– Әлем чемпионы ретінде айтар ақыл-кеңесіңіз?..
– Жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру керек. Бала кезден спортты, әсіресе боксты өте жақсы көрдім. Ол кезде боксқа қарапайым отбасының балалары жиі келетін. Олимпиада шыңын бағындырып, елін сыйлайтын, елі сыйлайтын азамат болуды армандадық. Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов секілді ағаларымызға қарап, бой түзедік. Қазір әлеуметтік желілердің әсерінен балалардың бойынан спортқа деген бойкүйездікті байқаймыз. Біз бұрын спорт мектебіне ұрланып барушы едік, енді ата-анасы жетелеп, зорға апаратын жағдайға жеттік. Дарынды жастар да жоқ емес. Тек оларды баулып, елге белгілі, саңлақ спортшылардың өмірімен тиер азамат тәрбиелеп жатқанын сезінуі керек.
– Кәсіпқой бокстағы биылғы жоспарыңыз қандай?
– Биыл жекпе-жек кездесулер үшін шетелдік компаниялардан келісім-шарт күтіп отырмыз. Әзірге қалай болатынын дөп басып айта алмаймын. Бірақ, жақын арада жақсы жаңалықтар болатыны анық.
– Жастарды ынталандыру мақсатында жеке тәжірибеңізбен бөліссеңіз…
– Осыдан 22 жыл бұрын Сидней Олимпиадасынан кейін чемпиондарға көрсетіліп жатқан халықтың құрметін, назарын көріп, бокстан чемпион болуды қаламаған бала жоқ шығар, сірә. Әкем де біз дүниеге келмес бұрын «бір ұлымнан Олимпиада чемпионын шығарамын» деген екен. Сол мақсаты жүзеге асып, 2016 жылы Рио төрінде әкемнің ғана емес, халқымның арманын орындадым. Балалықпен жай ғана қиялдап қоймай, табанды түрде жаттығып, жарыстарға қатыстым. Жетістікке жету жолында аянып қалмадым. Қазір балалармен жасөспірімдерге қалаған спорт клубына тегін қатысуға мүмкіндік көп. Ғылыми технология дамыған заманда спортқа көңіл бөлуді ұмытпаған жөн. Салауатты өмір салтын ұстанған, рухани қуатты, білімді ұрпақ қана ел болашағы.
– Бұл сұрақ бірнеше мәрте алдыңыздан шыққан болар, Токиода өткен Олимпиадада ұлттық құрама неліктен сәтсіздікке ұшырады деп ойлайсыз?
– Өз басым «бал ашқанды» ұнатпаймын және команданың қасында болған жоқпын. Ол жерде әр спортшының жеке бапкері, құраманың бас бапкері болды. Дайындықтарының қалай болғанын да білмеймін. Жаман деп те айта алмаймын. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, түрлі себептері болуы мүмкін. Өздеріңіз білесіздер, Олимпиададағы сәтсіздіктен кейін мұндай олқылықтарға жол берілмес үшін жұмыстар одан әрі жанданып, боксқа бұрынғыдан көбірек көңіл бөлініп жатыр. Нәтижесін алдағы уақыт көрсетеді.
– Жанкүйерлердің айтуынша, «боксшы Сәкен Бибосыновтан басқаларының көздерінде от жоқ, сылбыр бокстасқан…»
– Мүмкін, шаршаған болар. Қателеспесем, олар соның алдында Азия біріншілігінде, сондай-ақ Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен жарыстарға қатысты. Бәлкім, екеуінің біреуіне қатыстыру керек пе еді?!