Ол қазақтың қаймағы бұзылмаған Индер ауданы Көктоғай ауылының тумасы, орыс ұлтының өкілі. Ата-бабалары ауданның Топайлы аталатын елді мекеніне қоныс тепкен. Ал Көктоғайда көп балалы отбасында туып-өскен оның бойында қазаққа тән қадір-қасиет тұнып тұр. Қазақ тілінде мақалдап сөйлегенде талайды таңдай қақтырады. Әкесі Нестер Ефремович пен анасы Анна Любина 13 ұл-қызды дүниеге әкеліп өсірген. Олар – Көктоғай ауылындағы жалғыз қазақ отбасы болса керек. Әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері. Біздің кейіпкеріміз көп балалы отбасының сегізіншісі. Кулагин орта мектебінде интернатта жатып, орысша оқыған. Десек те балалық шағы тұтас қазақ ауылымен байланысты. Отбасында қазақтың салт-дәстүрлеріне қанып, ұлттық болмысты бойға сіңіріп өскен.
– Ауылда орыс ұлтының өкілдері деп бізді ешкім бөліп-жарған жоқ. Мерекелік іс-шаралардың құрметті қонағы ретінде қашан да төрден орын берілетін. Бұл қазақ халқының бауырмалдығын аңғартады. Әсіресе 1 мамыр қарсаңындағы жиындарда біздің отбасы айрықша ұлығыланатын, – деді Татьяна Любина.
Алғашында қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерген оның еңбек жолы 1984 жылы Б.Нысанбаев атындағы орта мектепте осы пәндерден дәріс беруден басталды. Ауыл балаларының орыс тілін білмейтіні жас ұстазға қиыншылық келтірген соң ол өз қалауымен қазақ тілінің грамматикасын оқып біліп, сабақты екі тілде жүргізуге дағдыланды. Ауылдағы мектепте 3 жыл ұстаздық етеді. Кейін Тасмағамбетов Қуанышқали есімді қазақ азаматына тұрмысқа шығады. Оның таңдауын ата-анасы қабыл алып, батасын беріп, ұзатады. Кейін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алып, Атырау қаласындағы А.Чехов атындағы №14 орта мектепте 8 жыл қызмет етеді. Бүгінде №3 мектепгимназиясының орыс сыныптарында қазақ тілінен сабақ беріп жүр. Оның қазақ халқына деген сыйластығы мен құрметі ерекше.
– 24 жасымда келін болып, табалдырық аттадым. Ата-енем жылы қабылдап, бауырларына басты. Ауылда үлкендермен бірге тұрған кезеңде енемнен көрпе тігуді, тігіншілікті үйрендім. Қазақтың ою-өрнектерін ойып, мал сүтін ашытып, айран, шұбат етуді, сүзбе мен құрт жасауды меңгердім. Сиыр сауып, жүн түтіп, оны иіру де күнделікті тірліктің бірі болды. Мұның барлығы ата-анамыздың бізді еңбекке баулуының нәтижесі деп білемін. Қазір өзіміз де олардың жолын қуып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып жатырмыз, – дейді Татьяна Любина.
Көп балалы отбасында туып-өскен Татьянаның ағаларының бірі Сергей Бақтыгүл есімді көрші қазақтың қызымен отау құрған. Бір інісі мен 2 әпкесі де жұбайын қазақтан таңдапты. Украин ұлтынан жеңгелері, кәріс жездесі бар. Осылайша оның ата-анасы көп ұлтпен тату-тәтті құдандалы болған. Ал Татьяна мен Қуанышқали өздерінен туған қызы Мартаны Дима есімді кәріс азаматына ұзатқан. Бір қызығы, олардан туған жиендерінің есімі кәрістен емес, қазақтан таңдалып, Әмір, Әділ деп қойылған.
– Құдалардың өзі немерелерінің есімін қазақша қоюға ынталы болды. Бұл да олардың қазаққа деген сый құрметінің белгісі шығар. Ал ұлым Арман тараздық қазақ қызына үйленді. Келінім инабатты, ибалы. Күн сайын бізге сәлем салып, қазақтың барлық дәстүрін отбасында берік сақтап келеді. Бүгінде 4 немеренің ортасында бақытты ғұмыр кешудеміз. Мұның барлығы – ұлттардың бірлігі мен татулығын жарастырып, бір шаңырақ астына біріктіре білген дархан қазақтың қасиетінің арқасы, – деді ол.
Әділет ҚАНАТҰЛЫ