Жасөспірім қазақ сыныбында оқиды. Пәндік олимпиадалар мен спорттық жарыстар жүлдегері. Қазақ тілін жетік меңгерген кәріс баласы ұстаздарын түрлі жетістіктерімен қуантып келеді.
Жетінші сыныпта оқитын Арсен Ким жуырда өткен қалалық олимпиадада математика пәнінен 1-ші орынды иеленіп, мектебінің мәртебесін көтерген. Қазақша сөйлеп, қазақша ойлайтын бала қазақ тілін әлемдегі ең әдемі тіл деп есептейді. Және де жанына жақын тілде білім алып жатқанын мақтан тұтады. Ол қазақтың ұлттық ойыны асық атудан алдына жан салмайды. Биыл ол асық атудан өткен қалалық турнирден 1-орынды иеленіп, облыстық турнирде жүлделі 4-орын алған. Гандбол, баскетбол үйірмелеріне де қатысады.