай қараймын. Тəрбиелі, инабатты келіндер бұйырғаны – бағымыз. Біреуі де алдымыздан қия өтпей, кез-келген үй шаруасына «ортақ іс» деп жұмыла кетеді, - дейді Балжан апай біздің сауалымыздың алдын орап.
«Шəй құю үлкен келіннің жұмысы, үй жинау ортаншысының еншісінде, аула сыпыруға кішісі көмектеседі» деген ережелер жоқ па сіздің үйде?» деймін, əңгіме желісін үзбестен.
«Мүлдем болған емес. Өз міндеттерін біледі. Кез-келген мəселені ортақ ақылдасып, шешеміз. Қолы бос болса, қолымызға ұстап отырған азын-аулақ малымыз бар, соларға да қарасады. Менімен бірге сиыр саууға да жəрдемдеседі. Келіндерім кез-келген жұмыстан қашпайды. Үй шаруасына икемді, пысық. Осы отырғанда 4 отбасы бір шаңырақ астында тұрғанымызбен, тірлігіміз бір жанұя сияқты. Бір-бірін қатты сыйлайды. Жарасымды тірлігімізден жазбағай!» дейді аналық ақ пейілмен.
«Балаларыңыздың бірін бөлек шығару жоспарыңызда жоқ па?» деймін əңгіме ауанын сəл өзгертіп.
Бұл сауал туралы тіптен ойланбағаны шын болса керек, тосылып та қалды.
«Жо-жоқ, ондайды ойламаппыз да. Балаларымның да бұл туралы əңгіме бастаған кезі болған емес. Ал, біздің отбасында бəрін əкесі екеумізге ашық айтып, шешу – бұлжымайтын қағида» дейді ол.
Сұхбатымызды бастаған алғашқы сауалмен жазбамызды тəмамдауды жөн көрдік.
«Отбасының бірлігі анаға, яғни, əйелдерге байланысты деп ойлаймын» деген Балжан Рахымқызының бір ауыз сөзі бір қолымен бесік тербеп, бір қолымен əлемді əлдилейтін ана ролінің өмірде айрықша мəнге ие екенін айшықтай түскендей.
Бүгінгі күнде «мінездері жараспады немесе отбасындағылармен сыйыспады» деген сылтауларды да естіп жүргеніміз жасырын емес. Өзге жанұяда бөлек тəрбие көріп, келіндік өмірге қадам басқан қыз баланың ең алғашқы қолдаушысы да, ұстазы да енесі екенін халқымыз əу баста-ақ айқындаған.