Мұны бізге Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, үшінші дан қара белдік иесі, тарихшы, атыраулық ұстаз Қабибек Мұхитов кеңінен айтып берді.
– Тәуелсіздіктің отызыншы көктемі келді. Осы уақытта ондаған чемпионды шыңдап шығардыңыз. Солай ма?
– Иә, мен таэквондомен тоқсаныншы жылдардан бері айналысып келемін. 1991 жылы Атыраудан арнайы мектеп аштым. Әрі, тарих ғылымына да қызығушылығым зор. Әйтеуір, бүгінге дейін «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» келемін.
– Көпшілік сізді әйгілі Мұстафа Өзтүріктің ізбасары ретінде таниды...
– Рас, тарихта аты алтын әріптермен жазылған бірегей тұлғамен 1992 жылы танысқан едім. Әттең, 1995 жылы ертерек өмірден өтті. Ол Атырауға аяқ басқалы біз таэквандоға бет бұра бастадық. Осы кезде жергілікті жерден он шақты ел чемпионы шықты. Шүкір, шәкірттерімнің алды – ұлттық құраманың бас бапкері, мемлекеттік жаттықтырушы болған Мұстахим Қабдыраш, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушылары Нұрхат Дүйсенбаев, Бауыржан Төребаев және басқалары да бар. Екі дүркін ел чемпионы, Қазақстан спорт шебері атандым.
– Коронавирустан бұқаралық спорт құтқара ма?
– Сұрағыңыз өте өзекті. Себебі, соңғы кезде біз «бұқаралық спорт» деген ұғымды ұмыттық... Жарыс өткізіп, жүзден жүйріктерді марапаттағанға марқайып жүрміз. Әрине, чемпион шығару – ең маңызды міндет. Бірақ, кәсіби спортшылармен бірге, қарапайым халықты да ұмытпаған жөн. Осы орайда, «дене шынықтыру» деген тіркестің де мәнін ашып айтқым келеді. Бұл – барша бұқараға арналған спорттың бір саласы. Яғни, салауатты өмір салтын қалыптастыру деген сөз. Мұндағы мақсат – медаль алу емес, дене шынықтыру. Ал, шымыр денелі адам қай ауруға да төтеп бере алады. Өйткені, ағзаның қорғаныштық қасиеті қалыптасады.
Спорт – мамандандырылған арнайы сала. Ал, дене шынықтыру бұл тәрбие құралы, салауатты өмір салты болып табылады. Айтайық, баланы кішкентай кезінен күнделікті жаттығуларға дағдыландырып, спорттың белгілі бір түріне баулуға болады. Қарапайым күнде ертемен жүгірудің өзі дене тәрбиесіне жатады. Спорт отбасыдан басталады. Әр әке ұлының, ал, анасы қызының бойында қандай қабілет барын дер кезінде байқауы тиіс. Мен Назарбаев зияткерлік мектебінде таэквондодан үйірме ашқан едім. Алғашында білімпаз шәкірттер спортқа үйір емес шығар деп ойладым. Бақсам, арасында спортты сүйетіндері де бар екен. Әттең, сабақтан қолдары босамады. Дәл осы қарқынмен спортты дамыта алмаймыз.
Айтпақшы, Кеңес одағы кезінде «От массы – к мастерству!» деген ұран болды. Қай мекемеде болмасын, көпшіліктің қатысуымен ылғи бір спорттық шара ұйымдастырылып отыратын. Қазір соның бірі де жоқ. Спорт залында көзге көрінер-көрінбес бір құрмет тақтасы ілулі тұр. Бары сол ғана. «Жұмыртқадан жүн қырыққан» мүшкіл халдеміз.
– Сол «бұқаралық спортпен» атыраулықтар қаншалықты айналысып жүр?
– «Ауруын жасырған өледі» дейді, ащы да болса айтуға тура келіп тұр. Спорт тек алтын арқалап, атақты болумен ғана шектеліп отыр. Чемпион болуға кімнің мүмкіндігі мол, сол ғана жаттығып, жарыстарға қатысады. Ал, қалғандарының спорттық дайындығы тұрмақ, қарапайым денсаулығын да ешкім елемейді. Есесіне, қазір телефонға телміріп, желіге жабысқан өрімталдар өсіп келеді. Өйткені, оларды спортқа ешкім шақырмайды, дене шынықтырудың пайдасы өз деңгейінде насихатталмайды. Осыдан кейін жағдайымыз жақсарып, ауру азаймасы анық.
Құдайға шүкір, өзге аймақтармен салыстырғанда, Атырау – тарих пен тағылымға толы өлке. Экономикалық-әлеуметтік жағынан да әлсіз емес. Қай салаға да қолдау білдіруге қаржы жетеді. Тек соны тиімді жұмсап жүрміз бе? Жеңіске жеткен спортшы өз елінде қандай құрметке де лайық деп астына көлік, басына баспана береміз. Ал, осындай қымбат сыйды бұқаралық спортқа да қарастыруға болмас па? Байлығымыз белден асса да, дүниені дүр сілкіндіріп жатқан чемпиондар көрінбейді.
– Осы таңмен тұрып жаттығу жасау спортқа жата ма?
– Дағыстанда тұтас бір тайпа ертемен тұрып, жүгіреді екен. Міне, салауатты өмір салтының бір көрінісі. Атақты спортшы Дәулет Тұрлыханов та кезінде әкесімен бірге осылай жүгірген екен. Қалай десек те, ата-ананың спортқа қатынасы қандай болса, сала болашағы да соған байланысты болмақ.
Атақты боксшы Серік Қонақбаевты алсақ, оның анасы спортқа бір табан жақын болған деседі. Футболға жаны құмар баласының жаттығуларға барып жүргенін өзі қадағалапты. Бірақ Серіктің жаттықтырушысы оның боксқа бейім екендігін аңғарады. Содан үйіне барып, анасымен ақылдасады. Ал, баланың өзі футболды жаны сүйетінін айтады. Бөтекесі ауырып, күттіммен жүрген баласына әкесі 1979 жылы қалайда Олимпиадаға баруды ұсынып, денсаулығын өз мойнына алады. Кейін, тағдырдың жазуымен жарыс қарсаңында әкесі көлік апатынан қайтыс болады. Спортқа деген ата-ана көзқарасының қаншалықты зор болғанын осыдан аңғаруға болады.
– Өңірде спорт кешендері жетерлік. Бірақ, бәріне бірдей қолжетімді ме?
– Нені меңзеп отырғаныңызды түсіндім. Олай болса, сол спорт залына «кіре алмай жүргендердің» қарасы қанша? Біліп көрдіңіз бе? Көп пе, аз ба? Соншалықты көп деп айта алмас едім. Осы салада біраздан бері жүрген соң, маған кімнің немен айналысып жүргені бесенеден белгілі. Келісемін, кейбір орындарға кіруге рұқсат жоқ. Өйткені, өзінің қожайыны бар. Мәселен, фитнес орталықтары жекенің меншігінде болған соң, жаттығу жасау да ақылы. Ал, бұқаралық спорт кешенінің есігі бәріне ашық болуы керек. Бірақ, мәселе онда емес. Яғни, жастардың өзі сол спорт сарайларына барғысы келе ме?..
– Сонда, сіздіңше, не істеу керек?
– Менің есіме бір оқиға оралып отыр. Сонау тоқсаныншы жылдары «Геолог» деп аталатын спорт залы болатұғын. Сол жерде кемінде жетпіс адаммен бірге жаттығу жасап жүрдік. Ал, қазір бәрі керісінше... Салтанатты спорт ғимараттары жетерлік, әйтсе де, келушілер қатары кемдеу. Ақиқаты осы. Дене тәрбиесінің берекесі кетсе, спорттың да бағы таяды. Мәселен, спорттың кең тараған түрі – футболдың өзін біз ұқсатып жүрген жоқпыз. Жергілікті клубтың қандай күй кешіп жүргенін білесіз... Ал, шын мәнінде, бұқараны спортқа сол футбол арқылы тартуымыз керек қой. Біздің жастар футболды жасыл алаңда емес, әлеуметтік желіде ойнап жүр. Тағы бірі алда өтетін әлемдік футбол додаларында кімнің жеңетінін болжап, бәс тігеді. Осылайша, өз қалтамыздан қағылып, өзгенің қалтасын қампитып жатырмыз.
– Бәлкім, бәріне ғаламторды кінәлау керек шығар?
– Әлеуметтік желіге тәуелділік – қоғам болып күресер індет. Отандық телеарналардың бір-екеуі ғана спортқа арналған да, дені шетелдік телехикаялар мен мультфильмдерге құрылған. Балаға теледидар көруге тыйым салсаң, көргісі келгенін планшеттен, болмаса, ұялы телефоннан көріп алады. Менің ойымша, ата-ана мен жаттықтырушы кешенді түрде жұмыстануы керек. Бірақ, қазіргі ата-ананың жаттықтырушы тұрмақ, күнделікті сынып жетекшісімен де байланысы үзілген. Баланы қосымша сабаққа қалай берсек, спорт үйірмесіне де солай берген жөн. Мәселен, бүлдіршіндер балабақшаға бірден үйренісіп кетпейді ғой. Міне, спортта да солай. Бұл белгілі бір уақытты, шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді. Ал, спортқа бір бейімделіп кеткен бала кейін оны тастамайтын болады.
«Ютуб» желісінен жекпе-жектің небір түрін тамашалауға болады. Қол сермеп, аяқ көтеруге үйір жандар көп. Бірақ, олар онысын кәсіби тұрғыда шыңдап жатқан жоқ. Ендеше, спорт залына келіп машықтануға не кедергі? Әлде бұған біздің бапкерлеріміз қауқарсыз ба? Жоқ, олардан олқылық іздегеніміз дұрыс болмас. Себебі, күнделікті қағазбастылықтан бас көтере алмай жүр. Сол үшін алатын жалақылары да жетісіп жатқан жоқ. Сол себептен соңғы жылдары басқа салаға бет бұрғаны қаншама?!
– Егер жаттықтырушылардың жалақысы көбейсе, мәселе шешіле ме?
– Қалай десем екен, түсінікті болу үшін бір мысал келтірейін. Мен таэквондошы ретінде бір мектептің басшысына барып, оқушыларға жаппай жаттығу ұйымдастырғым келетінін айтайын. Ол мені құрғақ сөзбен шығарып салады.
– Неге?
– Себебі, ол өзіне тиіссіз, әрі тиімсіз міндетті мойнына алғысы келмейді. Кім қазір қымбат уақыты мен қаражатын құрбан қылғысы келеді? Мәселен, егер мен сол мектепке жаттықтырушы болып жұмысқа кірсем, жалақы төленуі қажет болады. Жаңа спорт құралдарын алу тағы бар. Бәрі де қып-қызыл шығын. Бұл үшін мектепке соқыр тиын да түспейді. Ал, егер мектепке қаржылай қолдау көрсетіп, спорт үйірмесін ашса, оқушылар үшін өте ыңғайлы. Сөйтіп, балалар бос уақытта ойын ойнап шынығар еді.
Екіншіден, атан-анаға да көп нәрсе байланысты. Баланың болашағына алдымен солар мүдделі емес пе? Баласы спортты сүйетін ата-ана оны неге қосымша жаттығуларға жазбасқа? Кейбіреулер жастар тек білім мен ғылымды игерсе жетіп жатыр деп санайды. Бұл – қате пікір.
Тағы бір мәселе бар. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады. Бұл жүз немесе мың адамның ішінен тек біреуі ғана жүйрік, біреуі ғана тұлпар болады деген сөз. Қай спорт түрін алып қарасаңыз да, атыраулық жаттығушылардың саны жүзге де жетпейді. Бұл жағдайда жүйрік шықпайды. Яғни, спортшылар қатары сейілген сайын, чемпион шығару мүмкіндігі де шектеледі. Мәселен, миллионер қала – Алматыдан чемпион оп-оңай шығады. Міне, жүлдегерлердің көбісі оңтүстіктен шығып жататыны сондықтан.
– Спорт саласы салғырттықты кешірмейді дейсіз ғой?
– Әрине! Сонау тоқсаныншы жылдары орыстың бір мұжығы, ұмытпасам, аты-жөні Генадий Иванов болу керек, неміс қызымен отау құрып, Германияға көшіп кетті. Оны 1980 жылдан бері білуші едім. Атырау қаласында «СМП» деген жерде спорт залы болатын. Сонда грек-рим күресінен жаттықтырушы болып қызмет ететін. Әсіресе, жастармен тез тіл табысқыш, спорттық шараларды ұйымдастыруға шебер. Кейіннен Германияға барғанында, спорт емес, ағаш шебері болып жұмыс жасап жүргенін естуші едік. Бір күні сол жердің басшылығына оның бұрын спортпен айналысқаны жөнінде мәлім болған екен. Содан бері оған барлық жағдай жасалып, немістерді спортқа үйрете бастапты. Ал, бізде қалай? Әлі де болса, спортқа селсоқ қараймыз...
Қарапайым мысал келтірсем, Қытай мектептерінің спорт залдарында жаттығу жүріп жатқан кезде міндетті түрде сол мекеменің басшысы не партия өкілі жүреді. Құр жүріп қоймай, жаттығу түрлерімен, алдағы жұмыс жоспарымен танысады. Осының өзінен басшылықтың бұқаралық спортты берік бақылауда ұстайтыны байқалып тұр.
– Соңғы кезде «спорт мәдениеті» көп айтылып жүр...
– Жалпы, әр істің бастауында сол саланың мәдениеті тұр. Өзіңіз білесіз, әскери қызметкерлер бір-бірімен тік тұрып сәлемдеседі. Жас сарбаздың ел алдындағы парызын адал атқаруға ант беруі де мәдениеттің белгісі. Сол сияқты, спортшылардың да өз мәдениеті бар. Соның бірі, шығыс жекпе-жегіне қатысушылар жаттықтырушының алдында иіліп сәлем береді. Бұл тек жаттықтырушыға емес, жалпы спортқа деген ізет пен ілтипатты көрсетеді. Кейде Олимпиада ойындарында оңды-солды қол сілтеп, сағыз шайнап тұратын бапкерлерді көреміз. Оны қойшы, күнделікті өмірде үлкенге сәлем бермейтін жастар бар. Осының бәрі мәдениеттің төмендігінен шығады.
Ата-ананың өзі баласын спортқа не үшін әкеледі? Бәрінен бұрын, дұрыс тәлім-тәрбие алып шықса екен дейді. Спорт адамды сабырлы, салмақты және салиқалы болуға үйретеді. Мысалы, спорттық жарыстарға күнделікті қатысып жүрген шәкірттеріміз өз киім-кешектерін өздері жинап, дүние-мүліктеріне асқан ұқыптылықпен қарайды. Тіпті, жаттықтырушының жетегінсіз жарыстарға өздері барып, қатысып жатады.
Мәдениетті айтқанда, сөз мәдениетіне де мән берген жөн. Шығыс жекпе-жегінде «фи» деген термин кездеседі. Ол «адамның ішкі энергиясын сыртқа шығару» дегенді білдіреді. Күнделікті өмірде көп адаммен кездесіп, түрлі жағдайға тап болып жатамыз. Сөйтіп, күні бойы жиналған жағымсыз эмоция қалдықтары адам бойында қалады. Яғни, адамның ағзадан бөлек, рухани дүниесі де шаршайды. Шығыс елдерінде ондаймен арнайы жаттығулар көмегімен күреседі екен. Сонда қан айналымы қалпына түседі.
Мысалы, жасы жетпіске жетсе де, жүгіруден танбайтын адамдар бар. Сол секілді, салқын су мен қарға жуынатын адамдар, тіпті, тұтас бір отбасылар бар. Айтпақшы, жас кезінде бокспен айналысқан атыраулық Жеңіс Айтбаев сөзімізге дәлел. Ал, Адик Бермешов деген боксшы жасы алпысты алқымдаса да, күніне екі рет «Авангард» ықшамауданынан «Химпоселок» деген жерге дейін жаяу жүгіретін. Сондай-ақ, 16 рет марафон жарысына қатысқан Асқар Қазиев бүгінде Атырау мұнай және газ университетінде шәкірт тәрбиелеп келеді. Міне, соларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттап отырсақ, қоғамды салауатты өмір салтына тартар едік. Бұл адамдар туралы мен секілді сала мамандарынан басқасы білмейді. Олардың есімін жалпақ жұртқа танытуға тиіспіз.
– Сіздің пікіріңізше, бізде спорттың қай түрі кенже қалып отыр?
– Нақты кесіп айтуға келмейді. Әйтсе де, бір чемпион шығара алмаған спорт түрлері бар. Кешегі тоқсаныншы жылдары бокстан өткен ел біріншіліктерінде атыраулықтар алдына жан салмайтын. Сол былғары қолғап шеберлері қазір қайда жүр? Мүмкін, кәсіпкерлікке не басқа салаға бет бұрған болар. Бірақ спорттан жырақ жүргені анық. Сол бокстан әлем чемпионын шығара алмай жүргенімізге біраз уақыт өтті...
Сондай-ақ, ұлттық ойындарды ұмыт қалдырдық. Осы күнге дейін Атыраудан көкпар мен тоғызқұмалақ жеңімпазы шықты дегенді естімеппін. Рас, біздің аймақтан Тәуелсіздік жылдары таэквондодан оннан аса чемпион шықты. Ал, қазір неге жоқ?
Содан соң, спорт залы нағыз мәдени орталыққа айналып кетті. Стадионда спортқа еш қатысы жоқ шоу-бағдарламалар өтеді. Бізге «флешмоб» секілді арзан шаралардан не пайда? Тек соны ұйымдастыруға бөлінген қаражаттың желге ұшқаны болмаса! Бұлай бұқараның назарын спортқа аудара алмаймыз. Ал, шын мәніне келсек, салауатты өмір салты дегеніміз өте күрделі мәселе. Ол күнделікті өмірге бірден еніп кетпейді, үлкен дайындық пен ерік-жігерді қажет етеді.
– Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет. Жеңісті күндерде жолығайық!