Біз осы материалды дайындап жатқан кезде Астанадан ақжолтай хабар жетті. Кейіпкеріміздің кеудесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз қолымен еліміздегі ең жоғары наградалардың бірі – «Ерен еңбегі үшін» медалін тақты!
Енді әңгімемізге қайта оралсақ... Бүгінде пайғамбар жасына келген ұстаз облыс орталығындағы №3 мектеп-гимназияда қазақ тілінен сабақ береді. Оның қазақ тілінде жазған мазмұнды мақалалары мен шығармалары талай баспасөз беттерінде де жарық көрген. Бұл аз десеңіз, ол қазақ отбасына келін боп түсіп, бүгінде шаңырақтың шырайын келтіріп, түтінін түтетіп отырған аяулы жар, ардақты ана және сүйікті әже. Ал, оның қазақ тіліне деген махаббат хикаясы бала кезінен басталған екен...
– Мен Индер ауданының Зеленое деген ауылында дүние есігін аштым. Қазақ деген өзге ұлттың өзегінен теуіп көрмеген қонақжай халық қой. Сондықтан да болар, бір аспан астында берекелі бірлік пен тату тірлікті ту еткен 130-дан астам ұлт пен ұлыс өзара үйлесімділік пен үндестікте ғибратты ғұмыр кешуде. Түсінген жанға осының өзі бір ғанибет емес пе? Біз отбасымызда қазақша да, орысша да сөйлесе беретінбіз. Екі тілдің еш айырмашылығы болмайтын. Себебі, түріміз басқа болса да, тілегіміз бір, жүзіміз басқа болса да, жүрегіміз бір халықпыз ғой. Сол секілді, қазақ пен орыс халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін, мерекесі мен мейрамын, діні мен ділін бөліп-жарып көрмедік. Біздің үйдің дастарханында қазақтың бесбармағы мен бауырсағы үзілмейтін. Бұдан еш жамандық болмады. Бүгінгі марапатым да соның бір айғағы емес пе? – дейді қуанышын жасыра алмай күлім қаққан кейіпкеріміз.
Әкесі Нестер Ефремович пен анасы Анна Любина 13 ұл-қызды дүниеге әкеліп өсірген. Олар – Көктоғай ауылындағы жалғыз қазақ отбасы болса керек. Әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері. Біздің кейіпкеріміз көп балалы отбасының сегізіншісі. Кулагин орта мектебінде интернатта жатып, орысша оқыған. Десек те балалық шағы тұтас қазақ ауылымен байланысты. Отбасында қазақтың салт-дәстүрлеріне қанып, ұлттық болмысты бойға сіңіріп өскен.
– Ауылда орыс ұлтының өкілдері деп бізді ешкім бөліп-жарған жоқ. Мерекелік іс-шаралардың құрметті қонағы ретінде қашан да төрден орын берілетін. Бұл қазақ халқының бауырмалдығын аңғартады. Әсіресе 1 мамыр қарсаңындағы жиындарда біздің отбасы айрықша ұлығыланатын, – деді Т.Любина.
Татьяна 1984 жылы жергілікті педагогикалық институтта қазақ сыныптарындағы орыс тілінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алғанын айтады. Сөйтіп, өзі туған ауылда үш жыл ұстаздық еткен. Артынан теңін тауып, тұрмыс құрған. Осылайша, қалаға қарай қоныс аударып, сонда ұлы ұстаздық жолды жалғастырған.
«Бұрынғы кезде қазақ сыныптары өте аз болатын. Оның бірі Ыбырай Алтынсарин атындағы №11 мектепте және екіншісі №13 Ұлттық гимназияда еді. Сол кезде маған басшылар орыс сыныптары үшін қазақ тілінен сабақ беруді ұсынды. Осылайша, Антон Чехов атындағы №14 мектепте менің ұстаздық жолым басталды десе де болады. Кейін тұрғылықты мекен-жайымның ауысуына байланысты №3 мектеп-гимназияда сабақ бердім. Міне, бұл жерде еңбек етіп келе жатқаныма да биыл ширек ғасыр толып отыр» дейді ол бізбен әңгімесінде.
Бір қызығы, әр сабағын бастамас бұрын Татьяна ең алдымен шәкірттерінің көңіл-күйлері қалай екенін сұрайды екен. Арадағы әңгіменің бәрі қазақ тілінде ғана жүреді. Оның астарында методикалық әдіс-тәсіл жатқанын біреу білсе, біреу білмес...
– Адам үйренгісі келген тілді тек ерікті және еркін түрде ғана меңгере алады. Күштеп біреуге тіл үйрете алмайсыз. Сондықтан қазақ тілін үйретуді мен қарапайым әңгімеден бастаймын. Мен еңбек етіп жатқан №3 мектеп-гимназия – көпұлттық білім ұясы болып табылады. Олай дейтінім, мұнда қазақтан бөлек, өзбек, әзербайжан, кәріс, шешен және басқа да толып жатқан ұлт өкілдерінің балалары білім алады. Олардың бәрі де қазақ тілін білгісі келеді. Себебі, мемлекеттік тілді білмеген адамның қазір қол-аяғы байлаулы деуге болады. Менің ойымша, біздің елде тұратын әрбір азамат қазақ тілін білуге міндетті. Себебі, ол осы жерді мекен етіп, ас -суын ішіп-жеп отыр. Ал, тіл үйрену үшін бізде барлық жағдай жасалған. Әр сыныптың оқушылары өз ішінде топтарға бөлінеді. Бұл әр баламен жекелей жұмыс жасау үшін өте тиімді. Сондай-ақ, мектебімізде қосымша қазақ тілінің үйірмесі де ашылған, - дейді ұстаз.
Кейіпкеріміз бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктерін қазақ тілімен байланыстырады. Расымен де, егер ол қазақ тілін білмесе, қазіргідей Президенттің қолынан марапат алар ма еді?! Татьянаның еңбегін бір ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол бір емес екі жоғары білім алған. Бірі – қазақ, екіншісі – орыс тілінің мұғалімі. Бірталай ғылыми еңбек жазған. Сол үшін де министрлік тарапынан талай мәрте марапатталған. Атап айтсақ, 2006 жылы ол Атырау облысының үздік ұстазы болып танылған. Сол сияқты, «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін де иеленген. Түрлі мекемелер мен органдар атынан алған Алғыс хаттары да – бір төбе.
«Мен үшін басты марапат, бұл – менің шәкірттерім. Қарап отырсам, санап отырсам, осы күнге дейін жеті сыныпқа жетекшілік жасап, білім ұясынан ұшырған екем. Сондағы әр баланың болашағына туған аналарындай алаңдап отырамын. Өз кезегінде олар да соны түсінгендей, жоғары жетістіктерімен қуантып келеді. Сірә, ұстаз бен шәкірттің арасында жіпсіз байланыс бар екеніне шүбә жоқ. Биыл да оқушыларымның тең жартысы Ұлттық бірыңғай тестілеуде жүзден аса балл жинады. Олар арман қуып Астана мен Алматыға және Чехия мен басқа да шет елдерге барғысы келетіндерін айтып жатыр. Ал, мектепті бұрын бітіріп кеткен шәкірттерім қазір еліміз бен әлемнің түкпір-түкпірінде айтулы компаниялар мен кәсіпорындарда еңбек етеді. Бұл – менің ең басты жетістігім» дейді ол.
Татьяна Любина кезінде қазақ жігітімен көңіл жарастырып, отбасы құрғанына еш өкінбейтіні, қайта қатты қуанатынын айтады. Бұл оның қазақ тілін жетік білуіне және ұстаздық қызметіне оң әсер етіпті.
– 24 жасымда келін болып, табалдырық аттадым. Ата-енем жылы қабылдап, бауырларына басты. Ауылда үлкендермен бірге тұрған кезеңде енемнен көрпе тігуді, тігіншілікті үйрендім. Қазақтың ою-өрнектерін ойып, мал сүтін ашытып, айран, шұбат етуді, сүзбе мен құрт жасауды меңгердім. Сиыр сауып, жүн түтіп, оны иіру де күнделікті тірліктің бірі болды. Мұның барлығы ата-анамыздың бізді еңбекке баулуының нәтижесі деп білемін. Менің марқұм енем орысша бірде-бір сөз білмейтін еді. Ал, мен онымен оп-оңай тіл табысып кеттім. Біз жұбайым екеуміз ата-енеммен бірге қазақтың салтына сай үйдің кенже баласы үйленген кезге дейін бірге тұрдық. Кейін еншімізді алып бөлек шықтық. Онда да мен өзімнің қазақтың келіні екенімді ешқашан ұмытқан емеспін. Қазақ тілінде сөйлеп, ұлттық салт-дәстүрді ұстандым. Сол жанұямыз қазір көпұлтты үлкен әулетке айнала келді. Қызым кәріс жігітке тұрмысқа шықты, ұлым қазақтың келінін әкелді. Құдайға шүкір, балаларым мен немерелерім қазақшаға судай. Әрбір қазақстандық қазақ тілінде сөйлей білуі керек. Бұл әдеттегі қалыпты жағдайға айналуы тиіс. Керісінше, мемлекеттік тілді білмейтіндерге таңырқап қарауымыз қажет, - дейді қазақтың келіні.
Көп балалы отбасында туып-өскен Татьянаның ағаларының бірі Сергей Бақтыгүл есімді көрші қазақтың қызымен отау құрған. Бір інісі мен 2 әпкесі де жұбайын қазақтан таңдапты. Украин ұлтынан жеңгелері, кәріс жездесі бар. Осылайша оның ата-анасы көп ұлтпен тату-тәтті құдандалы болған. Ал Татьяна мен Қуанышқали өздерінен туған қызы Мартаны Дима есімді кәріс азаматына ұзатқан. Бір қызығы, олардан туған жиендерінің есімі кәрістен емес, қазақтан таңдалып, Әмір, Әділ деп қойылған.
– Құдалардың өзі немерелерінің есімін қазақша қоюға ынталы болды. Бұл да олардың қазаққа деген сый құрметінің белгісі шығар. Ал ұлым Арман тараздық қазақ қызына үйленді. Келінім инабатты, ибалы. Күн сайын бізге сәлем салып, қазақтың барлық дәстүрін отбасында берік сақтап келеді. Бүгінде 4 немеренің ортасында бақытты ғұмыр кешудеміз. Мұның барлығы – ұлттардың бірлігі мен татулығын жарастырып, бір шаңырақ астына біріктіре білген дархан қазақтың қасиетінің арқасы, – деді ол.
P.S.
...Біз кейіпкеріміздің әдемі әңгімесін таң атқанша тыңдай бергіміз келді. Себебі, ол ұлты орыс болса да, қазақ тілін қазақтан артық біледі. Майын тамыза мақалдап сөйлеген әр сөзі көңілге қонып, жүрекке жетеді. Осы кезде еріксіз «сірә, әлемдегі ең бай үшінші тіл болып саналатын қазақ тілін білуден асқан бақыт жоқ шығар» деген ойда қалады екенсің...
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор