Бұл ұғым тек соғыстың жоқтығы ғана емес, ол – адамдардың еркін өмір сүруі, діни сеніміне, мәдениетіне, тілі мен ұлтына құрметпен қарау, әртүрлі пікірлерге төзімділік таныту. Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап, дәл осы қағидаларды басшылыққа ала отырып, әлемге бейбіт өмір мен рухани келісімнің озық үлгісін көрсетіп келе жатқан ел ретінде танылды. Еліміз – көпэтносты және көпконфессиялы қоғам. 130-дан астам ұлт өкілдері мен түрлі діни сенімді ұстанатын азаматтардың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі – бұл кездейсоқтық емес, саналы түрде жүргізілген мемлекеттік саясаттың жемісі. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған «алдымен ел бірлігі, рухани келісім, ішкі тұрақтылық» қағидасы тәуелсіз елдің даму жолындағы басты бағдарға айналды. Қазақстанда түрлі діни конфессиялар мен этностарға заң аясында тең құқықтар берілген. Азаматтар діни сенім бостандығын еркін пайдалана алады. Бұл – еліміздің Конституциясында да нақты көрсетілген. Сонымен қатар, елімізде 3 800-ден астам діни бірлестік заңды тіркеуден өтіп, өз қызметтерін еркін жүзеге асыруда. Бұл – зайырлы мемлекет пен діни кеңістік арасындағы үйлесімді диалогтың, өзара түсіністіктің нәтижесі.
Қазақстанның бейбітсүйгіш саясаты мен рухани келісімге негізделген ұстанымдары халықаралық деңгейде де мойындалды. 2003 жылдан бастап елордамызда тұрақты түрде өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі – соның айқын дәлелі. Бұл форум тек діни диалог алаңы ғана емес, сонымен қатар жаһандық сын-қатерлерге қарсы бірлесіп әрекет етуге шақыратын халықаралық платформаға айналды. Мұндай бастамалар – Қазақстанның бейбітшілікті нақты іспен қолдап келе жатқан ел екенін көрсетеді. Діни келісім мәселесінде мемлекет пен қоғамның өзара түсіністікпен жұмыс істеуі аса маңызды. Дін – әр адамның ішкі рухани әлеміне тиесілі қасиетті кеңістік. Сол себепті дінді дұрыс түсіндіру, әсіресе жастарға оның шынайы құндылықтарын жеткізу – уақыт талабы. Елімізде осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен өзге конфессиялардың жетекші органдары халыққа дәстүрлі діни құндылықтарды жеткізіп, рухани тұрақтылықты сақтау жолында еңбек етуде.
Қазақстанда қалыптасқан рухани келісім моделі – өзара құрметке, түсіністікке және сабырға негізделген. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан дала өркениетінің, қазақ халқының төзімділік пен қонақжайлыққа құрылған дүниетанымының көрінісі. Қазақ халқы ежелден өзге ұлт пен ұлысты жатсынбаған, керісінше, құрметтеп, ортақ шаңырақ астында бейбіт өмір сүрудің озық үлгісін көрсете білген. Тәуелсіздік жылдары еліміздің әр түкпірінде мәдениет үйлері, этноорталықтар, діни ұйымдар, бейбітшілікті насихаттайтын қоғамдық бірлестіктер құрылып, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруға жол ашты. Бұл құрылымдардың барлығы діни төзімділік пен рухани келісімді нығайтатын, ел ішіндегі бірлікті бекемдей түсетін құралға айналды. Жастар – ел болашағы. Сондықтан оларды рухани ізгілікпен, адамгершілік құндылықтармен тәрбиелеу, радикализм мен экстремизмнің ықпалынан қорғау – баршамыздың міндетіміз. Бұл тұрғыда дінтану пәнінің мектеп бағдарламасына енгізілуі, имамдар мен ұстаздардың ағартушылық қызметі, медиа мен әлеуметтік желідегі сапалы контент – жастарды діни және рухани тұрғыда тәрбиелеудің маңызды тетіктері.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің елімізде діни төзімділік пен рухани келісім – мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Бұл – Қазақстан қоғамының басты жетістіктерінің бірі» деп атап көрсеткен болатын. Бұл сөздер ел басшысының рухани қауіпсіздік пен бейбіт өмірге баса назар аударатынын дәлелдейді. Сонымен қатар, Президент жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, ұлттық құндылықтарға сүйенетін жаңа қоғамдық сананы қалыптастыруды маңызды деп есептейді. Бейбітшілік пен келісім – тек мемлекетке қатысты ұғым емес. Ол – әрбір адамның, әрбір отбасының санасында орнығуы тиіс қағидат. Төзімділік, сабырлылық, өзара түсіністік – осындай қасиеттер қоғамда орнықса ғана тұрақтылық сақталады. Діни сенім мен зайырлы мемлекеттің үйлесімді жұмыс істеуі – рухани келісімнің кілті.
Бүгінгі әлемде әртүрлі қақтығыстар мен діни алауыздықтар жиі орын алуда. Осындай жағдайда Қазақстанның бейбіт өмір салты мен діни келісімді сақтаудағы тәжірибесі – өзге елдер үшін де үлгі бола алады. Еліміздің бұл бағыттағы жетістігі – кез келген мемлекеттің басты құндылығы болып табылатын ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етудің нақты жолы. Сондықтан да біз бейбітшіліктің, рухани келісім мен татулықтың бағасын түсініп, оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Бұл тек бүгінгі ұрпақ үшін емес, болашақ ұрпақ үшін де маңызды. Бірлігі бекем, руханияты биік ел ғана жаһандану заманында өз болмысын сақтап, өркениет көшінің алдыңғы қатарынан көріне алады.
Қазақстан – тек табиғи ресурстары мен географиялық орналасуымен емес, рухани келісімімен, бейбітшілік сүйгіш саясаты арқылы да әлемге танылған ел. Бұл жетістікті сақтау – әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы. Себебі бейбіт өмір мен рухани тұрақтылық – ұлттық қауіпсіздіктің де, әлеуметтік дамудың да негізгі тұғыры.