Заңгер тек заң нормаларын жетік меңгерген маман ғана емес, сонымен қатар жоғары мәдениеті, берік адамгершілік ұстанымы, кәсіби әдебі қалыптасқан тұлға болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, заңгер мәдениеті-құқықтық мемлекеттің іргетасын қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі. Ол заңды құрғақ норма ретінде емес, адам құқығын қорғаудың, әділеттілікті қамтамасыз етудің басты құралы ретінде қабылдаумен өлшенеді.Заңгер мәдениетінің өзегінде құқыққа деген құрмет, әділдікке адалдық және қоғам алдындағы жауапкершілік жатыр. Заңгер қабылдайтын әрбір шешім азаматтардың тағдырына, құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер етеді. Сондықтан кәсіби біліммен қатар, моральдық-этикалық қағидаттарды сақтау заңгер қызметінің басты талабы саналады. Адалдық, бейтараптық, заң алдындағы теңдік, ар-ождан тазалығы – мәдениеті жоғары заңгерге тән қасиеттер.
Бұл құндылықтарды болашақ мамандардың бойына сіңіру ең алдымен жоғары оқу орындарында жүзеге асады. Осы орайда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті заңгер мәдениетін қалыптастыруда ерекше рөл атқарып келеді. Факультет қабырғасында білім беру тек академиялық деңгеймен шектелмей, студенттерді жан-жақты тәрбиелеуге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіледі. Болашақ заңгерлерге құқықтық біліммен қатар кәсіби этика, құқықтық сана, азаматтық жауапкершілік және қоғамға қызмет ету идеялары терең сіңіріледі.Заң факультетінде оқыту үдерісі теория мен тәжірибенің үйлесіміне негізделген. Студенттер дәріс барысында заң нормаларын меңгерумен қатар, нақты өмірлік жағдайларды талдайды, сот процестерін модельдеу, пікірталас пен кейстік тапсырмалар арқылы кәсіби ойлау қабілетін дамытады. Бұл тәсіл болашақ заңгерлерді тек білікті маман ретінде ғана емес, шешім қабылдай алатын, әділдік пен заң үстемдігін ту еткен тұлға ретінде тәрбиелеуге мүмкіндік береді.Факультетте заңгер мәдениетінің маңызды бөлігі саналатын кәсіби қарым-қатынас дағдыларына да ерекше көңіл бөлінеді. Студенттер өз ойын сауатты жеткізуге, құқықтық терминдерді қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіруге, азаматтармен этикалық тұрғыда сөйлесе білуге үйренеді. Бұл-қоғаммен тікелей жұмыс істейтін заңгер үшін аса қажет қасиеттер.
Сонымен қатар факультетте студенттердің азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған тәрбиелік жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Ашық сабақтар, дөңгелек үстелдер, құқықтық ағарту акциялары, әлеуметтік маңызы бар тақырыптардағы пікірталастар арқылы болашақ заңгерлер қоғамдағы өз рөлін терең түсіне бастайды. Бұл шаралар студенттердің құқықтық мәдениетін ғана емес, жалпы адамгершілік құндылықтарын да қалыптастырады.
Қазіргі цифрландыру және ашық ақпарат кезеңінде заңгер мәдениетіне қойылатын талап одан әрі күшейе түсуде. Қоғам заңгердің тек кәсіби қызметіне ғана емес, оның қоғамдық кеңістіктегі мінез-құлқына да баға береді. Осыны ескерген заң факультетінде студенттерге заңгер беделін сақтау, мамандық абыройын түсіну және кәсіби жауапкершілік ұғымдары ерекше мәнмен түсіндіріледі. Бұл-заманауи заңгерді тәрбиелеудің маңызды бөлігі.Қорытындылай келе, заңгер мәдениеті-кәсіби білім мен тәрбиенің, құқықтық сана мен адамгершіліктің үйлескен көрінісі. Бұл мәдениетті қалыптастыру үздіксіз еңбекті, сапалы білімді және мықты тәрбиелік негізді талап етеді. Осы бағытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті болашақ заңгерлерді күшті кәсіби дайындықтан өткен, мәдениеті жоғары, әділеттілікті басты құндылық деп білетін тұлға ретінде тәрбиелеп келеді.
С.Ж.Сулейменова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасының оқытушысы, заң ғылымдарының докторы, профессор

