«Сау тіс сұлулықтың ғана емес, денсаулықтың да кепілі. Мен мұны аузымдағы тістерім сирегенде бір-ақ түсіндім. Не дұрыс тамақтанудан, не емін-еркін сөйлеп, күлуден қалдым. Жас кезімде тіс сәл ауыра қалса оны емдетіп, сақтап қалудың орнына бірден жұлдыртып тастайтынмын. Дәрігерлер де оның дұрыс емес екенін айтқан емес. Тұрмысқа шығып, дүниеге үш сәбиім келді. Сол сәтте де тісімнің сапасы нашарлай берді. Бас-аяғы он жыл уақыт аралығында санаулы тіспен қалдым. Емдету ақшасын қымбат көріп жүргенімде, жасанды тіс (имплант) салдырудың тіптен қолжетімсіз екенін білмеппін. Ақыры, 8 имплант, өзге тістеріме салынатын тіс қаптамалар (коронка) мен емдету жұмысы барлығы 1 850 000 теңгеге шықты. Ең қиыны, мұны айлығым аз болғандықтан, банктен несие алып жасатып жатырмын…»
Бұл – 145 000 теңге жалақы алатын мемлекеттік мекеме қызметкері Эльмира Базарбаеваның сөзі. Жалақысы аз болғандықтан артық қаржысы жоқ. Зейнетақы қорындағы жинағы да мардымсыз, ол «тіс салдырып, емдетемін» деп енді бес жыл айына 45 000 теңге несие төлейді. «Өйтпеске амалым қалмады» деп ағынан жарылған келіншек тіс емдетудің осыншалықты қымбат тұратынын айтып, мәселе көтерді.
– Несін жасырайын, осылай несие алдым. Бұл – бағасын орташа есеппен шығарған жекеменшік тіс емханасының құны. Бағаны көре тұра, шешімді бірден қабылдаған жоқпын. Бір жылдай ойланып барып, басқа амалым қалмаған соң бардым. Сапалы емдейтінін естіп, өзгелеріне де жолығып көрдім. Бұл бұл ма, өзім қалаған тіс емханасы қызмет құны 4 500 000 теңгеге шығатынын айтып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Әр істі басыңа түскенде білесің. Ем-шара әлі біткен жоқ. Әзірге жасанды тіс шегелерін ғана орнатып қойды. Ол әбден орнығып кеткенше, бір жыл сегіз ай уақыт берді. Содан соң ғана тіс салу процесін аяқтайды. Енді соны күтіп жүрмін. Қарапайым қызметкер ретінде бұл қаражатты өтеудің өзі оңай тиіп жатқан жоқ, – дейді ол.
Эльмираның сөзінің жаны бар. Тіс емдетудің әлегімен жүргендер аз емес. Тұрғындардың сөзінше, тіс емдетудің құны расымен де шарықтап тұр. Сондықтан Эльмира секілді жандарды қаржыға сауатты адамдар «қит етсе, несие алады» деп кінәлай да алмас. Халықтың несиені ермек үшін емес, амалсыздықтан алатынын осыдан-ақ көруге болар. Ендеше, бұдан басқа қандай жолы бар еді?
Әу баста «адамдардың емделу құнын өтейді» деп құрылған медициналық сақтандыру қоры арқылы жеке емханалардан тісті тегін емдетуге бола ма?
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Сағынбек Ароновтың айтуынша, МӘМС бойынша қызмет көрсететін мекемелердің тізімі Қордың сайтында бар. Емханадан жолдама алып, әлекке де түспейсіз.
– Тісті емдету сақтандырылған азаматтардың бәріне бірдей тиісілі емес. Тек жеңілдік берілген тұлғалар ғана жоспарлы және шұғыл түрде қызмет ала алады. Көмек алу үшін МӘМС бойынша қызмет көрсететін стоматологиялық клиникаға жүгіну қажет. Яғни, клиника Қормен келісім-шартқа отырған жеткізуші болуы шарт. Ал, клиникалар меншік түріне қарамастан, жеткізуші бола алады. Яғни, емделуші тіркелген емханаға да, қордың әлеуетті жеткізушісі болып табылатын жекеменшік стоматологияға да жүгіне алады, – деді Сағынбек Жеңісұлы.
Білуімізше, сақтандыру қоры арқылы шұғыл стамотологиялық көмекті (тіс жұлу және химиялық пломба орнату) жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балалар, Ұлы Отан соғысына қатысушылар, мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және жасына байланысты зейнеткерлер ала алады. Ал, 18 жасқа дейінгі балалардың тісін шұғыл түрде де, жоспарлы түрде де емдетуге мүмкіндік бар.
– Қазір МӘМС жүйесінде 6 миллион 549 мың бала сақтандырылған. Осының арқасында балалар сақтандыру пакетінде медициналық көмектің кеңейтілген тізімін пайдалана алады. Биыл 5 жасқа дейінгі балаларға профилактикалық тексеру жасауға 12 миллиард теңге бөлінген. Сәуірге дейін балаларға 3,6 млрд. теңгеге скринингтік зерттеу жүргізілді, – деді С.Аронов.
Біздің түсінуімізше, медициналық сақтандыру қоры арқылы белгілі бір санаттағы адамдар ғана тіс емханаларына тегін қаралады. Қызметтің бұл түрі кез-келген адам үшін қолжетімсіз. Десек те тіс емдетуің тағы бір тиімді жолы бар. Ол – зейнетақы жинағы арқылы емделу. Бірақ онда да тек протездеу мен имплантациялау үшін.
Статистикаға сүйенсек, емге деп алынған ақшаның басым бөлігі стоматологиялық клиникалардың шотына аударылған. Атыраулықтар стаматологтың бір қабылдауына орта есеппен 22 000 мың теңгеге жуық ақша жұмсайды. Басым бөлігі тіс жегісін (кариес) емдетеді. Тіске брекет орнатудың құны – 80 000-2 000 000 теңге аралығында. Соңғы жылдары танымал бола бастаған винир құны да қымбат. Ал, егде жастағы адамдар үшін аса қажеттісі – тісті протездеу. Мұның құны да сапасына қарай 60 мың теңгеден жоғары.
Қаладағы жекеменшік емханалардың қызмет құнын саралай отырып, қызмет көрсету прейскуранты дәрігерге, оның имиджі мен клиниканың өзіне байланысты екендігіне көз жеткіздік. Ал, санаулы уақыттағы қазақстандықтардың зейнетақы қорынан емделуге жұмсаған қаржысы бірнеше миллиард теңгені құрайды. Оның 80 пайыздан астамы стоматологиялық клиникалардың шотына түскен.
Зейнетақы жинағы арқылы тісін емдеткендердің бірі – Күләш Жолдиева. Өзі бірнеше жыл медицина саласында жұмыс жасаған ол шекті сомадан артық жинақ қаржысын жекеменшік клиникаға аудартып, протез жасатқан.
– Бұл бір пайдалы іс болды. Зейнетақы жинағы арқылы тіс емдету көптеген адамның кәдесіне жарап жатыр. Тіс салдыру қомақты қаржы тұратындықтан, оған кез-келгеннің жағдайы көтере бермейді. Сондықтан, мұндай мүмкіндікті жіберіп алғым келмеді. Қалтамнан еш қаражат шыққан жоқ. Барлығын да зейнетақы қорындағы жинағым арқылы төледім. Ақ маржан тіс ажарың ғой, – дейді пациент.
Тіс емдеу – медициналық қызметтің ең қымбат түрі. Әсіресе, тістің ерте жастан бұзылуы қоғамдағы басты мәселенің біріне айналып барады. Ал, мамандар «ең дұрысы тіске дұрыс күтім жасау керек» деп дабыл қағады.
Атырау облысы балалар стоматологиялық емханасының директоры, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас стоматологі Нұргүл Намазғалиева адамдардың тіс емдетуде қиындыққа тап болу себебін тіс күтіміне салғырт қараумен байланыстырды.
– Республика денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас стоматологі Назым Бектұрғанова стоматологиялық аурулардың алдын алу бағдарламасы керек екенін айтып, проблема ретінде көтеріп жүр. Мәселе онымен тынбайды, ауыз қуысы гигиенасына баланы жастай үйретуіміз керек. Көпшілік «тіс күтімі» деп жатады, «ауыз қуысының күтімі» дегеніміз дұрыс болар. Ал, жалпы ауыз қуысы ауруларының алдын алуды анасының жүктілігі кезінде қолға алған жөн. Оны жаңа туған сәби кезінен бастаған дұрыс. Ол үшін арнайы саусаққа киетін резинкалармен (напаличники), болмаса сұқ саусаққа дәкі байлап, сүртіп алған жөн, – дейді Нұргүл Сатанқызы.
Дәрігердің айтуынша, облыстық балалар стоматологиялық емханасында жылына 70 мыңға жуық балаға қызмет көрсетіледі. Соның 80 пайыздан астамы тіс жегісінің асқынған түріне шалдыққан.
Нұргүл НАМАЗҒАЛИЕВА, Атырау облысы балалар стоматологиялық емханасының директоры:
– Ауыз қуысы гигиенасына баланы жастай үйретуіміз керек. Сәби кішкентайынан үйренсе, тіс щеткасын пайдаланғанда лоқсу, басқа да қолайсыздықты сезінбейді. Сәби тіс щеткасын өз бетімен ұстай алғаннан бастап, ауыз қуысын тазалауға тіс ұнтақтарын қолданған дұрыс. Тіс пастасы сияқты көпірмейді, бала қақалмайды.