«ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ» ТҰЖЫРЫМДАМАСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ ТЕТІГІНІҢ БІРІ – БҰҚАРАМЕН САНАСУ, ЯҒНИ, ҚОҒАМДЫҚ ПІКІРДІ ЕСКЕРУ. ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ КӨП ШОҒЫРЛАНҒАН, СУ КӨЗДЕРІНІҢ АЯСЫ ТАРЫЛУЫНА АЛАҢДАП ОТЫРҒАН АЙМАҚТАР ҮШІН ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ САҚТАУ АСА МАҢЫЗДЫ. ҚАЛТАДАҒЫ ҚАРЖЫНЫ ҚАҒАТЫН ТАРИФ ҚҰНЫН ӨСІРУДІ КӨЗДЕЙТІН МОНОПОЛИСТЕР МӘСЕЛЕСІ ДЕ ҮНЕМІ ТАЛДАНАТЫН ТАҚЫРЫПТЫҢ БІРІ.
Қоршаған орта, жасыл желек және жерасты сулары
Атырау облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов мемлекет басшысы тарапынан бұл мәселеге үлкен көңіл бөлініп отырғанын атап, халықпен санасудың айрықша мәнге ие екенін жеткізді. Сондай-ақ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Eurasian Expert Council» қоғамдық қорының бастамасымен ұйымдастырылған «Қоғамдық кеңес апталығы» аясында өткізіліп отырған кезекті жиын онлайн көрсетілім арқылы басқа өңірлерге де таратылатынын айтты. Ең алдымен, облыстық қоғамдық кеңестің экологиялық мәселелерді шешудегі қоғам өкілдерінің қатысуын қамтамасыз етудегі ролі жөнінде сөз болды. Баяндама жасаған кеңес мүшесі әрі қоғамдық кеңес жанындағы экология, табиғат пайдалану және аграрлық мәселелер жөніндегі комиссия төрайымы Шынар Ізтілеуова бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Мәселен, қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсынысымен санаспайтын мекемелер бар екені айтылды. Сондайақ, қатысушылар бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып, нақты межеге жету үшін экология департаменті мен «Қазгидромет» компаниясының Атырау филиалының техникалық базасын жақсарту керектігін де айтты. Су тапшылығы мәселесінің де өңір үшін өзекті екені көтеріліп, мұнай-газ саласында жұмыс істейтін компаниялардың екінші рет пайдаланылатын су көлемін көбейтетін уақыт келгені де – айтылған пікірлер қатарында.
– Қазір NCOC, ТШО, АМӨЗ сынды ірі мұнай компанияларын бақылауды күшейту керек. Бұл алпауыттар Жайық және Қиғаш өзенінен басқа су көздерін табуы тиістігі жазылған арнайы хатты салалық басқармаға жолдадық. Осы жерде айта кеткен жөн, бұрын министрлік тарапынан құрылған арнайы жұмыс тобы болды. Олар Атырау облысындағы жерасты суларын ірі мекемелердің пайдалануына қатысты мүмкіндіктерді қарастырды. Сондықтан, осы топтың жұмысын қайта жандандырып, зерттеу, саралау шараларына әлемдік деңгейдегі сарапшы мамандарды шақырған жөн, - деді Шынар Ізтілеуова өз сөзінде.
Сондай-ақ, қоршаған ортаны оңалту үшін жасыл белдеудің маңызды екені аталып, ең алдымен микроклиматты облыс орталығының ішінде жасап, кейін қала сыртын ойлаған дұрыс деген ұсыныстар да кеңес мүшелері тарапынан айтылды. Жиын қатысушылары көгалдандыру жұмыстарын қадағалайтын комиссия құруды ұсынды. Экологиялық сақтандырудың да мардымсыз екені айтылып, жерасты суларын жасылжелек өсіру жұмыстарына пайдалануды ірі компанияларға міндеттеу қажеттігі сөз болды. Облыс орталығындағы қамыс өртінің салдарынан ауа сапасының нашарлағаны да кеңес мүшелерінің назарынан тыс қалмады. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов төтенше жағдайлар саласы мамандарының өрт ошағына жетуі өте қиын екенін айтып, жазды күнгі ыстық кезінде өртенбеген қамыстың салқын күнде тұтануының себебі адами фактор болуы мүмкін екені де жоққа шығарылмайтынын жеткізді.
Тариф өсе ме?
Бұдан соң Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің монополистермен тариф қалыптастырудағы тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысуы туралы мәселе талқыланды. Инфрақұрылымды дамыту және коммуналдық мәселелер жөніндегі комиссия төрайымы Балжан Досмұхамбетова нақты ұсыныстарын жеткізді. Ол ең алдымен қоғамдық кеңес мүшелері үш н арнайы тренинг өткізу қажеттігін атап өтті.
«ҮЕҰ-ның бюджеттік бағдарламалардың жобаларын, стратегиялық жоспарлардың немесе аумақтарды дамыту бағдарламаларының жобаларын, мемлекеттік бағдарламалардың жобаларын талқылау, бюджеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізу туралы есептерін талқылау жөніндегі өкілеттіктерін сапалы іске асыру мақсатында кеңес мүшелеріне бюджеттік, стратегиялық жоспарлау, мониторинг, мақсатты индикаторларды бағалау бойынша арнайы тренингтер өткізуді сұраймын. Сондай-ақ, мақсатты индикаторлар қатарына «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейінің рейтингін» енгізу қажет» деді баяндамашы.
Балжан Ибатқызы мемлекет басшысының биылғы Жолдауын іске асыру бойынша орталық органдардың қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізу керектігін де жеткізді. Дөңгелек үстел барысында монополистердің де мәселесі қаралып, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету маңызды фактор екені айтылды. Қоғамдық кеңестің мүшесі Балжан Досмұхамбетова облыста газ инспекциясын құру қажеттігін айтты. Алайда, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мамандары қала мен аудандардағы тұрғын үй инспекциясында газ инспекциясының жұмысын атқарып отырған маман бар екенін алға тартты. Бұл мәселе алдағы уақытта заңдық негізде қаралып, нақты мәмілеге келу жайы сөз болмақ. Жиында су тарифінің көтерілуі мүмкін екендігі де айтылды. «Атырау облысы су арнасы» коммуналды мемлекеттік кәсіпорнының экономисі Бауыржан Шомаев «Монополист» базасында барлық мәлімет ашық, қолжетімді екенін атады. Ол дәл қазіргі уақытта тарифтің қаншаға және қашан өсетіні туралы айта алмайтынын да жеткізді. Кәсіпорынға қарасты желілердің ескіргенін, көбінің 40, 50 тіпті 60 жылдан бері қолданылып келе жатқанын баяндаған мекеме өкілі бүгінгі тарифтің тек «жыртықты жамауға» ғана жететінін атап өтті.
Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Әлібек Төлептің айтуынша, «тариф көтеріледі» деп үрейге берілудің қажеті жоқ. Өйткені, шешім монополист мекеме тарифті көтеру себебін нақты фактілермен дәлелдегеннен кейін ғана қабылданбақ. Күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігін атаған облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мақсым Ізбасов бұқара пікірін ескеру, қоғамдық кеңестің ұсыныс-пікірлері, сауалдарына жауап беру маңызды екенін айтып, тариф көтерілсе, соған сәйкесті жұмыс көрсету деңгейі де артуы қажеттігін жеткізді. Заманауи әдіс, құрылғыларды қолдану – қазіргі талап екенін атап, халық үшін сапалы қызмет ұсынылуы – ең басты меже екенін атады. Қорытындысында кеңестің келесі отырыстарына жауапты сала мамандарының бірінші басшылары қатысуы керектігін қаперге берді.