RSS лента

Ерекше отбасы елді қызықтырды

  • 05.05.2023, 17:46,
  • 707
  • 0
  • Автор:
Автор фото: kartinkof.club

Көпұлтты отбасы көпшілікті сүйсіндіруде, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

«Біздің шаңырақта береке мен бірлік – бұлжымас қағида. Түрлі ұлттың өкілі болсақ та арамызда ешқандай түсінбеушілік болған емес. Дəстүрлерімізде ұқсастықтар бар. Бөліп-жармай барлығын да атап өтеміз. Ұлттың түрлі болуы татулыққа еш кедергі келтірмейді. Ең бастысы, бір-бірімізге деген сыйластық болса болғаны. Анам Ирина – орыс ұлтының қызы, жеңгемнің ұлты қазақ, ал, мен күрдтің қызы Наргизді жар еттім. Біздің ерекшелігіміз, дастарханда түрлі ұлттың тағамы – орыстың тұшпарасы, корейдің куксиі, дағыстандардың долмасы мен қазақтың ұлттық тағамы – ас міндетті түрде болады. Отбасымыз бүтін, бір-бірімізді ұлтымызға қарамай-ақ, түсінісіп, тіршілік кешіп жатырмыз» - деп əңгімесін бастады кəріс Иван Ли.

 

Атыраулық Ли отбасы бірнеше ұлттың өкілінен құралған. Қарашаңырақтың темірқазығы Денис пен Ирина – Атыраудың тумасы. Махаббат ұлтқа да, дін мен тілге де қарамайды емес пе? Осыдан 25 жыл бұрын кəрістің бозбаласы мен орыстың бойжеткені бас қосып, өмірге Иван мен Алексей келеді. Бүгінде қос ұлы отбасылы. Олардың да жанұясы көпұлтты өкілдерден құралған. Қазақпен де, күрдпен де құдандалы болып отырған жайы бар. Айтуларынша, көп ұлттың салт-дəстүрін жақсы біледі.

 

– Біздер мектеп кезінен таныспыз. Корей жігітіне тұрмысқа шығатынымды естіген кезде əкем қарсы болмады. Қазақ дəстүрімен ұзатылдым. Сырға салып, құда түсіп алды. Келген жерімнің қазақ халқының салтына құрметі ерекше. Қазақстан секілді отбасымыз да көпұлтты шағын мемлекет. Қазір кішкентай бөпем Тэраны да бесік жырымен əлдилеп, өсіріп келемін, - дейді корейдің келіні, қазақтың қызы Сабина.

 

Бүгінде бірлігі жарасқан берекелі жанұя отбасылық кəсіппен айналысады. Иван Ли сөз арасында елімізде əртүрлі этностардың мəдениеті мен салт-дəстүрінің, тілінің дамуына қажетті жағдайлар жасалғанын айтады.

 

– Тарихтан белгілі, жергілікті халық тағдырдың айдауымен келгендерді өзекке теппей, бауырмалдық танытты. Құшақ жая қарсы алып, бір үзім нанымен бөлісті. Сол үшін де өзге этнос өкілдері қазақ халқына шексіз риза. Мұнда адамды түр-түске бөліп, алалау жоқ. Баршаға Қазақстанның азаматы ретінде тең құқық берілген. Бəрімізге де жоғары білім алып, лауазымды қызметке тұруға барынша жағдай жасалған. Сондықтан біз де көпұлтты еліміздің жан-жақты дамуына өз үлесімізді қосып келеміз. Өйткені, біз бейбітшілік бесігінде тербелген Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз, - дейді ол.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости