Алдымен ол облыстық дін істері басқармасының Ақпараттық талдау орталығында болып, имамдармен кездесті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев пен Ақпараттық талдау орталығының басшысы Рүстем Сейітқалиев және имамдар қатысты.
Жиында бүгінде дін саласында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Атырау облыстық «Иманғали» мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының айтуынша, алдағы 5-7 жылда облыста 25 мешіт салу жоспарлануда. Оның төртеуі Атырау қаласында бой көтереді. Қалған мешіттер құлшылық үйі жоқ ауылдарда салынады.
Қазіргі таңда мешіттердің нақты салынатын орындары бекітілді.
Бұдан басқа, облыста қарилар дайындау орталығын және медресе салу жоспарланды.
Облыстағы дін саласының бүгінгі тынысымен танысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева пандемия жағдайында халықтың рухын көтеріп, сақтық шараларына бейжай қарамай, біртұтас ұлт екенімізді дәлелдей түскені үшін облыс имамдарының жұмысы зор екенін басым айтты.
– Қашанда басты құндылық – адамның өмірі. Сондықтан, қай кезеңде де адамның саулығын сақтау маңызды. Осы тұрғыда мешіттерде жұма намазына әзірге рұқсат жоқ. Бұл біздің құндылықтардан алыстағанымыз емес, халықты қауіпті індеттен қорғаудың жолы екенін ұғыну керек,- деді Аида Ғалымқызы.
Сондай-ақ, министр өз сөзінде бүгінде дін саласының қызметкерлеріне дәстүр мен ғұрыпты кеңінен дәріптеу маңызды екенін басым айтты.
«Қазір дін саласында танымдық дүниелер аз. Руханиятты дамыту үшін кітаптарды саралап, жетілдіріп, қайта жасақтау керек. Қоғамға пайдалы танымдық дүниелерді көбірек ұсыну керек. Әсіресе, жас ата-аналар мен балалар үшін танымдық бағыттағы дүниелерді кеңінен ұйымдастыру керек. Кітап етіп жазылса, оның заманға сай форматтарын да ойластырған жөн, әрі қолжетімді болуы маңызды. Теологтарды тәрбиелеп, оқытып шығару керек. Қайткен күнде де қоғамда діни сауатсыздыққа бой алдырмаудың жолын табу маңызды» деді А.Балаева.
***
Содан соң министр «Мөлдір көз» қоғамдық бірлестігінде болып, өмірге деген ерік-жігері мықты жандардың қоғамға тигізіп жатқан игі істерімен танысты.
«Мөлдір көз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жолдасқали Ғұмаровтың айтуынша, ғимаратта 13 түрлі тағам ұсынатын цех жұмыс жасауда. Екі «Газель» автокөлігі алынған. Алдағы уақытта бұл көліктермен инватакси жұмысы ұйымдастырылады.
– Облыста 22 мың мүмкіндігі шектеулі жан болса, оның 9 мыңы – зағип жандар. Аталған бірлестіктің мүшелігінде 180 адам бар. Олармен бірлесе жасалып жатқан жұмыс аз емес. Мақсат пен жоспар да көп. Алдағы уақытта осы нысаннан арнайы кітапхана ашу ойда бар. Орталықтың жұмысын ұлғайтсам деймін,- деді Ж.Ғұмаров.
***
Сапар соңында Аида Ғалымқызы «Азаматтық орталықта» болып, өзі үшін емес, қоғам мүддесі үшін атсалысып жүрген волонтерлермен кездесті.
– Былтыр пандемия орын алып, елде қанша қиын жағдай туындаса да, волонтерлер үлкен игі істің ортасынан табыла білді. Бұл індет қоғамдағы мейірімділік, қамқорлық, қайырымдылық қасиеттерді арттырды. Осындай құны бағалы игі істерімен ерекше көзге түскен сіздердің еңбектеріңіз зор. Бұл сіздердің ерік-жігеріңіздің мықтылығын дәлелдейді. Еріктілер қозғалысы – үлкен күш. Оларды мемлекет қашанда қолдайды. Сіздердің қоғам алдындағы мұндай жауапкершіліктеріңізге ризамыз, – деді А.Балаева.
Басқосуда бірқатар ой-пікірлер айтылып, ұсыныстар ортаға салынды. Бүгінде облыста 600-ге жуық волонтер бар. Оның ішінде ең үлкені – 61 жаста болса, ең кішісі – 14 жаста. Жас волонтерлер үшін психологиялық тұрғыдағы тренингтер ұйымдастырылса деген ұсыныс айтылып, министр мұндай қолдау қолға алынатынын жеткізді.
Сондай-ақ, облыста көмекке мұқтаж, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың тізімі жазылған арнайы база жасақтау қажеттігі айтылды.