RSS лента

ТШО: жас мамандар – елдің экономикалық тірегі

  • 16.04.2025, 19:30,
  • 2 848
  • 0
  • Автор:
Автор фото: иллюстратив

«Тұран Таймс» тілшісі Теңіз кен орнында еңбек етіп жүрген жас маман, ДМК қондырғысының операторы Қайрат Жанаевпен сұхбаттасып, оның кәсіби тәжірибесі, Теңізшевройлдағы жұмыс пен жастардың рөлі, Президент жариялаған 2025 – Жұмысшы мамандықтар жылы туралы жан-жақты әңгімесін тыңдады.

– Қайрат, ең алдымен өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. Қайдансыз және еңбек жолыңыз қалай басталды?


– Мен Құлсары қаласының тұрғынымын, бірақ Мұнайлы ауылында дүниеге келгенмін. Бала кезден мұнайшы болуды армандадым. Әкем – Жанаев Ертілеу Байболұлы 1982–2012 жылдары «Жылыоймұнайгаз» басқармасында бұрғылаушы болып жұмыс істеген. Сол үшін мен үшін мұнай өндірісі, технология мен қауіпсіздік мәдениеті бала кезден таныс болды.


2012 жылы гимназияны «Алтын белгімен» аяқтап, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университетіне оқуға түстім. «Мұнай-газ ісі» мамандығын таңдауым да әкемнің тәжірибесіне байланысты болды. Бұл – мен үшін тек білім алу емес, бала кезден бергі арманыма бір қадам болды.


 

– Теңізшевройлға қалай келдіңіз, жұмысқа қабылдану жолыңызды айтып беріңізші.


– Интернеттен бос орындарды қарағанымда, ТШО-ның ресми сайтында жарияланған іріктеулерді көрдім. Түйіндемемді жібердім. Қысқа уақыттан кейін «Адам ресурстарын басқару» бөлімінен қоңырау түсті. Сұхбат пен тестілеуден сүрінбей өтіп, 2020 жылы ДМК қондырғысының операторы ретінде қабылдандым.


Бастапқыда бәрі жаңа, жауапкершілігі өте жоғары болды. Қауіпсіздік ережелерін сақтау – басты міндет. Теңізде әр қадамға аса мұқият болу керек, себебі бір қате бүкіл операцияға әсер етуі мүмкін.


– Үш жыл ішінде қандай тәжірибе жинадыңыз?


– Үш жыл ішінде ең алдымен өзімнің және әріптестерімнің өміріне жауапкершілікпен қарауды үйрендім. Бізге ТШО-да қауіпсіздік ережелері, заманауи техника мен технологияларды дұрыс пайдалану, командалық жұмыс мәдениеті үнемі үйретіледі.


Қазіргі ұжымдағы атмосфера өте қолайлы. Барлық қызметкерлер бір үлкен отбасыдай. Ортақ мақсат үшін бәріміз бірге еңбек етеміз. Бұл бір жағынан мотивацияны арттырады, екінші жағынан кәсіби шеберлікті жетілдіруге мүмкіндік береді.


– Жас маман ретінде кәсіби шеберліктің маңызы неде?


– Жас маман үшін ең бастысы – жауапкершілік пен үнемі үйренуге деген ұмтылыс. Қазіргі заман талабына сай Теңізде қолданылып жатқан технологиялар өте күрделі, сондықтан тек теориялық білім жеткіліксіз.


ДМК қондырғысында оператор ретінде мен қондырғының жұмысын қадағалаймын, ақауларды уақытында анықтап, техникалық қауіпсіздікке жауап беремін. Бұл тәжірибені тек нақты жұмыс барысында меңгеруге болады. Жастардың кәсіби шеберлігі – өндірістің қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етудің кепілі.


Мысалы, біздің қондырғыда әр оператордың күнделікті міндеті – өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, техникалық параметрлерді бақылау, қауіп-қатерді болдырмау. Бұл өте жауапты, кейде тіпті өмір мен өлімге тікелей қатысы бар жұмыс.


– Сіз үшін Теңізшевройлдың әлеуметтік бағдарламалары қандай мәнге ие?


– Біз «Игілік» әлеуметтік ерікті инфрақұрылымдық бағдарламасының игілігін көріп отырмыз. Мысалы, өткен жылы орталық стадион салынды, аурухана мен балабақша пайдалануға берілді. Бұл тек біздің отбасыларымыздың өмірін жақсартумен шектелмейді, қоғам дамуына да үлес қосады.


ТШО-ның әлеуметтік жобалары жастарға мотивация береді, олар тек кәсіби дағдыларын емес, сонымен қатар жауапкершілік пен қоғамға қызмет ету мәдениетін үйренеді.


– Жас мамандардың ел экономикасына қосқан үлесін қалай бағалайсыз?


– Біз елдің энергетикалық тұрақтылығы мен өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеміз. Жас мамандар жаңа технологияны тез игереді, халықаралық стандарттарды қолдана алады, қауіпсіздік пен тиімділікті ұстанады.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл – жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеріп, жастарды өндірістік салаға тартуға бағытталған үлкен қадам.


Біз, Теңізде еңбек етіп жүрген жас мамандар, осы бастаманың мәнін түсініп, кәсіби дағдыларымызды жетілдіруге бар күшімізді саламыз. Бұл – еліміздің экономикалық дамуына тікелей үлес қосу.


– ТШО-дағы қауіпсіздік пен ұжым мәдениеті туралы айтып өтсеңіз.


– Теңізде қауіпсіздік – басты талап. Әр оператордың, әр маманның амандығы бірінші орында. Біз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, ортақ игілік үшін жұмыс істейміз.


Жұмысшылардың біртұтастығы – өндірістің тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты факторы. Сондықтан жас мамандарға тек кәсіби білімді емес, ұжымдық мәдениетті де үйрету қажет.


Бізде ұжымдастар бір-бірін қадағалап, тәжірибе бөліседі. Бұл әсіресе жас мамандар үшін өте маңызды. Олар тәжірибелі әріптестердің арқасында қауіпсіздік мәдениетін меңгереді.


– Қауіпсіздік пен кәсіби білімнен бөлек, сіз үшін жұмысқа деген көзқарас қандай?


– Мен үшін жұмыс – тек табыс көзі емес, өмір мектебі. Әр қадамда жауапкершілікті сезіну, қауіпсіздікке мән беру және командалық рухты сақтау – басты қағидаларым.


Қазіргі таңда Теңізшевройл – тек компания емес, тәжірибе, кәсіби даму мектебі, жастардың шеберлігін арттыратын орта. Мұнда әр жас маман өз қабілетін көрсете алады, елдің энергетикалық тұрақтылығына үлес қосады.


– Қайрат, сіздің ойыңызша, 2025 – Жұмысшы мамандықтар жылы жастарға қандай мүмкіндік береді?


– Бұл жыл – жастарға кәсіби жетілуге, нақты өндіріс саласында өз орнын табуға үлкен мүмкіндік береді. Жас мамандардың тәжірибесі мен шеберлігі елдің экономикасына тікелей әсер етеді.


Мұнай-газ саласында білікті жұмысшыларға сұраныс жоғары. Президенттің бастамасы – жастарға кәсіби даму жолын көрсету, оларды нақты өндірістік орталарға тарту, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру.


Бүгінде ТШО да осы саясатты қолдайды: жас мамандарды оқыту, тәжірибе беру, жаңа технологияларды меңгерту – компанияның тұрақты даму стратегиясының бөлігі.


– Алдағы мақсаттарыңыз қандай?


– Қазіргі уақытта кәсіби біліктілігімді арттыруға көңіл бөлудемін. Алдағы жоспар – халықаралық стандарттарды меңгеріп, тәжірибе жинау.

Келешекте өз тәжірибемді жерлестеріммен бөлісу, жастарға кәсіби дағдылар үйрету – негізгі мақсаттарымның бірі. Сол арқылы ел экономикасына, өңір дамуына нақты үлес қосу ойымда бар.


Жұмысқа деген көзқарасыңыз қандай?


– Жұмыс – тек табыс көзі емес, азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Біз елдің энергетикалық тұрақтылығына үлес қосамыз, өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеміз.


Жас мамандарға айтарым: кәсіби дағдыларды үнемі жетілдіріп, қауіпсіздік пен ұжымдық мәдениетті бірінші орынға қойсын. Сол кезде ғана еліміздің экономикасы мықты, өндіріс орны тұрақты болады.


P.S.Қайрат Жанаев пен оның секілді жас мамандарҚазақстанның энергетикалық және өндірістік жүйесінің тірегі. Теңізшевройл компаниясы жас мамандарды дамыту арқылы елдің болашағына инвестиция жасайды. Президенттің 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы – осындай еңбеккерлерді дәріптеу, олардың кәсіби мәртебесін арттыру және жастарды нақты өндіріс саласына тарту үшін маңызды бастама.


Әділет ҚАНАТҰЛЫ

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости
Популярно
  • Сутки
  • Неделя
  • Месяц