RSS лента

Заң факультеті - құқықтық білім ордасы

  • 13.02.2026, 00:43,
  • 33
  • 0
  • Автор:

    Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультеті-еліміздің құқықтық білім беру жүйесіндегі іргелі әрі беделді құрылымдардың бірі.

Факультет елімізде құқықтық мемлекет қалыптастыру ісіне сүбелі үлес қосып, кәсіби заңгерлерді, мемлекеттік қызметшілерді, судьялар мен адвокаттарды, құқық қорғау саласының мамандарын даярлап келеді. Терең академиялық дәстүр мен заманауи білім беру технологиялары тоғысқан бұл факультет-ұлттық құқық ғылымының дамуына серпін беретін жетекші орталық.Заң факультетінің басты миссиясы-жоғары кәсіби білімі бар, құқықтық мәдениеті қалыптасқан, азаматтық жауапкершілігі жоғары мамандар даярлау. Бүгінгі таңда құқық саласына қойылатын талаптар артып отыр. Қоғамдық қатынастардың күрделенуі, цифрландыру үдерісі, халықаралық құқықтық байланыстардың кеңеюі заңгерлерден жан-жақты білім мен аналитикалық ойлауды талап етеді. Осы тұрғыда факультет оқу бағдарламаларын үнемі жаңартып, заманауи талаптарға бейімдеп келеді.Факультетте бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде білім беру жүзеге асырылады. Азаматтық құқық, қылмыстық құқық, конституциялық және әкімшілік құқық, халықаралық құқық, қаржы және салық құқығы, еңбек құқығы секілді бағыттар бойынша мамандар даярланады. Әрбір білім беру бағдарламасы теориялық білім мен тәжірибелік дағдыларды ұштастыруға бағытталған.Оқу үдерісінде тәжірибеге ерекше көңіл бөлінеді. Студенттер сот органдарында, прокуратурада, адвокатурада, нотариатта, мемлекеттік басқару мекемелерінде өндірістік және оқу тәжірибесінен өтеді. Бұл олардың кәсіби ортаға бейімделуіне және болашақ қызметіне дайын болуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар факультет жанындағы заң клиникасы студенттердің нақты құқықтық жағдайлармен жұмыс істеуіне жағдай жасап, азаматтарға тегін заң көмегін көрсетуге мүмкіндік береді.

 

    Ғылыми-зерттеу жұмыстары факультет қызметінің маңызды бағыты болып табылады. Профессор-оқытушылар құрамы конституциялық реформалар, құқық қолдану практикасы, адам құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат, әкімшілік әділет және цифрлық құқық салаларында зерттеулер жүргізеді. Ғылыми мақалалар халықаралық және республикалық басылымдарда жарияланып, ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Факультет халықаралық ынтымақтастықты дамытуға да басымдық береді. Шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламалары, академиялық ұтқырлық жобалары және халықаралық конференциялар құқықтық білімнің жаһандық деңгейде дамуына ықпал етеді. Студенттер шетелдік университеттерде білім алу арқылы халықаралық тәжірибемен танысып, кәсіби көкжиегін кеңейтеді.Заң факультетінің тағы бір маңызды ерекшелігі-құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік жұмыс. Студенттер құқықтық ағарту шараларына, дебат турнирлеріне, ғылыми байқауларға және қоғамдық бастамаларға белсенді қатысады.

 

      Факультет түлектері еліміздің құқықтық жүйесінде маңызды орын алады. Олар сот органдарында, прокуратурада, мемлекеттік қызметте, жеке секторда, халықаралық ұйымдарда табысты еңбек етуде. Көптеген түлектер құқық ғылымының дамуына үлес қосып, академиялық салада қызмет атқарады. Бүгінде Заң факультеті тек білім берумен шектелмей, қоғамдағы өзекті құқықтық мәселелерді талқылайтын интеллектуалдық алаңға айналған. Конституциялық реформалар, адам құқықтары, цифрлық трансформация, құқықтық саясат мәселелері тұрақты түрде талқыланып, ғылыми тұрғыдан зерделенеді. Білім ордамыз құқықтық мемлекеттің берік іргетасын қалайтын кәсіби мамандарды даярлайтын жетекші орталық. Терең білім, ғылыми ізденіс және азаматтық жауапкершілік қағидаттарын ұстанған факультет еліміздің құқықтық дамуына әрі қарай да үлес қоса беретіні сөзсіз. Заң факультеті-әділдік пен заң үстемдігін ту еткен болашақ көшбасшылардың ордасы.

 

Бисенова М.Қ.
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ Заң факультеті қылмыстық

құқық, қылмыстық іс жүргізу және

криминалистика кафедрасының доценті, з.ғ.к

 

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости