Бұл мақсаттың негізгі мазмұны әлемдегі әрбір елдің ішінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әділдікті нығайту, заң үстемдігін орнату және тиімді мемлекеттік институттардың қызметін жетілдірумен тікелей байланысты. Қоғамда тұрақтылық пен әділдік орнамайынша экономикалық даму да, әлеуметтік өркендеу де, экологиялық тепе-теңдік те өз нәтижесін бере алмайды. Сондықтан 16-мақсат – адамзаттың болашағына бағытталған маңызды жаһандық бастама.Бейбітшілік-елдің саяси және әлеуметтік тұрақтылығының негізгі тірегі. Қақтығыстар мен тұрақсыздық қоғамның дамуын тежеп, экономикалық шығын келтіреді, халықтың әл-ауқатын төмендетеді. Сондықтан мемлекеттер қақтығыстардың алдын алу, қоғамдық келісімді сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде жүйелі шаралар қабылдауы қажет. Әділдік пен заң үстемдігі де ұзақмерзімді дамудың басты негізі саналады. Заң барлық азаматқа бірдей қызмет еткенде ғана қоғамда сенім қалыптасады. Әділ сот жүйесі, ашық мемлекеттік саясат, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді тетіктер-осы мақсатты орындауға жетелейтін маңызды қадамдар.
Еліміз де бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарып келеді. Соңғы жылдары елде құқықтық реформалар жүргізіліп, сот жүйесін жаңғырту, мемлекеттік басқаруды ашық ету, құқық қорғау органдарының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Бұл бастамалар халықаралық стандарттарға бейімделген құқықтық мемлекет қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әрбір азаматтың құқығын қорғау, әділдікке қол жеткізуіне жағдай жасау-ұлттық саясаттың басым бағыттарының бірі.Осы маңызды мақсатты жүзеге асыруға еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі-Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультеті де белсенді түрде атсалысып келеді. Факультет студенттердің құқықтық мәдениетін арттыру, әділдік пен заң үстемдігінің мәнін түсіндіру, тұрақты даму идеяларын насихаттау бағытында нақты жұмыстар жүргізуде. Факультетте тұрақты түрде дөңгелек үстелдер, пікірталастар, тренингтер, құқықтық акциялар және ғылыми-тәжірибелік кездесулер өткізіліп, жастардың қоғамдық мәселелерге деген көзқарасы кеңейіп келеді.Білім ордасының студенттері 16-мақсаттың мазмұнын тек теориялық тұрғыда емес, практикалық маңызымен бірге қарастырады. Олар үшін әділдік қағидасы-болашақ кәсіби қызметінің іргетасы. Студенттер құқықтық реформаларға қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолындағы құқықтық тетіктерді талдайды. Әсіресе сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқық қорғау органдарының тиімділігі, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сот жүйесінің әділдігі сияқты мәселелер талқылаудың негізгі тақырыбына айналған.
Университет қабырғасында өткізілетін іс-шаралар жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып қана қоймай, олардың кәсіби қалыптасуына да оң ықпал етеді. Студенттер қоғамдағы өз рөлін түсіне бастайды, әділдік пен тәртіпті сақтаудың маңызын терең сезінеді.
Тиімді институттар құрудың да маңызы зор. Ол тек мемлекеттік басқару құрылымдарымен шектелмейді, оған бизнес, жеке сектор, азаматтық қоғам, медиа және халықаралық ұйымдармен өзара әрекеттесу жүйесі де кіреді. Мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен тиімділігін арттыру, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту, шешім қабылдау процесіне азаматтарды кеңінен тарту-тиімді институттардың негізгі көрсеткіштері. Бұл бағыттар қара шаңырақта студенттеріне жақсы таныс, себебі факультетте басқару жүйелерін құқықтық талдау, мемлекеттік саясаттың ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері үнемі оқытылады.Қорыта айтқанда, БҰҰ-ның 16-мақсаты-әлем халықтарының бейбіт, қауіпсіз және әділ қоғамда өмір сүруіне бағытталған аса маңызды бағдарлама. Бұл мақсатқа жету үшін мемлекеттер, университеттер, қоғамдық ұйымдар және әрбір азамат ортақ күш жұмылдыруы қажет. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультеті осы жолда білімді, адалдыққа берік, құқықтық мәдениеті жоғары жастарды тәрбиелеу арқылы еліміздің тұрақты дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді.
Базилова Айгуль Абаевна,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің қылмыстық құқық қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының аға оқытушысы

