RSS лента

"Спорт тарихын жазу керек..."

  • 01.12.2021, 03:40,
  • 745
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Спорт – өміршең сала. Өйткені, ол салауатты өмір салты, дене шынықтыру мен дене тәрбиесінің бірден-бір кепілі. Ол арқылы талай жандар үлкен өмірге жолдама алып, есімдері тарих күнтізбесінде алтын әріптермен жазылды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Кезекті сыр-сұхбатымыздың қонағы – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, үшінші дан қара белдігінің иесі, атыраулық тарихшы-ұстаз Қабибек Мұхитов. Спорт тарихын кім жазып жатыр? Жалпы, бүгінгі таңда қазақстандықтардың қанша бөлігі спортты жанына серік еткен? Өткен уақытпен салыстырғанда, салауатты өмір салты бүгін неліктен кенже қалып отыр? Оның себептері мен салдары қандай? Атыраулық жастарды бұқаралық спортқа тартуға не кедергі? Осы секілді басқа да сауалдарға сала ардагерінен жауап іздеп көргенбіз.


- Мұстафа Өзтүрікпен қай уақытта, қалай таныстыңыз?


- Онымен танысудың сәті 1992 жылы түсті. 1954 жылы Түркияның Қайсері қаласындағы Мұсаходжалы ауылында дүниеге келген оның есімі спорт жылнамасына алтып әріптермен жазылды. Әттең, тек ғұмыры қысқа болып, 1995 жылы қайтыс болды. Жүрген жерінде өзінің қазақ екенін мақтанышпен айтып жүретін-ді. Міне, ел үшін туған ер осындай болса керек. 


Алдымен, Қазақстанда таэквондоның интернационалдық федерациясы (ITF) құрылып, үйретіле бастаған. Ал, Мұстафа келген соң, Бүкіләлемдік таэквондо федерациясы (WTF) құрылды. Атақты спортшының өзі  Атырау жеріне 1992 жылы аяқ басып, мені шәкірті ретінде танытқан болатын. Міне, осы кезден бастап бізде таеквандоға үлкен көңіл бөліне бастады. Артынша көптеген турнирлер ұйымдастырылды. 1995 жылы «үздік бапкер» атандым. Аталмыш спорт түрінен облыстық федерацияға басшылық жасадым. Таеквондодан облыста аға бапкер болдым. Санап көрсем, осы кезде Атыраудан он шақты ел чемпионы шыққан екен. Сөйтіп, сүйікті ісімді бір айналдырғанда, 1996 жылға дейін шыр айналдырдым.


- Демек, қазір де жас спортшылармен бір сапта өнер көрсетіп жүрсіз. Оның бір көрінісі – күні кешегі ардагерлер арасындағы жарқын жеңісіңіз. Бұл кездейсоқ келген сәттілік пе, әлде толымды тәжірибе жемісі ме?


 - Бұл жарыс таеквандоның «пумсе» деген түрі бойынша өткен болатын. Ол –  бір немесе бірнеше адамға арналған белгілі бір жаттығулар мен қимылдар кешені. Онда негізгі күш қол мен аяққа түседі. Әрбір жас ерекшелігіне орай, «пумсенің» өз бағдарламасы болады. Мәселен, мен жарысқа 51 жастан жоғары қатысушыларға лайықталған бағдарлама бойынша дайындалдым. Бұл спорттың ерекшелігі сол, ағза қатты терлейді. Өйткені, әр қимылды айна-қатесіз өз деңгейінде орындап беру оңай емес. Бұл жарысқа мен екінші мәрте қатысудамын. Былтыр Ақтау қаласында өткізілсе, биыл Астанада ұйымдастырылып отыр.


Рас, орталықпен салыстырғанда, аймақтардағы спорттың даму деңгейі сәл төмендеу. Бізде «пумсе» деген бағыт әлі дамымай отыр. Пумсеге ересек адамдар да қатыса алады ғой. Яғни, таеквондоға тек спортттың бір түрі деп қарамай, оған дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын қалыптасыру тұрғысынан мән берілуі керек. Олай етпеген жағдайда, бәрі де бекер.


Мысал келтірер болсам, жалындап тұрған жиырма бесінде таеквандодан қол үзіп қалған ересек спортшыларымызды қазір қалай қатарға қайта қосарымызды білмей далмыз. Осы ретте «пумсенің» атқаратын қызметі зор. Онда жаттығулардың біраз түрі қамтылған. Осының өзі спорттан алшақтап қалғандарға физикалық дайындығын жақсартып алуға мол мүмкіндік береді.


Өкінішке орай, жергілікті жерлерде спорт тек алтын медаль алып, әлемге танылудың құралы ретінде ғана қарастырылады. Чемпион атануға кімнің мүмкіндігі мол, сол ғана жаттығады, дайындалады, жарыстарға қатысады. Ал, қалған адамдардың спорттық дайындығын былай қойғанда, қарапайым денсаулығына ешкім алаңдамайды. Оның үстіне, қазір телефонға телміріп, компьютерге кісенделген ұрпақ өсіп келеді. Себебі, оларды спорттық шараларға ешкім шақырмайды, дене шынықтырудың пайдасы өз деңгейінде насихатталмайды. Осыдан келіп, қайдан денсаулығымыз жақсарып, ауру азаймақ?


- Сізді сала ардагері ретінде қандай мәселелер көбірек толғандырады?


- Кейде ой тұңғиығына батқанда, тарих пен спорттың өзара тығыз байланысты екенін түсінемін. Өйткені, спорт саласындағы жеңістер мен жеңілістер тарихтан орын алса, сол тарихтағы маңызды оқиғаларға байланысты спорттық жарыстар ұйымдастырылады.

Қазір тарих ғылымы көп салаланып кетті. Әлеумет, экономика, медицина, мәдениет және басқа да салалардың тарихы өз алдына жеке зерттелуде. Сол секілді, спорт тарихы да жазылуға тиісті. Тіпті, соңғы кездері тарихта «әйгілі Шыңғыс ханның ұлты қазақ болған екен» деген сияқты батыл тұжырымдар жасалуда. Оның қасында кешегі жеңістерімізді жіпке тізудің не қиындығы бар?


Бірде менің бір магистрант шәкіртім «Атырау спортының тарихы» тақырыбында ғылыми жұмыс қорғаған болатын. Сол кезде өңірдің спорт тарихы баяндалған бірде-бір еңбектің жоқ екеніне көзіміз жетті. Демек, Атыраудың атын шығарған спорт саңлақтары мен олардың жеткен жетістіктері туралы мәлімет жоқ деген сөз. Сонау 1972 жылы грек-рим күресінен біздің облыс тарихында бірінші рет ел чемпионы атанған марқұм Меңдігерей Хайруллин деген майталман балуан төсек тартып ұзақ ауырды. Оның өмірден көрген-білгені, спорт саласында жинаған іс-тәжірибесі мол болатын. Өз аузынан көптеген қажетті мәліметтерді жазып алуға болар еді ғой? Әйтсе де, осындай сала ардагерлері өздерінің білім-біліктері мен бай мұрасын өздерімен  бірге «алып кетіп» жатыр. Бұл мәселеге республика тарапынан да зор ықылас бөлінуі керек деп санаймын. Осыны қазірден біржақты етпесек, кейін кеш болады. 


- Жоғарыда айтылған мәселелерді шешудің қандай жолдарын ұсынар едіңіз? 


- Көрші Ресей мемлекетінде спорт тарихы жақсы дамыған. Шығыс жекпе-жегі бойынша да ғылыми еңбектер жазылуда. Неге спортты айтқанда, тек мерекелік спартакиадалар мен біріншіліктер туралы ғана сөз болады. Ал, «бұқаралық спорт» және «дене шынықтыру» ұғымдары тек құжат жүзінде ғана қолданылады. Оны қойшы, қарапайым жергілікті мұражайда спорт жылнамасына арналған бірде-бір бұрыш жоқ. Спорт тақырбына арналған көрмелер атымен ұйымдастырылмайды. Сайып келгенде, ертеңгі  ұрпақ елімізді төрткіл дүниеге танытқан спортшыларымызды қайдан іздеп табады? 


Тағы бір мысал келтіре кетейін. Қазір Владимир Пак деген спорт ардагері үйінде науқастанып жатыр. Ол – Атыраудан алғаш рет бокс мектебін ашып, оның негізін қалаған адам. Соның ұтқыр ұйымдастыруымен жетпісінші жылдары Кеңес одағының екі мәрте Батыры атанған Павел Романович Поповичтің атында турнир өтті. Атақты ұшқыш-ғарышкердің өзі де кезінде бокспен айналысқан екен. Сондықтан оның атында арнайы жарыс өткізіліп отырған.


Сөйтіп, Кеңес одағының бокс федерациясын басқарған ол  өз атындағы жарысқа қатысу үшін Атырауға да келген болатын. Беделді қонақты сол кездегі облыстық комитет партиясының басшысы Саламат Мұқашев қарсы алып, қонақ қылыпты. Сол кезден бастап бокс көптің назарына ілініп, көптеген турнирлер ұйымдастырылған. Ендеше, осы істің басы-қасында жүрген Владимир Пактің жағдайын сұрап, небір тарихи естеліктерді өз аузынан неге жазып алып қалмасқа?.. Міне, алдағы уақытта осы жұмыстарды қолға алсақ, дұрыс болар еді.


- Қабибек Сәдірұлы, өткен жолғы әңгімеңізде отандық спортты дамытқыңыз келетіндігін айттыңыз. Осы ретте, атажұртқа оралған қандастарымыздың, яғни, оралмандардың үлесі қаншалықты болмақ?


- Сөзіңіздің жаны бар. Бүгінде көк байрақ биікте желбіреп, жеңіс туы тігіліп жүрсе, онда оралман бауырларымыздың да үлесі бар екенін атап өткім келеді. Олардың дені – жастар. Әрқайсысының елімізге деген асқан сүйіспеншілігі мен пәк махаббаты бізден артық түспесе, кем емес. Соған сәйкес, жеңіске деген ынта-жігерлері зор. Екіншіден, өздері қоныс аударып келген елде спортқа әбден бейімделіп, дене тәрбиесіне ерте жастан төселген дайын атлеттер ғой. Қалай дегенде де, кеудені кернеген құлшыныс пен ынта-ықылас дегенін жасатпай қоймайды ғой. Сондай мықтылардың бірі – өздеріңізге жақсы таныс боксшы Қанат Ислам. Кәсіпқой бокстағы өзінің биік беделін ол халықаралық аренада абыроймен қорғап шыққан болатын. Ал, шын мәнінде, ол да аспан асты елі – көрші Қытайдан келген қандастарымыздың бірі.


- Яғни, атымызды әлемге әйгілеп жүрген азамат жандар оралмандардың арасында  аз емес дейсіз ғой?


- Әлбетте солай. Мәселен, кешегі Лондон төрінде өткен олимпиада ойындарында екі мәрте қатарынан күміс алқа тағынған Әділбек Ниязымбетов те Өзбекстан мемлекетінен, дәлірек айтсам, Қарақалпақстаннан оралған қазақ. Осы жерден келген Елдос Жаңабергенов деген спортшымыз да бокстан әлем чемпионы атанған еді. Көрдіңіз бе, мұндай мысалдарды одан әрі де тізе беруге болады. Бұдан нені ұғынамыз? Демек, спортқа бейім қандастарымыз әлемнің қай түкпірінде жүрмесін, бойға біткен қабілетті шыңдап, дамытуға толық мүмкіндік бар. Өз кезегінде біздің де мемлекетіміз оларға қолдан келер көмекті аямауы керек. Өйткені, сол жасалған қақморлықты олар еселеп қайтаратындығына күмән жоқ. Өзім де бір Атырауда жүз шақты оралман бауырлармен байланысып отырамын. Спортқа тартып, жігерлерін жануға тырысамын.


- Сонда, олардың өз спортшыларымыздан айырмашылығы неде?


- Әрине, алдыңғы толқын ағалар жағы қашаннан бері кейінгі ұрпақты ұлтжандылық пен руханиятқа, ізгілік пен ізеттілікке тәрбиелеп келеді. Әйтсе де, бүгінгі жаңарған қоғамда бұрынғы құндылықтарымыз ескілік тартып, ұмытылып барады. Ата-бабамыз аманат еткен қаншама салт-дәстүріміз мұрағат сөрелерінде сарғайып бара жатыр десеңізші?! Соның бірі – ұлттық ойындар. Ал, бұған кім кінәлі? Оны өзімізден іздеген абзал болар. Себебі, «жаһанданып жатырмыз» деп ашта жеген құйқаны тоқтықта ұмыту дұрыс емес. Енді қайтпек керек? «Ештен кеш жақсы» демекші, әлі де кешегі құндылықтарымызды қайтаруға уақыт бар, мүмкіндік те жетер. Осы іске оралман ағайынды да жұмылдырған жөн сияқты. Олай дейтінім, қолда бар алтынның қадірі қашатыны бар. Туған жерінде тайраңдап жүрген соң, менмендік, менсінбеушілікке бой алдыратындарды қайда қоясыз? Ал, оралмандар жырақта жүріп елін сағынады, Отанға оралу үшін бәріне даяр.


- Тура ақын жырлағандай, «жан емес маған керегі, көк Тудың желбірегені» десеңізші!


- Иә, мұны тағы бір мысалдан көруге болады. Олармен етене таныс болған соң, ұлттық дәстүрімізді көздің қарашығындай сақтап жүретіндеріне куә боп жүремін. Өзіңіз де шетелде көкпар тартып, теңге іліп жүрген қазақтар туралы естіген боларсыз? Олар ұлттық өнерге сусындап өскен жандар. Соларды елге тартып, бауырға баса білсек, төл спортымызды тығырықтан шығаруға болады емес пе? Жақында ғана өзіңіздің «Ұлттық спортты қайтсек дамытамыз?..» деген мақалаңыз «Атырау» газетінде жарық көрді. Онда сала мамандары ұлттық спорттың кенже қалуына қатысты өз пікірлерін ашық білдірген. Әсіресе, жергілікті жерлерде саятшылықтың дамымай отырғаны орынды айтылған. Ендеше, менің де ұсынысым бір кәдеге жарар деген ойдамын.


- Құдайға шүкір, облыста түрлі спорт кешендері жетерлік. Жыл санап олардың қатары толығып, сапасы жақсарып келеді. Алайда, жаттығысы келетін жастар оған емін-еркін кіре алмайды екен. Бұл тұрғыда не дер едіңіз?


- Бәлкім, бұл сөзіңіз де рас шығар. Бірақ, сіз айтып отырған «кіре алмай жүргендердің» қарасы қанша? Біліп көрдіңіз бе? Көп пе, аз ба? Соншалықты көп деп айта алмас едім. Осы салада біраздан бері жүрген соң, спорт әлемінде кімнің немен айналысып жүргені маған бес саусақтай белгілі. Келісемін, кейбір орындарға кіруге рұқсат жоқ. Өйткені, жеке меншік иелері бар. Оған кіріп, жаттығу жасау үшін ақысын төлеу қажет. Бұларға көбінесе фитнес орталықтары тән. Ал, қалың бұқараның қамы үшін бой көтерген спорт сарайларына кіруге кедергі бар дегенді естімеппін. Мәселе онда емес. Яғни, өзіңіз айтқан жастардың өздері спорт сарайларына барғысы келе ме екен? Соңғы он жылда олар онда кірмек түгілі, маңына да жоламай барады.


- Ендеше, тығырықтан шығар жол қайсы?


- Оны қоғам болып іздемесек, болмайды. Осы орайда, есіме бір оқиға оралып отыр. Сонау тоқсаныншы жылдары «Геолог» деп аталатын спорт залы болатұғын. Сол жерде кемінде жетпіс адаммен бірге жаттығу жасап жүргенім бар-ды. Ал, қазір керісінше, заманауи спорт ғимараттары болғанымен, оларға баратын адам жоқ. Ақиқаты осы. Неге екенін білмеймін, бірақ бүгінде спорттан бақ тайып барады. Болмаса, дене тәрбиесінің берекесі қашты ма, білмеймін. Еліміздегі футболға қатысты орын алып жатқан проблемалар да бір төбе. Әлемдегі нөмірі бірінші ойынға қазір құмарлық бәсеңдеді. Бірақ оны қызу қолдау мен шектен тыс қаржыландыру артпаса, азайған емес.


- Сөзіңіз ауызыңызда, спорт сүйер қоғам қалыптастыру  үшін не істеуіміз керек? Мүмкін, оны насихаттау жағы кенже қалып отырған болар?  


- Қалай десек те, бұл ойландырып, толғандырып отырған жайт. Алдымен, мәселенің мәнісіне қанығып, сосын шешу жолдарын іздестірген жөн. Айталық, күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналған бұқаралық ақпарат құралдарының бірі – ғаламтор желісін алып көрейік. Оған жүктелген бейнероликтер санында шек жоқ. Ішінде керегі де, керек емесі де бар. Әсіресе, жастардың ортасында орын алған теке-тірестер мен төбелесудің небір «ғажап үлгілері» бар.


- Дұрыс айтасыз, соңғы кездері көше бойындағы кикілжіңге қаракөз қыздарымыз да үйір болып жүр...


- Ал, оны үйде отырып-ақ тамашалап жатқан сырт көз миығынан күліп мәз-мейрам болуда. Оны ұялы телефоныңыздағы «ютюб» қосымшасынан сіз де көріп жүрсіз. Бір қызығы, қолын сермеп, аяғын көтеруге үйір жандардың онысын кәсіби деңгейде үйренуге қызықпағаны қалай? Яғни, сондай жекпе-жек өнерінің сан түрі спортта да жетіп артылады. Олай болса, соған спорт залына келіп машықтануға болады ғой. Әлде бұған біздің бапкерлеріміз қауқарсыз ба? Жоқ, кінәратты олардан іздегеніміз дұрыс болмас. Себебі, күнделікті қағазбастылықтан бастарын көтере алмай жүр. Сол үшін алатын жалақылары да мардымсыз. Сол себептен соңғы жылдары басқа салаға бет бұрғандары қаншама?  Сонымен, кімге мін тағамыз? Жауап жоқ.


- Сонда, бапкерлердің жалақысы көбейсе, барлық мәселе шешіле кете ме?


- Қалай десем екен, түсінікті болу үшін бір мысал келтірейін. Айтайық, мен таэквондошы ретінде бір мектептің басшысына барып, оқушыларға жаттығу ұйымдастырғым келетінін айтайын. Ол мені құрғақ сөзбен шығарып салып, келесі жолы бұл әңгімені қозғамауды өтінеді. Неге? Себебі, ол шамадан артық әрі жеке өзіне тиімсіз міндетті мойнына алғысы келмейді. Кім қазір өз уақыты мен қаражатын құрбан еткісі келеді дейсіз? Егер сол мектепте жаттықтырушы болып қызмет етсем, маған жалақы төленуі қажет болады. Оның үстіне, жаңа спорт құралдары алынуы тиіс. Мұнысы қып-қызыл шығын. Бұл  үшін мектепке соқыр тиын да төленбейді. Қысқасы, қосымша спорт секциясын ашу ешкімге тиімсіз. Ал, егер мектепке қаржылай қолдау көрсетіліп, спорт үйірмесі ашылса, оқушылар міндетті түрде қатысар еді. Өйткені, алысқа қыр аспай, өз білім ұяларында жаттығады. Осылайша, бос уақытында бір бұрышқа қамалған бала ұялы телефон мен планшеттен ермек іздейді. Әлеуметтік желіде отырып, уақыт оздырады, мағынасыз ойындар ойнап, ми тоздырады.


- Сайып келгенде, жастарды спортқа қалай шақырамыз?


- Бұл ретте, таяқтың екінші ұшы атан-анаға келіп тиеді. Баланың қалаған іспен айналысуына ең алдымен солар мүдделі емес пе? Егер бала о бастан спортқа үйір болса, неге жағдайын жасамасқа, қосымша жаттығуларға жазбасқа? Өкінішке орай, бүгінгі әке-шеше ұл-қыздарының спортшы емес, бас-басына тақта отырып шіренген қарны жуан би болғанын қалайды. Онда, тек білім мен ғылымға құштар шәкірттерді ғана тәрбиелейік. Спортты жөніне қоя салайық. Жырақтан жинап алған жат жұртқа төрден орын беріп, чемпион болайық. Тізгіннен қағылған қазақ баласы солардың жеңісіне қолын, онымен қоса санын да соқсын. Ақсақалдарымыз алақан жайып, бата берсін. Бұл бізге керек пе?


- Футболға оралсақ, жасыл алаңдағы он бір ойыншының бірі қазақ болса, соған есіміз шығып қуанамыз. Бұл қалай болғаны?


- Рас, қай саланың да бір жанды жері, яғни, нәзік тұсы болады. Міне, сол тұсқа келгенде, батыра айттыңыз. «Бәрі де жақсы болады» деп алға ұмтылған жақсы ғой, әрине. Бірақ бір мезгіл ақиқаттың да астарына үңіліп көрген артық етпейді. Құдайға шүкір, өзге аймақтармен салыстырғанда, Атырау – тарих пен тағылымға бай өлке. Экономикалық-әлеуметтік жағынан да осал емес. Қайбір бастамаға да қолдау білдіруге қаржы жетеді. Тек соны тиімді жұмсап отырмыз ба? Байлық белден келсе де, дүниені дүр сілкіндіріп жатқан чемпиондар көрінбейді. 

Мақұл, жеңіске жеткен спортшы өз елінде қандай құрметке де лайық делік. Соны ескеріп, астына темір тұлпар мінгізіп, қолына пәтер кілтін қыстырамыз. Кешегі олимпиада жеңімпаздарының еңбегі 250 мың АҚШ долларына бағаланды. Ал, егер осындай қымбат сыйдың бәрін жиыпп, бұқаралық спортты дамытатындай бір игі іс жасауға болмас па еді? Осыны да ұмытпаған дұрыс сияқты.


- Жалпы, спорт пен дене тәрбиесінде «насихат» деген ұлы ұғым бар. Бәлкім, сол жетпей жатқан болу керек. Қалай ойлайсыз?


- Жергілікті жеңімпаздар есімін жастар тұрмақ, кейде жаттықтырушы бапкерлердің өздері де білмей жатады. Әлде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің назарына ілікпей жүр ме? Екіншіден, ел намысын қорғауға біз кімдерді лайық көреміз? Бұл мәселеге соңғы уақытта көңіл бөлінбей кетті. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады. Бұл мың адамның ішінен тек біреуі ғана тұлпар болады деген сөз. Қай спорт түрін алып қарасаңыз да, атыраулық жаттығушылар саны жүзге жетпейді. Бұл жағдайда жүйрік шықпайды. Яғни, спортшылар қатары сейілген сайын, ел немесе әлем чемпионын шығару мүмкіндігі де азаяды. Мәселен, миллионнан астам тұрғыны бар Алматы қаласынан чемпион шығу мүмкіндігі өте зор. Жүлдегерлердің көбісі оңтүстік өңірлерден шығып жатқаны да сондықтан.


Үшіншіден, спортқа құштар оқушыға деген ұстаз бен қоғамның қатынасы ерекше болу керек деп есептеймін. Кез келген адам спортшы бола бермейді. Айталық, бір бала техникалық, ал, екіншісі гуманитарлық бағытта алғыр келеді. Олар сол бағытта ғана қабілеттерін шыңдап, ертең ел мерейін өсіруі мүмкін. Спорттық сайыстарға қатысып жүрген балалар да сондай құрметке лайық. Ендеше, баласының спортқа қызығушылығын байқаған ата-ана сол бойда қолдау танытуы қажет. Мысалы, мен оқып жүргенімде, ұстаздарым емтихан кезінде талай жеңілдіктер жасайтын. Қалғандарын да меннен үлгі алуға шақыратын.


- Неге?


- Өйткені, спорттық сайыстарға қатысып жүрдім ғой. Соның арқасында, айрықша ықылас, рухани жылуды сезетінмін. Оның өзі жеңіске деген жігерімді жани түсетін. Ол кездерде «От массы – к мастерству!», яғни, «Бұқаралықтан – шеберлікке!» деген ұран болды. Қайсыбір мекемеде болмасын, көпшілікті ңқатысуымен ылғи бір спорттық шара ұйымдастырылып отыратын. Қазір соның бірі де жоқ. Спорт залында көзге көрінер-көрінбес болып бір құрмет тақтасы ілулі тұр. Бары сол. Жұмыртқадан жүн қырыққан мүшкіл халдеміз. Әйтеуір, дүние мен доллардың соңына жете алмай жүрген біреу...


- Спорт саласы салғырттықты кешірмейтінін айтқан едіңіз. Осы мәселеге кеңірек тоқталып өтсеңіз.


- Түсінікті болуы үшін, бір мысал келтірейін. Сонау тоқсаныншы жылдары орыстың бір мұжығы, ұмытпасам, аты-жөні Генадий Иванов болу керек, неміс қызымен отау құрып, Германияға көшіп кеткен болатын. Оны 1980-жылдардан бері білуші едім. Атырау қаласында «СМП» деген жерде спорт залы болатын. Сонда грек-рим күресінен жаттықтырушы болып қызмет ететін. Әсіресе, жастармен тез тіл табысқыш, спорттық шараларды ұйымдастыруға да шебер. Кейіннен Германияға барғанында, спорт емес, ағаш шебері болып жұмыс жасап жүргенін естуші едік. Бір күні жергілікті басшылыққа оның спортпен айналысқаны жөнінде мәлім болыпты. Міне, содан бері оған материалдық көмек көрсетіліп, жағдайы түзеліп, сол жердегі немістерді спортқа үйрете бастаған екен. Демек, Германияда сопртшылар мен жаттықтырушылардың жағдайына зор көңіл бөлінеді. Ал, бізде қалай? Әлі де болса, спортқа селсоқ қараймыз.


- Енді не істеу керек?


- Мен көрші Қытайға барып, қызмет еткен біздің мамандарды жақсы білемін. Білгір  бапкерлеріміз көрші елге барып, бір не екі олимпиадалық кезеңге жалданады. Бұл өзгелермен тәжірибе алмасып, біліктілікті арттыруға қажет үрдіс. Олардан білгенімді айтар болсам, біраз әңгіменің тиегін ағытуға болар еді. Қарапайым мысал, Қытай мектептерінің спорт залдарында жаттығу жүріп жатқан кезде міндетті түрде сол мекеменің басшысы не партия өкілі жүреді екен. Құр жүріп қоймай, жаттығу түрлерімен, алдағы жұмыс жоспарымен танысады. Осының өзінен басшылықтың спортқа атүсті қарамай, өз бақылауда ұстайтыны аңғарылады.


Спортты насихаттау жағы да солай. Қытайлық бір жігітті бойының ұзындығына сеніп, мықты баскетболшы шығады деп Америкаға жібереді. Онда мемлекеттік бағдарлама бойынша ойынның қыр-сырын меңгертеді. Сөйтіп, ұлт қаһарманына дейін атын аспандатады. Әр сабақтан соң, үзіліс кезін құр өткізбей, балалардың бәрі баскетбол ойнайды. Ал, бізде ше? Дене тәрбиесін шетке ысырып, баланы тек білім алуға байлап қоямыз. Осының зардабын әлі талай уақыт тартатын боламыз.


- Соңғы кездері көп айтылып жүрген «спорт мәдениеті» деген ұғым турасында не айтар едіңіз?


- Өте орынды сауал. Жалпы, қай саланы алып қарасақ та, әр істің бастауында сол саланың мәдениеті тұр. Өзіңіз білесіз, әскери қызметкерлер бір-бірінің алдында тік тұрып, сәлем беріседі. Жас сарбаздың Отан алдындағы парызын адал атқаруға ант беруі де мәдениеттің белгісі. Сол сияқты, спортшылардың да қалыптасқан өз мәдениеті болады. Соның бірі, шығыс жекпе-жегіне қатысушылардың жаттықтырушы алдында иіліп сәлем беруі. Бұл тек жаттықтырушыға емес, жалпы спортқа деген ыстық ілтипат пен құрметті көрсетеді. Кейде олимпиада ойындарында оңды-солды қол сілтеп, сағыз шайнап тұратын бапкерлерді көреміз. Оны қойшы, күнделікті кездесетін жағдай, үлкендерге қол беріп амандаспайтын жастар бар. Бұл – мәдениеттің төмендігі.


- Турасын айтқанда, спортқа тәрбие құралы ретінде маңыз берілуі тиіс дейсіз ғой?


- Әрине, спорт мәдениетін қаншалықты сақтасақ, соншалықты мәдениетті ұрпақ қалыптасады. Ата-ана баласын спортқа қандай оймен жетелеп әкеледі? Спорттан бұрын, дұрыс тәлім-тәрбие алып шықса екен дейді. Мәселен, темір тордың арғы жағында жазасын өтеп шыққан жаттықтырушыға баласын кім тапсырады? Олай болса, мәдениет пен тәрбие бастауы – спортта. Ол адамды сабырлы әрі ұқыпты болуға үйретеді. Мысалы, спорттық жарыстарға күнделікті қатысып жүрген шәкірттеріміз өз киім-кешектерін өздері жинап, дүние-мүліктеріне асқан ұқыптылықпен қарайды. Тіпті, жаттықтырушының жетегінсіз жарыстарға өздері барып, қатысып жатады. 


Мәдениетті айтқанда, сөз мәдениетіне де мән берген жөн. Шығыс жекпе-жегінде «фи» деген термин кездеседі. Ол «адамның ішкі энергиясын сыртқа шығару» дегенді білдіреді. Күнделікті өмірде көп адаммен кездесіп, түрлі жағдайға тап болып жатамыз. Сөйтіп, күні бойы жиналған жағымсыз эмоция қалдықтары адам бойында қалып қояды. Яғни, ағзадан бөлек, жан да рухани тұрғыда шаршайды. Шығыс елдерінде ондаймен арнайы жаттығулар көмегімен күреседі екен. Сонда қан айналымы жақсара түседі. Ал, біз болсақ, сүрініп қалдық па, ұшықтаймыз да, алаңсыз жүре береміз.


- Тағы бір маңызды нәрсе, салауатты өмір салтын ұстануға байланысты ой-толғамдарыңызды білсек.


- Біреулер соны ұран қылып, жастардың қатысуымен жаппай көпшілік шараларын өткізеді. Ұзақтығы көп болса жарты сағатқа да жетпейді. Әсіресе, «флешмоб» секілді би қимылдарын жасаудан келер пайда қандай? Тек соны ұйымдастыруға бөлінген қаражаттың желге ұшқаны болмаса. Ал, шын мәніне келсек, салауатты өмір салты дегеніміз өте күрделі мәселе. Салауаттылық күнделікті өмірге бір күнде еніп кетпейді. Ол үлкен дайындық пен ынта-жігерді қажет етеді.


Мұны сізге қарапайым мысалмен түсіндіріп көрейін. Атырау қаласына қарасты Алғабас деген ауылда тұрғанымда, ылғи таңмен таласа жол бойымен жүгіріп келе жататын егде жастағы бір адамды көретінмін. Жасы болса, жетпістен асқан. Сол секілді, салқын суға немесе қарға жуынатын адамдар, тіпті, тұтас бір отбасылар бар. Міне, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы солар жөнінде көбірек насихаттап отырсақ, қоғамды салауатты өмір салтына тартар едік.


Айтпақшы, жас кезінде бокспен айналысқан Атырау қаласының тұрғыны Жеңіс Айтбаев та әлі күнге дейін қашықтыққа жүгіреді. Ал, Адик Бермешов деген боксшы жасы алпысты алқымдаса да, спорттан қол үзбеген. Ол күніне екі рет «Авангард» ықшамауданынан «Химпоселок» деген жерге дейін жаяу жүгіретін. Сондай-ақ, 16 рет марафон жарысына қатысқан Асқар Қазиев деген атыраулық спортшы бүгінде Атырау мұнай және газ университетінде шәкірт тәрбиелеп келеді. Міне, бұл адамдар туралы мен секілді сала мамандарынан басқасы білмейді. Олардың есімін жалпақ жұртқа танытуымыз тиіс.


- Қазір спорт залдарын нағыз мәдени орталыққа айналдырып жіберген жоқпыз ба?


Стадионда өнерпаздардың қатысуымен небір концерттік кештер, спортқа еш қатысы жоқ шоу-бағдарламалар ұйымдастырылады. Жарыс тамашалағысы келетін тұрғындарға цирк көрсетудің не қажеті бар? Осыдан келіп, көпшілік назарын спортқа қалай аударамыз? Ән әуелеп, күй күмбірлеп өте шығар. Ол үшін арнайы мәдениет үйлері бар. Ал, салауатты өмір салты – мәңгілік құндылық.


Отандық спортты дамытуда ең ұтатын саламыз – ұлттық ойындарды ұмыт қалдырдық. Өзімізден шыққан мықтыларды ортамызға тартып, тәжірибесін пайдалана алмай келеміз. Мәселен, олимпиада чемпионы атанған Ниджат Рахимов Атыраудың атын аспандатты. Бірақ, қазір Астанаға көшіп кетті. Ал, соның атында бір турнир болса да ұйымдастырылды ма? Болмаса, зілтемір көтеру бойынша жаңадан  спорт үйірмесі ашылды ма? Өкінішке орай, кенже қалған спорттың бұл түріне Ниджаттың жеңісі де жан бітіре алмады.


- Қазір телефонға телміріп, ғаламторға шырмалған жастар көп. Бұл да бұқаралық спортты дамытуға кері әсер етуде. Оған шектеу қойылу керек пе?


- Әлеуметтік желіге тәуелділік – қоғам болып күресер індет. Отандық телеарналардың бір-екеуі ғана спортқа арналған да, дені шетелдік телехикаялар мен мультфильмдерге құрылған. Балаға теледидар көруіне тыйым салсаң, көргісі келгенін ол планшеттен, болмаса, ұялы телефонынан көріп алады.


Менің ойымша, ата-ана мен жаттықтырушы бірігіп, кешенді түрде жұмыстануы керек. Қазіргі ата-ананың жаттықтырушы тұрмақ, күнделікті сынып жетекшісімен де байланысы үзілген. Баланы қосымша сабаққа қалай берсек, спорт үйірмесінен де қашпаған жөн. Бүлдіршіндер балабақшаға бірден үйренісіп кетпейді ғой. Міне, спортта да солай. Бұл белгілі бір уақытты, шыдамдылық пен төзімділікті қажет етеді. Спортқа бір бейімделіп кеткен бала кейін оны тастамайтын болады.


- «Спорт» пен «дене шынықтыру» ұғымдарының айырмашылығы неде?


- Спорт – мамандандырылған арнайы сала. Ал, дене шынықтыру бұл тәрбие құралы, салауатты өмір салты болып табылады. Айтайық, баланы кішкентай кезінен күнделікті жаттығуларға дағдыландырып, спорттың белгілі бір түріне баулуға болады. Қарапайым күнде ертемен жүгірудің өзі дене тәрбиесіне жатады. Спорт отбасыдан басталады. Әр әке ұлының, ал, анасы қызының бойында қандай қабілет барын дер кезінде аңғара білуі тиіс. 


Көрші отбасының мектеп жасындағы баласы таэквондомен айналысып жүрді. Бірақ бұған әлгінің әке-шешесі қарсы болды. Сөйтіп, бала бақтырып қойды. Болашағынан зор үміт күттірген шәкіртіміз күнделікті жаттығулардан қол үзді. Осыған ұқсас тағы бір мысал айтайын, Назарбаев зияткерлік мектебінде таэквондодан үйірме аштым. Алғашында білімпаз шәкірттер спортқа үйір емес шығар деп ойладым. Бақсам, арасында спортты сүйетіндері де бар екен. Әттең, сабақтан қолдары босамайды. Дәл осы қарқынмен спортты дамыта алмаймыз.     


- Бұрынғы ата-ана балаларына күн сайын «отжимание» жасататын. Бүгін ондайды көресіз бе?


- Дағыстанда тұтас бір тайпа ертемен тұрып, жүгіреді екен. Міне, салауатты өмір салтының бір көрінісі. Атақты спортшы Дәулет Тұрлыханов та кезінде әкесімен бірге осылай жүгірген екен. Қалай десек те, ата-ананың спортқа қатынасы қандай болса, сала болашағы да соған байланысты болмақ.


Атақты боксшы Серік Қонақбаевты алсақ, оның анасы спортқа бір табан жақын болған деседі. Футболға жаны құмар баласының жаттығуларға барып жүргенін өзі қадағалапты. Бірақ Серіктің жаттықтырушысы оның боксқа бейім екендігін аңғарады. Содан үйіне барып, анасымен ақылдасады. Ал, баланың өзі футболды жаны сүйетінін айтады. Бөтекесі ауырып, күттіммен жүрген баласына әкесі 1979 жылы қалайда олимпиадаға баруды ұсынып, денсаулығын өз мойнына алады. Кейін, тағдырдың жазуымен жарыс қарсаңында әкесі көлік апатынан қайтыс болады. Спортқа деген ата-ана көзқарасының қаншалықты зор болғанын осыдан аңғаруға болады.


- Алтындай қымбат уақытыңызды бөліп, ағалық ақыл-кеңестеріңізбен, мөлдір сырларыңызбен бөліскеніңіз үшін мың да бір рахмет! Жеңісті күндерде жолығайық!

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости