Қазіргі кезеңде заң саласы үнемі жаңарып, күрделеніп келеді. Қоғамдық қатынастардың цифрлануы, халықаралық құқықтық ықпалдастықтың артуы, мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформалар құқық мамандарына қойылатын талаптарды күшейтуде. Осыған орай факультет оқу бағдарламаларын заман талабына сай жетілдіріп, теория мен тәжірибені үйлестіре отырып білім беруді басты басымдық ретінде қарастырады.Факультет құрамында азаматтық құқық, қылмыстық құқық, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық, халықаралық құқық бағыттары бойынша кафедралар жұмыс істейді. Әрбір бағыт құқық ғылымының белгілі бір саласын тереңдетіп оқытуға бағытталған. Студенттер құқықтық нормаларды жаттап қана қоймай, оларды талдау, құқық қолдану тәжірибесін саралау, заңнаманы жетілдіру жолдарын ұсыну дағдыларын меңгереді.Оқу үдерісінде тәжірибелік даярлыққа ерекше көңіл бөлінеді. Студенттер сот органдарында, прокуратурада, мемлекеттік мекемелерде, адвокаттық және нотариалдық құрылымдарда тәжірибеден өтеді. Бұл болашақ заңгерлердің кәсіби ортаға бейімделуіне, құқық қолдану механизмін терең түсінуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар факультет жанындағы заң клиникасы арқылы студенттер азаматтарға тегін құқықтық кеңес беріп, практикалық тәжірибе жинақтайды.Ғылыми қызмет факультет жұмысының маңызды құрамдас бөлігі. Профессор-оқытушылар құрамы конституциялық реформалар, адам құқықтарын қорғау, әкімшілік әділет, қылмыстық саясат, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық тетіктер сияқты өзекті тақырыптарда зерттеулер жүргізеді. Ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер мен пікірталастар студенттердің де ғылыми ізденіске белсенді қатысуына жол ашады.Факультет халықаралық байланыстарды дамытуға да ерекше назар аударады. Шетелдік жоғары оқу орындарымен серіктестік аясында академиялық ұтқырлық бағдарламалары жүзеге асырылады. Осы қадам студенттер мен оқытушыларға халықаралық тәжірибе алмасуға, құқық жүйелерін салыстырмалы тұрғыда зерттеуге мүмкіндік береді.Тәрбиелік және қоғамдық жұмыс та факультет өмірінің ажырамас бөлігі. Студенттер құқықтық ағарту шараларына, дебат турнирлеріне, ғылыми жобаларға, қоғамдық бастамаларға белсенді қатысады. Мұндай белсенділік олардың азаматтық позициясын нығайтып, көшбасшылық қабілеттерін дамытады.
Заң факультетінің түлектері еліміздің сот жүйесінде, құқық қорғау органдарында, мемлекеттік басқару саласында, жеке секторда және халықаралық ұйымдарда табысты қызмет атқарып жүр. Алдағы жылдары факультет заманауи білім беру технологияларын енгізіп, халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісін жалғастыра бермек.
Заң факультеті-құқықтық білім мен ғылыми ізденістің, кәсібилік пен азаматтық жауапкершіліктің тоғысқан ортасы. Факультет қабырғасында қалыптасқан білім мен құндылықтар болашақ заңгерлердің әділдік пен заң үстемдігін ту етіп, ел дамуына қызмет етуіне берік негіз қалайды.
Атаханова Г.М
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика
кафедрасының профессоры

