RSS лента

Тоқаев ШЫҰ-ның Энергетикалық стратегиясын келісуді ұсынды

  • 04.07.2023, 13:59,
  • 349
  • 0
  • Автор:
Автор фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды Turantimes.kz Ақордаға сілтеме жасай отырып. 

Президент:

1. ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету. 

Қазақстан төрағалығы аясында «Әділ бейбітшілік пен келісім үшін әлемдік бірлік туралы» бастамасын ұсынбақ. Бұл кешенді құжатта сенім шараларын құру, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау қағидаттары белгіленеді.


2. Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту.

Үкіметтер басшыларының кеңесіне бірлескен Инвестициялық қор құру мүмкіндігін қарастыруды тапсыруды және осы маңызды жоба бойынша ұсыныстар айтуды ұсынамын. Әлемдегі қаржы институттарының үздік тәжірибелерін меңгерген «Астана» халықаралық қаржы орталығы ШЫҰ-ның аймақтық жобаларына тікелей және портфельді инвестиция құюды ынталандыру үшін тиімді платформа бола алады.


3. Энергетикалық ынтымақтастықты нығайту.

Келесі Астана саммитіне дейін ШЫҰ-ның Энергетикалық стратегиясын келісуді ұсынамын. Бұл құжаттың қабылдануы орнықты даму саласындағы БҰҰ Күн тәртібінің мақсаттарын жүзеге асыруға ықпал етеді.


4. Цифрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейту.

Әртүрлі елдер мен әлеуметтік топтар арасындағы «цифрлық алшақтық» өзекті проблемаға айналып отыр. Сондықтан цифрлық теңсіздікті жоспарлы түрде азайту біздің ұйым қызметінде нақты басымдыққа айналуға тиіс.


5. Экология саласындағы өзара байланыстарды нығайту.

Қазақстан қоршаған ортаны қорғау проблемасын шешу үшін күш біріктіруді көздейді. Біз мынадай міндеттерге баса назар аудару қажет деп санаймыз:
▪️ ШЫҰ мен БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы арасында серіктестік байланыс орнату;
▪️ Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді әзірлеу;
▪️ Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және экологиялық туризмді дамыту жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау.

Бұл шаралардың барлығын бүгін қабылданатын Декларацияда бекітілген ШЫҰ-ның Экология жылы аясында ұйымдастыруды ұсынамын.


6. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту.

Ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақстандағы әлемдік маңызы бар осындай киелі орын саналады. ШЫҰ-ның «Алтын Орда және оның мұрасы» атты конференциясы аясында осы ортағасырлық сәулет өнерінің ұлы ескерткішінің таныстырылымын қасиетті Түркістан шаһарында өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай ауқымды шара елдеріміз арасында анағұрлым тығыз гуманитарлық байланыстар орнатуға ықпал ететініне сенімдімін.


Сөз соңында Мемлекет басшысы: "Өзге халықаралық ұйымдардың тәжірибесіне сүйене отырып, ШЫҰ жанынан Тұрақты өкілдер кеңесін құру және оларға мемлекеттеріміздің мүддесін қорғау құзыретін беру маңызды деп санаймын. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Қазақстан елордасы – Астанада өтетін келесі саммитіне қатысуға шақырамын"- деді. 


Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости