Университеттің стратегиялық бағыты білім беру үдерісін жетілдірумен қатар, қоғам мен табиғатқа жауапкершілікпен қарайтын, әлеуметтік белсенді, экологиялық мәдениеті жоғары тұлғаларды тәрбиелеуге бағытталған.БҰҰ бекіткен Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) - әлемнің 2030 жылға дейінгі дамуының әмбебап бағдарламаcы. Экономикалық, әлеуметтік және экологиялық салаларды қамтитын бұл 17 мақсат бүгінгі қоғамның болашағын айқындайтын негізгі бағыт ретінде қабылданған. Осы тұрғыдан алғанда, ірі ғылыми орталық болып саналатын Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті бұл мақсаттарды іске асыруда еліміздегі жоғары оқу орындарының көшін бастап келеді. Университет қызметінде сапалы білім, ғылым, экология, әлеуметтік жауапкершілік және тиімді басқару қағидалары ТДМ талаптарына толық сәйкес келеді.Оқу ордамыздың білім беру бағдарламалары заманауи талаптармен қатар, тұрақты даму құндылықтарын қамтиды. Жас ұрпақты кәсіби тұрғыда ғана емес, қоршаған ортаға, қоғамға, адамзаттың болашағына бейжай қарамайтын тұлға ретінде қалыптастыру – университет миссиясының маңызды бөлігі. Студенттер әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті маман болумен қатар, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне алатын, азаматтық ұстанымы берік тұлға ретінде тәрбиеленеді.
Университет студенттері тұрақты даму мәселелерін шешуге белсенді қатысып келеді. Олар ғылыми жобаларға, конференцияларға, әлеуметтік акцияларға және экологиялық бастамаларға тұрақты түрде атсалысып, өздерінің білімін тек теория жүзінде емес, нақты іс-әрекет арқылы қолдануға ұмтылады. Университет қабырғасында экология, үнемді тұтыну мәдениеті, энергия үнемдеу, қалдықтарды сұрыптау, жасыл технологияларды пайдалану жөніндегі сан алуан іс-шаралар ұйымдастырылады.Студенттердің бастамасымен «Таза қала» акциялары, ағаш отырғызу, экологиялық сенбіліктер, қайта өңдеу пункттерін дамыту сынды жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар олардың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениет қалыптастыруға әсер етеді. Сонымен бірге энергияны тиімді пайдалану, тұрмыстық қалдықтарды азайту, қайта өңдеу технологияларын енгізу туралы ақпараттық кампаниялар да университет ішінде кең қолдау табуда.
ҚазҰУ-ғылыми зерттеулер саласында да тұрақты даму мақсаттарын терең түсініп, осы бағытта ауқымды жобаларды іске асыратын мекемелердің бірі. Университеттің ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары экология, жасыл экономика, жаңартылатын энергия көздері, әлеуметтік тұрақтылық, инновациялық технологиялар бойынша маңызды ғылыми зерттеулер жүргізуде. Бұл жобалар ғылыми қауымдастыққа ғана емес, қоғамның дамуына да нақты үлес қосуда.
Тұрақты даму мақсаттары университеттің жекелеген кафедраларында да жүйелі түрде іске асырылып келеді. Соның бір-мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы. Кафедра білім беру үдерісін ТДМ талаптарымен ұштастыра отырып, құқықтық тұрақтылық, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік әділдік, экологиялық құқық сияқты бағыттарда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдағы тұрақты даму қағидаларын түсіндіру, экологиялық және әлеуметтік мәселелерге құқықтық тұрғыдан баға беру-кафедраның негізгі міндеттерінің бірі.Бұл кафедрада білім алушыларға тек заң нормалары ғана емес, тұрақты дамуға қатысты жаһандық үрдістердің құқықтық аспектілері де оқытылады. Студенттер әлеуметтік әділдік, еңбек құқықтары, экологиялық қауіпсіздік, табиғатты қорғау саласындағы құқықтық реттеу мәселелерін терең меңгеріп, бұл бағыттағы реформаларға өз ұсыныстарын білдіріп келеді. Бұл-жастардың қоғам өміріне белсенді араласып, тұрақты дамуға үлес қосуға дайын екенінің айғағы.
Жалпы алғанда, ҚазҰУ-дың ТДМ-ды іске асырудағы тәжірибесі елдегі жоғары оқу орындарына үлгі боларлық деңгейде. Университет тек сапалы білімнің орталығы ғана емес, тұрақты даму идеялары жүзеге асатын, жасыл бастамалар мен әлеуметтік жобалар тұрақты дамып отыратын зияткерлік ортаға айналып отыр.Қорытындылай келе, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында ауқымды әрі маңызды жұмыстар атқаруда. Университеттің білім беру, ғылым, экология және әлеуметтік бағыттардағы жетістіктері еліміздің тұрақты дамуына нақты үлес қосады. Қара шаңырақ студенттері мен оқытушыларының бастамалары қоғамның болашағына деген жауапкершілікті күшейтіп, тұрақты әрі әділ қоғам құруға ықпал етуде.
Н.К.Мынбатырова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының заң ғылымдарының кандидаты, доцент
Бауыржан Смайлов,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің 1-курс магистранты

