«ЕЛГЕ ЕЛ ҚОСЫЛСА – ҚҰТ» ДЕЙДІ АТА-БАБАМЫЗ. ОСЫДАН 10-15 ЖЫЛ БҰРЫН АТАЖҰРТҚА ОРАЛЫП, БҮГІНДЕ ӨЗ МАМАНДЫҒЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫНА АЙНАЛҒАН ҚАНДАСТАРЫМЫЗ ӨТЕ КӨП.
ТАРИХИ ОТАНҒА ЖОЛ…
Балалық шағы Қытай Халық Республикасында өтіп, кейін Қазақстанда танысып, отау көтерген Жұмәділ Хапас пен Бағигүл Оңғарияның отбасы – бүгінде Атыраудағы жарасымды жанұяның бірі. Атажұртқа келгеніне 10 жылға жуықтаған отағасы алғашқы жылдары құжат мәселесімен қиналғанын еске алды. Ықтияр хат алу үшін үш жыл қатарынан елге келіп, делдалға да алданған, Қытайда берілмейтін құжатты таппай, біраз әуре-сарсаңға түскен.
– Соттылығының болмағаны туралы анықтама, шығу парағы, туу туралы куәлік сұрады. Мұндай құжаттар Қытайда мүлдем жоқ. Қолыңда төлқұжатың болса, сен сотталмағансың. Шығу парағын барған еліңнің азаматтығын алған соң ғана береді, яғни есептен шығара алады. Осындай қолдан жасалған қиындықтардың кесірінен бейнет шектім. Тек мен емес, көптеген адамдар қиналды. Бұл мәселені де ретретімен шештік, – деді ол.
Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының Құмлы қаласындағы Ұлатай ауылында кіндік қаны тамған кейіпкеріміздің балалық шағы тек қазақтар тұратын ауылдағы қазақы ортада, отбасындағы үш ұлдың үлкені болғандықтан қазақы салтпен әжесінің бауырында өседі. Орта білімді де таза қазақ тілінде оқиды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ тарихи Отаны – Қазақстан туралы естіп біліп, «елге келсем» деген бала тілегі мұнай саласын таңдауға түрткі болған екен. Қытай Ұлттық мұнай университетін бітіргеннен кейінгі де басты мақсаты – елге келіп қызмет ету еді. Сол арманның жетегімен түрлі кедергілерге қарамастан жұмыс бабымен Атырауға келіп табан тірейді.
– Алғаш келгенде екі жақтың ойлау жүйесі, мәдениеті бір[1]бірімен қабыспайтыны бірден байқалды. Мұнда көбіне орыс тілінде ойлайды, орыстың мәдениетіне жақын болды. Біз тұрған жерде қазақтар шоғырланған ауданда қазақы салт-дәстүр мен мәдениетті қатаң сақтайтын. Байқасаңыз, көбінесе көне сөздерді қолданамыз. Елге келгенде, орысша атаулардың біразын түсінбей, уақыт өте келе оны да үйрендік, – деп, Атырауға алғаш келген жылдарын еске алды.
«МЕН ҰЛТЫМДЫ СҮЙЕМІН»
Бүгінде жан жары екеуі Атырауда өз мамандықтары бойынша еңбек етіп, ұрпақ өсіріп отыр. Бағигүлде Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиясындағы Күнес ауданында туған. 2011 жылы отбасымен Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Қаражар ауылына көшіп келіпті. Сол кездегі Астана қаласында жоғары білім алып, магистратураны тәмамдайды. Қазақтың Қытайда туып, тарихи Отанына келген қос өрені Каспийдің жағасында танысып, бас қосып, мұнайлы Атырауда перзент сүйген.
– Елге келгендегі бірден-бір себебіміз – біз өскен өлкеде таза қазақтілді мектеп қалмады. Тіліміз, дініміз деп, балаларымыздың болашағы, қазақы орта, қазақ елі деп келдік. Әзірге бір баламыз бар. Біздің үлкен байлығымыз да сол. Қазақтың көбеюіне де үлес қоссақ деген ойымыз бар. Сондықтан, енді кері қайту деген менің ойымда да жоқ, – дейді отағасы.
Бағигүлдің мамандығы – математика пәнінің мұғалімі. Қытайдың мектебінде оқып, Атыраудағы білім ұясында тәлім беріп жүрген кейіпкерімізден екі елдің білім беру жүйесіндегі өзгешеліктер туралы сұрадық. Айтуынша, жалпы оқу жүйесі бірдей болғанымен, ол елде ұлттық идеология жақсы қалыптасқан. Мұғалімдер аз жалақы алса да, ұлты, елі үшін аянбай еңбек етеді. Әрі оқушыларды отаншыл етіп тәрбиелейді екен. Ал біздің елде артық ақпар беру мен қағазбастылық басым.
– Қазақстанға келмей тұрып: «Еліме оралсам тілім үшін уайымдамайтын шығармын. Ұлтым үшін тер төгемін, еліме аз да болса үлесімді қосамын» деген ойда болдым. Сондай керемет жалын бар еді. Келген соң аздап қиындықтар болды, бірақ қазір бәрі жақсы. Елге келгеніме ешқашан өкінген емеспін, себебі ұлтымды сүйемін, – дейді жігерлі келіншек.
Құбыр инженері болып, мамандығы бойынша жұмыс жасайтын Жұмәділ жарымен екеуі бүгінде елдің дамуына үлес қосып жүрген жандар. Атыраудан өз ортасын тапқан үлгілі отбасының иелері. Алыстан ат арытып келген қандасымыздан Отанынан қандай қамқорлық көргенін сұрағанбыз.
«Мүлік, заттық жағынан жақсылық алайын деп келген жоқпын, оған өтініш те бермедім. Тек өз күшіммен азаматтық алуға тырыстым, соны алғаныма қуаныштымын. Азаматтық берген еліме алғысым шексіз», – деді ол жай ғана жымиып.
Иә, Жұмәділдің бұл сөзі ешкімді де ойландырмай қоймасы анық. Өйткені, ол өзге елден білім алып, мамандық игерді. Отанының азаматтық бергенін зор ризашылықпен қабылдап, аз болса да үлесімді қоссам деп үздіксіз қызмет етіп жүр. Елден пайда тапсам деп емес, елге пайдам тисе деп келгенін әрбір іс-әрекетінен айқын аңғаруға болады. «Үкімет маған үй берсін», «Жәрдемақы берсін» деп міндетсіп жүрген бүгінгі буын осындай азаматтардан үлгі алса игі.