– Былтыр 5 маусымда өткен референдумда енгізілген өзгерістер Ата заңымызды жетілдіре түскені сөзсіз, әрине, - дейді ол. – Сол өзгерістермен еліміздің барлық аумағында Конституцияның сақталуын қамтамасыз ету үшін Конституциялық сот құрылып жұмыс істей бастады. Енді Конституцияға сай емес деп есептеген нормативтік құқықтық актілерге шағыммен кез-келген адам Конституциялық сотқа жүгіне алады. 2004 жылдан бастап мораторий жарияланып, қолданылмай тұрған өлім жазасы енді Қазақстанда мүлдем қолданылмайтын болды. Бұл да маңызды жаңалық. Себебі, біріншіден, тергеу, сот қателігі дегенді жоққа шығаруға болмайды, өлім жазасына кесілген қаншама адамның кейіннен ақталғанына тарих куә. Екіншіден, Конституцияда ең жоғары құндылық – адам өмірі мен денсаулығы деп жариялаған мемлекетіміздің ресми түрде кісі өлтіруді қолдауы, өлім жазасына кесуі – өз құндылықтарын өзі жоққа шығарғанмен бірдей болар еді. Қылмыскерлердің барлығы да өзінің жасаған әрекетінің сипатына қарай тиісті жазасын алсын, тіптен өмір бойғыға бас бостандығынан айыру жазасы да қолданылсын. Бірақ, өлім жазасын қолдану дұрыс емес екенін құқық қорғаушылар көптен айтып келдік. Сайлау жүйесіндегі өзгерістер де еліміздің саяси дамуын жетілдіруге үлес қосатын болады деп есептейміз. – Біздің еліміздің Конституциясы салыстырмалы түрде жаңа Заң ғой. Оның қабылдануына еліміздің танымал заңгерлері атсалысқан. Конституциямыз демократиялық мемлекеттің барлық талаптарына жауап береді. Билік бөлінісінің тармақтары мен олардың әрқайсысының құзыреттілігі мен тепе-теңдік және тежегіштік принциптері айқындалған. Ең бастысы, Конституция өзін демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жариялап, өзінің ең басты құндылығы ретінде адам мен оның өмірі, бостандықтары мен құқықтарын таныды. Бұл қағида Ата Заңымыздың 12-бабында көрініс тауып, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы адам құқықтары мен бостандықтарының үстемдігінен бастау алады делінген. Біздің мемлекетіміз өзін әлеуметтік мемлекет деп жариялаған санаулы елдің бірі екенін мақтанышпен айтуға болады. Қазақстан Конституциясы жүйелі түрде жазылған. Кейбір елдерде, мысалы Ұлыбритания мен Израильде Конституция жоқ, ал, Германия сияқты дамыған мемлекеттің Ата заңы жүйесіз жазылып, онда адам құқықтарын айқындайтын нормалар ретінде Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына сілтеме жасайтынын көргенде таң қалғанбыз. Бірақ, біздің еліміздің негізгі заңы жақсы жазылған деп мақтанудың керегі жоқ. Ең бастысы – сол нормалардың орындалуы ғой. Әйтпесе, Конституциясының болмауы әлемде экономикасы жағынан 9-орынды алып тұрған Ұлыбритания сияқты державаның, Израиль сияқты ірі мемлекеттің дамуына кері әсерін тигізіп отыр деп айта алмас едік. Ең бастысы, Конституциямен бекітілген барлық талаптар сақталып, заң үстемдігі орнағанда, әр адамның құқықтары мен бостандықтары іс жүзінде ең жоғары құндылыққа айналғанда ғана біздің еліміз дамыған, демократиялық, құқықтық мемлекет бола алады. – Менің ұсынысым – көптің ұсынысы. Халқымызды соңғы кездері жиі алаңдатып жүрген мәселе – ол қазақ тілінің жойылып кету қаупі. Сондықтан, ұлт екеніміздің белгісі болып табылатын қазақ тілін дамыту мақсатында Конституцияның 7-бабындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген норманы алып тастау керек. Тек қана қазақ тілі – мемлекеттік тіл деген норманы қалдыру қажет. Ресми түрде орыс тілі қазақ тілімен бірге жүре бергенде қазақ тілінің мәртебесін көтеру де, оны білу үшін талапты күшейту де еш нәтиже бермейді. Сондықтан, бұл бір ұсыныс. Екіншіден, Конституцияға қанша жерден демократиялық нормаларды жазып қойып, оның басты құндылығы адам өмірі мен құқықтары деп жариялағанмен, сайлау барысында адам құқықтары сақталмайтын болса, Ата Заңымыздың үстемдігін орнату мүмкін емес. Сондықтан, Конституцияға «сайлау электронды түрде жүргізіледі» деген норма енгізуді ұсынамын. Сонда ғана елімізде сайлаулар ашық, әділ өтетін болады. Ал, бұл, демократиялық және құқықтық мемлекеттің ең басты талабы және даму кепілі.