«Қазақстандық жаттықтырушылардың Олимпиада жақындаған сәтте спортшыларды үлкен жарыстарға қатыстырмау, осылайша олардың демалуына жағдай жасау туралы жоспарлары жүзеге аспады. Сайысқа дейін бапкерлердің спортшыларды баптауына, шеберлігін шыңдауына мүмкіндігі болмады. Олимпиада қарсаңында Азия чемпионаттарының іріктеу, рейтингтік жарыстары өтіп жатты. Үлкен үзілістен кейін жұмысты былай ұйымдастыру спортшыға ауыр тиетіні анық еді» дейді каратэден 3-ші дан қара белдік иесі, халықаралық дәрежедегі төреші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сансызбай Торғаев.
«Жоспар жүйесіз болды»
– Жақында аяқталған әлемдік бәсекеде Қазақстанның Олимпиада құрамасы төмен нәтиже көрсетті. Білікті маман ретінде мұның сыры неде деп ойлайсыз? Бүгінгі спортқа қандай баға берер едіңіз?
– Бұл сұрағыңызға бір ауыз сөзбен жауап беру қиын. Өйткені мұның себебі көп. Соның бірі спортқа үлкен кесірін тигізген – пандемияның әсері дер едім. Өзіңізге белгілі, өткен жылы жарыс алдында нағыз мықтылар іріктелген тұста жұмыс тоқтап қалған болатын. Бір жылдың үстіндегі шектеулерге байланысты біріншіліктерге қатысу, уақытылы оқу-жаттығу жасау мүмкіндігі азайды. Шетелдік спортшылармен қарымқатынас үзіліп, тәжірибе алма су ш ектелді. Сонымен қатар, жаттықтырушылардың Олимпиада жақындаған сәтте спортшыларды үлкен жарыстарға қатыстырмау, осылайша олардың демалуына жағдай жасау туралы жоспарлары жүзеге аспады. Сайысқа дейін бапкерлердің спортшыларды баптауына, шеберлігін шыңдауына мүмкіндігі болмады. Олимпиада қарсаңында Азия чемпионаттарының іріктеу, рейтингтік жарыстары өтіп жатты. Үлкен үзілістен кейін жұмысты былай ұйымдастыру спортшыға ауыр тиетіні анық еді.
Сондай-ақ, Олимпиада алдындағы 2 рейтингтік жарысқа қатысар алдында ПЦР сараптама тапсыру секілді қосымша жүктемелер болды. Оның да спортшыларға психологиялық тұрғыдан зияны тигені шындық. Өйткені, спортшылар жаттығуға жан-тәнімен берілудің орнына, «сараптама қорытындысы қалай шығар екен?» деген қорқынышты ойда жүрді. Екінші себебі, ел спортшыларын дайындайтын ғылыми зерттеу жұмыстарының кемшіндігі деп білемін. Біле білсеңіз, бұл спортшылар үшін өте маңызды жағдай. Осы себепті алдағы уақытта витаминизация, тамақтануға қатысты мәселені жолға қойған жөн. Ең бастысы, сайысқа психологиялық тұрғыда дайындайтын мықты маман қажет және ол жетістікке жетелейтін, спорт бойынша дайындайтын психолог болуы шарт. Бұл саладағы мамандар жоқ дей алмаймыз, дегенмен, спортшыларды бәсекеге әзірлеп, көмек беретін біліктілері аз.
Болашақ чемпионға стипендия төленеді
– Токиода өткен Олимпиадаға Атырау облысынан бір спортшы ғана қатысты. Бұл өңірдегі спорттық көрсеткіштердің төмендігінен бе немесе өзге кедергілер болды ма? Жалпы, Махамбеттей батырлар туған өлкеден топ жаратын мықтылардың шықпағаны қалай?
– Білесіз бе, әлемдік деңгейдегі бір спортшыны дайындау үшін оған ең кемінде 8-10 жылдай уақыт керек. Әр спорт түрі өзіндік белгілі бір жастан бастау алады. Мәселен, каратэ 14-15 жастан басталады. Сол жаста елдің чемпионы атанған баланы әлемдік додаға апару үшін бүкіл кезеңнен өткізу керек. Ол Қазақстан біріншілігінен кейін Азия чемпионатына қатысады, басқа да халықаралық жарыстарда бақ сынайды. Екінші жағынан, бала 10-11 сыныптарға келгенде көптеген факторлар әсерін тигізеді. Бұл болашақ чемпионның алаңсыз жаттығуына кедергі келтіреді. Осы бағытта ата-аналармен түсінік жұмыстарын жүргізу өте қиын іс. Өйткені, өзге бір баланың тағдыры үшін таңдау жасай алмайсың. Бала кәмелет жасына толғаннан кейін қаражат тауып, отбасына қолғабыс етуге ұмтылады. Көпшілігі ересектік кезеңге өткен соң өз бетінше өмір сүріп, ата-ана қаражатына тәуелді болмай, табыс табуға ұмтылады.
Олимпиада да жергілікті спортшылардың табылмауының бірден бір негізгі себебі осы деп білемін. Бүгінде облыс әкімінің қолдауымен бұл мәселе шешімін тауып жатыр. Қазіргі жағдайда жүлдегер атанса спортшыға Қазақстан чемпионатынан бастап арнайы стипендия тағайындалады. Бұл өте орынды шешім және спортты дамытуға бағытталған берекелі іс болды.
Олай дейтінім, соңғы төрт жылдан бері жаттықтырушылардың жоспарлы жұмысына үлкен көмегін тигізді. 2017 жылға дейін тұрмыстық жағдайына байланысты көптеген спортшы саладан қол үзіп қалған еді. Енді алдағы Олимпиадада біздің аймақтан спортшылар болуы керек деп санаймын . Өйткені, 1 8 жастан ересектік кезеңге өткен спортшылар келесі айналымдарға, Олимпиадаға қатысуына мүмкіндіктері бар.
Спорт алаңдары аз
– Балалар мен жасөспірімдер спорты туралы не айтасыз? Өрендердің қазіргі беталысы қалай?
– Қазір балалардың спортқа бет бұруына, жаттығуына мүмкіндігі мол. Сәйкесінше, спортқа келіп жатқан жасөспірімдер көп. Алдағы уақытта балалардың төлемақысы ата-аналар e.gov сайтына өтінім қалдыру арқылы да қаржыландырылмақ. Бұл жаңа жүйе мұқтаж отбасынан шыққандарға қалаған спорт түрімен шұғылдануына көмегін тигізері анық. Аймақта спорт мектебінен басқа федерацияларда каратэмен айналысатын бала өте көп. Спорттың осы түрімен шұғылданған жеткіншекке жаттықтырушыға құрмет көрсету арқылы үлкенді сыйлап, кішіге құрмет көрсету тәртібін, тәлім-тәрбиесін бойына сіңіреді.
Жаттығу деңгейін анықтайтын 6 ай сайын сынақтар тапсырылады. Спортта балаларды қызықтыра түсу үшін түрлі тәжірибелер мен әдістер қолданылуда. Бір қуанарлығы, телефонмен әуестеніп кетпеуі үшін балаларын спорттық үйірмелерге әкеліп жатқан ата-аналардың қарасы көп. Көп қабатты үйлердің ең төменгі қабаттарының спорттық федерацияларға берілуі де қуанарлық жағдай. Сол жердегі тұрғындар алысқа бармай, балаларын үйірмелерге беруде. Осы орайда айтқым келетіні, шетелде үй тұрғызғанда футбол, волейбол, баскетбол, гандбол секілді спорт түрлеріне арналған алаңдарды бірге салады. Мәселен, Аргентинаға барған сапарымызда латынамерикалықтардың тұрмыс деңгейі біздің елден төмен екенін байқадық. Соған қарамастан олар спортқа ерекше маңыз береді екен. Спорт кешендері де атына сай. Жарыс алаңдары мен дайындық алаңдары бөлек орналасқан. Біздің елде де солай болса, жасөспірімдердің қызығушылығы бұдан да арта түсер ме еді?
Спорт – денсаулық кепілі. Сондықтан балаларға барлық жағдай жасалуы керек деп ойлаймын.
Төле бидей төреші қажет
– Спортшының топ жаруы оны үкілеп баптаған жаттықтырушысына байланысты. Спортты дамытып, елден чемпион дайындап шығаратын да солар. Аймақта өз ісіне шынайы берілген бапкерлер туралы айтып өтсеңіз және сіздерді толғандыратын нендей мәселе бар?
– Айтуыңыз орынды. Өңірде шәкірттеріне алтын уақыттарын бөліп, өз істеріне шынайы берілген жаттықтырушылар аз емес. Солардың ішінде еркін күрестен Асылан Жаманбаевты, кикбокстегі Абзал Дүсіповті, бокстегі Азамат Байдулиевті, грек-рим күре сінен Ербол Әліпбаевты, таэквондодағы Әнуарбек Аманқұловты айрықша атап айтуға болады. Бұдан басқа шәкірттерін өз баласынан да жақын тартып, тәрбиелеп жүрген жаттықтырушылар баршылық.
Осыдан біраз жыл бұрын, 2000 жылдардың басында болу керек, шетелдерден келген спорт саласының мамандары «Сіздер ең алдымен, жақсы спортшы мен қатар әділ төреші дайындауларың керек» деген болатын. Кейін уақыт өте келе, бұл сөздің жаны бар екенін ұғындым. Шыныменен, бізге нағыз мықтыларды анықтайтын, болар баланың белін буып, жолын ашатын халықаралық деңгейдегі төрешілер қажет. Онысыз жақсы спортшыны биіктерден көру қиындау. Ал, шын мықты жекпежекте олжа салар…