ТҮР-ТҰРПАТЫ МЫҒЫМ, ҚАЖЫРЫ МОЛ МАХАМБЕТ БАЛА КЕЗІНЕН БАТЫЛ БОЛДЫ. БҰҒАНАСЫ БЕКІМЕЙ ЖАТЫП ЕҢБЕК ЕТКЕН ОНЫҢ ОРТАҢҚОЛ ЗАТТЫ МІЗ БАҚПАСТАН АРҚАЛАП ЖҮРЕ БЕРГЕНІНЕ ТАЛАЙ РЕТ КУӘ БОЛҒАНЫМЫЗ ДА БАР. АЛ, ҚОЛЫНА ОРАҚ АЛЫП, ШАЛҒЫНҒА ТҮСКЕНДЕ ҚҰЛАШ-ҚҰЛАШ ҚҰРАҚТЫ ӘПСӘТТЕ БАУДАЙ ТҮСІРУШІ ЕДІ. БОЙЫНА ЕРЕКШЕ КҮШ ҒАНА ЕМЕС, ДАНА ХАЛЫҚТЫҢ ДАРҚАНДЫҒЫ ДА ДАРЫҒАН ОЛ – ЖОҚ-ЖІТІККЕ ҮНЕМІ ЖАНЫ АШЫП ТҰРАТЫН ЖАЙСАҢ МІНЕЗДІ ҚАЙЫҢҚАПТАЛ ЖІГІТ. «ЕРНАР» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ИЕСІ МАХАМБЕТ ҚУАНҒАЛИЕВТІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ ОСЫНДАЙ.
Еңбек етсең ерінбей…
Бәлкім , ерте шыңдалғаннан болар, құрдастары жоғары оқу орындарын жағалап, жан-жаққа тарыдай шашылғанда, Махамбет ауылдан ұзап шыққан жоқ. Бүгінгі жүзеге асырған ісін сол кезде-ақ жоспарлады ма, кім білген?! Өйткені, бойында тура жолдан тайдырмас ақыл-парасат, ер жігітке тән мықты мақсат, соны жүзеге асыратын күшжігер жеткілікті еді. Өзіне сенімді жігіт 2004 жылы Тасшағыл орта мектебін бітіргенде, үйінде тігерге тұяқ болмағанына қарамастан, іс бастауды мақсат тұтты. Атадан тұяқ қалмаса да, «ер мойнында қыл арқан шірімес» деп көрші-көлемнің малын қарасып, үнемі өзін еңбекпен шыңдап отырды. «Тасшағыл» өндірістік кооперативіне құрылысшы болып жұмысқа кіріп, сол жерде қора салу, құдық қазу, мал бағудың қыр-сырын да жетік меңгерді. Кооперативте бір жыл қызмет етіп, біраз дүниені көңіліне түйген ол кейіннен өзін басқа қырынан сынап көру үшін ауысымдық әдіспен жұмыс жасауды жөн санады. Осылайша, 11 жылдай әртүрлі компанияда еңбек еткен Махамбет қолына түскен ақшасына мал сатып алып, қорасын төрт түлікке толтырады. Адал жолмен мал табу – қоғамға, Отанға адал қызмет етудің айқын көрінісі екенін жақсы ұғынған ол тура жолдан таймай, қай жерде жүрсе де көңілі ауылды аңсап тұратын. Бұдан үш жыл бұрын су жаңа «УАЗ» автокөлігін сатып алып, жиналған азын-аулақ малымен шаруасын бастауға бел буды. Бастапқыда кооперативтің жерін уақытша пайдалануға сұрап алып, бір жылдай ақтылы қойды өргізді. Осыдан тура екі жыл бұрын ауылдан 22 шақырым жердегі «Қойкөң» деген алқапты аукцион арқылы ұтып алып, былтыр кенже ұлының атына «Ернар» атты шаруа қожалығын құрды. Аукционнан алған 400 гектар жерге бірнеше бөлмелі үй мен қорақопсы, аула-шарбағын үйлестіріп алған соң сол мекенге тұрақты түрде орнықты.
Адал тердің өтеуі
Ұлттың көрнекті қайраткерлерінің бірі Құнанбай қажының немересі Шәкәрім шайыр: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа анық бола алады. Олар: адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек» десе, хәкім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, еңбек етуге, адал табыс табуға өсиет еткен. Ал, Махамбеттің еңбекқорлығын көргенде осы ұлылардың сөзі ойға оралады. Әсіресе, бүгінгідей технология қарыштап дамыған заманда мал бағуды құп көретіндер некен-саяқ. Тіпті, жұмыссыз жатса да, маңдай терлетер қара жұмысты қиын көріп, қолына күрек ұстамайтын кержалқаулардың барын да жасырмаған жөн. Қоғамның осындай көлеңкелі тұстарын көре отырып, Махамбеттей жігіттердің ісіне еріксіз тәнті боларыңыз анық. Үлгі болмағанда ше?! Қолында тышқақ лағы болмаса да, табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында қорасын толтыра мал ұстап, бүгінде 100 бас ірі қара, 50 бас ұсақ жандық, 30 жылқы айдап отырған жігітті бір кезде жоқшылық көрді деп кім айтар?! «Мал баққанға бітеді» деген осы болар, сірә!
– Көздің қорқақ, қолдың батыр болатыны рас екен. Бұрын мал ұстап көрмегендіктен, былтыр қожалықты ашарда әуелі жүрексіндік. Алайда, қорқып отыра берген адамға мал біте ме?! Сөйтіп, тәуекелге бел буып, жұмысты бастадым. Аллаға шүкір, қазір шаруашылық бір ізге түсіп келеді. Тер төккен жандың қолдаудан мемлекет аянып жатқан жоқ қой. Биыл лизингтік жүйемен су жаңа трактор алдым. Сол трактормен шөп шауып, қысқа қажетті 400 орама пішен жинап алдым. Қожалықты ашқан бойда, алға қойған мақсатым малды асылдандыру болды. Сол мақсатта асыл тұқымды ақбас бұқа алып, табынға қостым. Соның арқасында асыл тұқымды малға және оның шөбін дайындауға субсидия алып, мемлекеттің шынайы қолдауын сезініп отырмыз, – деді ол бізге ағынан жарылып.
Бір апта соққан боран
Қай істің де қызығымен қиындығы қатар жүреді. Дүкендегі дайын етті сатып алған тұтынушы да, тіпті, оны сатып тұрған делдал да оның қаншалықты маңдай термен бағылатынын біле бермейді-ау. Жаздың шіліңгір шілдесінде мал бағып, оны қысқы саршұнақ аяз бен түтеген боранда жылы қорада күтіп-баптау да оңай шаруа емес. Махамбетті қатты сынаған 2019 жылдың қысы еді. Ол кезде кооперативтің жерінде отырған оның жылы қора, кең ауласы жоқ болатын. Қырсық шалғанда, сол жылы қар қалың түсіп, қыс ұзаққа созылды.
– «Көктем де келді» деп үмітпен отырғанда, наурыздың ішінде бір апта бойы боран соғып, әбден әуресарсаңға салды. Кейде таяқ тастам жер көрінбей қалатын алақаншық боранда малға әр үш сағат сайын шөп салып, ұйытқи соғып ауланы көміп салған қарды әлсін-әлсін тазалап, жалғыз өзім табиғат заңымен арпалыстым. «Жыртық үйдің құдайы бар» демекші, абырой болғанда малдан шығын болмады. Қатты қуандым. Сол қыстан шыққан соң аукционнан алған жеріме көшіп, кәріз жүйесі қазылған жайлы баспана, кең аула, ұзындығы – 40, ені – 8 метрлік қора салдым. Ток қуатын беретін күн панелін, ұялы байланыс құрылғысын, телехабар тарататын «Отаu TV» қондырғысын алып, қыстақ басына барлық жағдайымды жасадым. Қазір орталықтағы үйлерден еш кем емес, – дейді шаруагер.
Әлбетте, үйде береке болмаса, ердің ісі алға баспайтыны белгілі. Махамбеттің тасының өрге домалауына асыл жары Асылшаның да үлесі мол. Бір-бірін жастай тауып, бір мақсат жолында талаптанған ерлі – зайыптылар бүгінде тек қожалық иесі емес, көп балалы, үлгілі шаңырақтың бірі. Тасшағыл орта мектебінің ІХ сыныбында оқитын Бекарыс, VII сыныптағы Бексұлтан, 6 жастағы Ерназар және 4 жасар Ернар да әкесін үлгі тұтып өсіп келеді. Малдың тісіне еріп, Алтайдан Қап тауына дейінгі аралықты кең жайлаған ата-бабамыздың әр сөзінің астарында зор мән мен мағына жатыр. «Малды малдай адам бағады» дегеннің сырын да Махамбет енді түсінгендей. Бұл істе үнемі қажыр-қайрат пен күшқуат қажет. Оған қоса, алдыңдағы төрт түліктің қоңы төмендемес үшін жұмыс ешқашан толас таппауы тиіс. Тірлігі үнемі қайнап жататын қожалықтың жұмысына бір адамның үлгере алмайтынын түсінген ол жанына інісі Азаматты тартты. Ал, ақыл-кеңесін айтудан аянбайтын Шәрипа ана болса, немерелерінің сабағын қадағалап отырады. Әрине, маңдайдан шүмектеп аққан ащы термен келген нанның дәмі де тәтті. Оның үстіне, бақытын еңбектен тапқан отбасының әркез түтіні түзу, дастарханның ырыздық-несібесі мен шаңырақтың шаттық-берекесі мол болмақ.
Шаруаға жер, тракторға отын керек
Адал еңбекпен мал тауып, қожалық ашқан Махамбеттің осымен шектеліп қалғысы келмейді. Ендігі ойы – қой басын көбейтіп, асылдандырып, сол бағытта тағы бір қожалық құру. Әйтсе де, оған кедергілер де жоқ емес. Ең бастысы, қазіргі жері 400 гектар ғана. Қой, сиыр, жылқы бағып отырған адамға бұл өте аз. Оның үстіне ұзынсирақты мал өзге қожалықтың жеріне кіріп кетеді. Бір тәуірі, көршілер тату, өріске бола әзірге шәй десіп көрмеген. – Малдың өрісі тар. Бұл Тасшағыл маңында бұрыннан бар проблема ғой. Әйтпесе, өз малың қожалық аумағында жайылғанға не жетсін?! – дейді Махамбет.
Тағы бір үлкен мәселе – шабындық жердің болмауы. Биыл өзге шаруашылықтармен келісіп, қысқы мал азығын дайындап алған ол келесі жылы қайтерін білмей отыр.
– Аудандағы барлық шаруагерге ортақ мәселе – дизель отыны. Шаруашылықтың негізгі жұмысы тракторға байланысты болғандықтан, бізге жанармайдың осы түрі ауадай керек. Әсіресе, қысқы дизель отынының құны шарықтап тұр, бір литрі – 450 теңге. Ал, жазғы жанармаймен трактор қызбайды. Сондықтан, үкімет тарапынан дизель отынына субсидия берілсе, бізге біраз көмек болар еді, – деді қожалық иесі.
Ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне аянбай тер төгіп келе жатқан Махамбет Қуанғалиев қайырымдылық іс-шаралардан да қалыс қалған емес. Жыл сайын бір сиырын сойып, етін тұрмысы төмен отбасыларға таратуды әдетке айналдырса, жергілікті әкімдік ұйымдастырған түрлі акцияларға да үлес қосудан тартынған емес.
Ұлы Абай «жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» демей ме өз өлеңінде? Бүгінгі қайнап жатқан қым-қуыт тіршілікте әркім тынымсыз еңбек етіп, шама-шарқынша адал нәпақасын тауып, отбасын асырап келеді. Алайда, Махамбет секілді мал асырап, қожалық құрып, істің әрін кіргізіп отырғандар аз. Ауылдағы ауыр тірліктен қалаға қашып келгенімен, екі қолға бір күрек таппай жүргендерді көргенде, қиырдағы Қызылқоға жерінде қорасын қойға толтырып отырған осы азаматқа қызыға қарайтыным рас. «Ер еңбегімен сыйлы» деген осы болса керек!..