СОҢҒЫ КЕЗДЕРІ АТЫРАУ ӨҢІРІНДЕ ЖЕЛ ҮП ЕТСЕ БОЛДЫ, КӨК АЛА ШАҢНАН КӨЗ АША АЛМАЙТЫН ҚИЫН ЖАҒДАЙҒА ТАП БОЛДЫҚ. БІР КӨТЕРІЛСЕ, КӨПКЕ ДЕЙІН БАСЫЛА ҚОЙМАЙТЫН БҰЛ ШАҢНЫҢ КӘДІМГІ КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ОРНЫНДАҒЫ СОРТАҢ ҚҰМ ЕКЕНІН ЕКІНІҢ БІРІ БІЛЕ БЕРМЕУІ МҮМКІН...
Құмды күреп жүр...
Исатай аудандық мəслихатының депутаты Жасұлан Құлғалиев күнде көзбен көріп жүрген жағдайды күлбілтесіз баяндады.
– Аудан аумағындағы Каспий теңізінің суы 20-30 шақырым шамасында тартылып кетті. Теңіз орнындағы топырақ желді күндері көтеріліп, құмды көшкін ауылға қарай жылжып келеді. Бұрын «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Салтанат Балғымбаев, Оңтүстік-батыс жəне Оңтүстік-шығыс Қамысты кен алаңдарының арасына теңіз соғып тұратын. Қазір бұл жерді құм басып қалды. Теңіз бағытынан жел тұрса, көз көрсетпес топырақ боран соғуының себебі осында жатыр. Егер осылай жалғаса берсе, бұл аумақтан 15-20 шақырым қашықтағы Аққыстау мен Тұщықұдық ауылдары да құмның астында қалуы əбден мүмкін. Өйткені, климатымызға сəйкес жел көбінесе шығыстан, яғни теңіз бағытынан ауылға қарай соғады, – дейді депутат.
Оның сөзі айна-қатесіз орынды. Егер кен алаңдары арасындағы тасжолды көміп тастайтын кəдімгі еспе құмды арнаулы техникамен əлсін-əлсін аршып отырмаса, автокөліктің жүруіне де қиындық туындап тұр. Бұл жергілікті тұрғындарға аян.
Теңіз тартыла бере ме?
Айдан анық, Каспий теңізінің деңгейі соңғы бір-екі жылда күрт төмендеді. Бірақ, оның себебін түсіндіріп берер жан бар ма? Бұрын-соңды мұндай табиғи құбылыс болды ма? Жыл санап қашықтап бара жатқан теңіз суының қайтадан қалпына келуі мүмкін бе? Осы сұрақтарға жауап іздеп, «жығылсаң, нардан жығыл» демекші, республика Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігіне хабарласып көрдік. Ведомствоның баспасөз қызметі берген мəліметтерге қарағанда, теңіз деңгейінің құбылмалылығы қалыпты құбылыс көрінеді.
Статистика бойынша теңіздегі су деңгейі көпжылдық, жыларалық жəне маусымдық ауытқуларға ұшырап отырады екен. Мысалы, 1900- 2020 жылдар аралығындағы жүйелі бақылау арқылы Каспий суы –25,74 метрден бастап –29,01 метрге дейін (суретте) өзгерген. «1978-1995 жылдар аралығында Каспий теңізі деңгейі қарқынды көтерілді. Осы уақыт ішінде теңіз 2,5 метрге артып, 1995 жылға қарай минус 26,62 метрге жетті. Осы кезеңдегі деңгейдің орташа көтерілу қарқыны жылына шамамен 14 см, ал кейбір жылдары 36 сантиметрге дейін жетті» деп көрсетілген Каспий теңізінің гидрометеорологиялық сипаттамалар мониторингінде. Ондағы статистика бойынша 1995 жылы теңіздің көтерілуі баяулаған. Ал, 2006 жылдан бастап қарт Каспийдің деңгейі төмендепті.
– 2020 жылы оның белгісі –28,23 метр шамасында болды. Ғалымдар бұл үрдіс жалғасады деп болжайды. Каспий теңізінің тарихына қарағанда, теңіз деңгейінің –28,5 метрге дейін төмендеуі оның экожүйесі үшін де, теңіз экономикасы үшін де дағдарыстық болып табылады, – дейді министрліктің қоғаммен байланыс департаментінің өкілі Аслан Жеңісов.
Бұл бұрын да болған еді... Тəжірибеге үңілсек, бұған дейін де теңіз деңгейінің құлдырау кезеңдері болыпты. Сол кезде табиғаттың мұндай құбылысы қоршаған орта мен елдің тұрмыс жағдайына қалай жəне қаншалықты əсер еткенін де сараптап көргенбіз. Каспий теңізінде судың ең ұзақ мерзімге төмендеуі 1930-1977 жылдар аралығында болған екен. Соның салдарынан жерасты суының деңгейі төмендеп, теңіз жағалауы шөлейттенген.
Ал, теңіз флоты мен балық шаруашылығының тиімділігіне кері əсер еткендіктен, балықтың бағалы тұқымдары, əсіресе бекіре мен шоқырды аулау көрсеткіші күрт төмендепті. Балық пен жем-шөп алқаптарының жартысына жуығы жойылып, Каспийдің терістігінде судың тұздылығы артқан. Еділ-Каспий теңіз кеме қатынасы каналы да тайыздап, кемелер қайырлай бастайды. Теңіздің деңгейі 1978 жылдан бастап қайтадан көтеріліп, жағалаудағы елді мекендер мен жайылымдық жəне шабындық алқаптарды су басу қаупі туындайды. Соның нəтижесінде өңірдегі табиғи əлеуметтік-экономикалық жəне экологиялық жағдайлар біртіндеп өзгере бастады.
Ал, 2006-2020 жылдар аралығында Каспий теңізінің аумағында тағы проблема туындады. Зерттеуге қарағанда, осы кезеңде бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда ең аз жауын-шашын түсті, керісінше булану процесінің қарқыны артқан. Сондай-ақ Еділ өзеніндегі судың азайғаны Каспийдің деңгейіне де əжептəуір əсер етті. Мамандар мұның басты себебін климаттың жылынуынан көріп отыр. Каспий теңізі деңгейінің жоғары немесе төмен болуы бұрын да болған жəне ол ұзақ мерзімді табиғи циклдік сипатқа ие. – Каспийдің соңғы жылдардағы жағдайына ғаламдық жылыну процесі де ықпал ете бастады, – дейді министрлік өкілі Аслан Жеңісұлы.
Министрліктен алған теңіздің гидрометеорологиялық сипаттамалар мониторингіндегі тағы бір мəліметті көзіміз шалды. Мысалы, Ре сей Гидрометорталығының бюллетені бойынша Каспийдің биылғы орташа деңгейі былтырғыға қарағанда 12- 17 см төмен, яғни –28,41 метр деп көрсетілген. Бұған сүйенсек, теңіздің жағдайы жақын арада жақсармайтын секілді. Егер шұғыл əрі нақты шара қолға алынбаса, экологиялық ахуал да жақсара қоймас...
Жол картасы және Жайықтың жайы
Экологтар теңіз деңгейінің төмендеуін оған құятын өзен суларының азаюымен түсіндіреді. Мəселен, негізгі күретамыр – Еділ мен Жайық та таздың басындай ойылып қалды. Оның сан тарау себебінің қайсыбірін айтып тауысарсыз?! Жағымды жаңалық – Жайық өзені бассейніндегі су жағдайын жақсарту жөнінде шаралар қабылдау үшін Ресей Федерациясымен «Жайық өзенінің гидрологиялық режиміне бірлескен зерттеулер жүргізу туралы» уағдаластыққа қол жеткен. Осының негізінде «ірі өзендер бассейндерінде зерттеулер жүргізу бойынша ынтымақтастықты жандандырудың Бірыңғай жол картасы» жəне оның тармақтарының орындалу мерзімдері мен ұйымдастыру нысандарын нақтылау жəне іс-шараларды жүзеге асырудың жұмыс кестесі бекітілді. Республика Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігінің Трансшекаралық өзендер департаментінің ақпаратында осылай көрсетілген.
Қазір қазақстандық және ресейлік сарапшылар бірыңғай жол картасын жүзеге асырудың қамына кіріскен көрінеді. Егер бұл бастама іске асса, Жайық өзенінің гидрологиялық режимі мен экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған бірлескен шаралардың қатары еселене түспекші.
СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?
Сəлімжан НАҚПАЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжілісінің депутаты:
– Жайық, Ойыл, Жем, Сағыз өзендері деңгейінің төмендеуінен елге келетін қиындықтар туралы жылдың басында көтерілген еді. Қазан айында Үкіметке Мəжілістің пленарлық отырысында атыраулық депутаттардың атынан тағы да депутаттық сауал жолданды. Осы жолы Ойыл өзені бойынша тиісті жұмыстардың өз дəрежесінде атқарылмай жатқаны, бөгеттердің алынбауы, жергілікті атқарушы органдардың əлі іске кіріспегені айтылды. Ал, Жайық өзенінде су деңгейінің апатты мөлшерге түсіп кетуі бойынша 2020 жылғы желтоқсанда құрылған Ресей-Қазақстан үкіметаралық комиссиясы жұмысының қорытындысын жария етуді сұрадық. Енді оның жауабын күтіп отырмыз. Рас, Каспий теңізі деңгейінің осыншалық төмендеуі түбегейлі зерттеуді қажет етеді. Ол табиғи, антропогендік себептен болуы да мүмкін. Теңізге құятын өзендердің ішіндегі ең ірісі – Еділ өзенінде де судың жер астынан өніп шығуы азайған. Жайықтың суалуына да негізгі себеп сол. Жалпы дүние жүзіндегі су тапшылығының негізгі себебі – климаттың өзгеруінен. Өзендер бұрынғы деңгейде суды теңізге құймайды. Жауын-шашын азайып, булану көбейді. Сонымен қатар, теңізасты қабаттарында қандай табиғи құбылыстар болып жатыр?! Оны ешкім зерттеген жоқ. Осының барлығы назардан тыс қалмауы тиіс. Каспий теңізінің бірнеше ондаған жылдар бойы тартылып кетіп, қайтадан көтерілуі бұған дейін де болған. Оны естіп, біліп жүрміз. Қарт Каспий сондай бір кезеңді бастан кешіп жатқан болуы да мүмкін. «Қайтадан өз деңгейіне келеді» деп үміттенеміз. Қалай болғанда да, теңізге терең ғылыми зерттеу жұмыстары керек!..