– Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес екінші Факультативтік хаттама ҚР Парламенті тарапынан міндетті ратификациялауға жатады. Осы халықаралық құжатқа сәйкес, қол қоюшы елдер өлім жазасын қолданбау, өз юрисдикциясы аясында өлім жазасының күшін жою үшін барлық қажетті шараларды орындау міндеттемесін қабылдайды.
Қазақстан конвенциямен қарастырылған өлім жазасын қолдануды көздейтін жалғыз ескерпе жасау мүмкіндігін пайдалануға ниетті. Яғни, Қазақстан екінші Факультативтік хаттаманың 2-бабына сәйкес, соғыс уақытында жасалған әскери аса ауыр сипаттағы қылмыстар үшін кінәлі деп танылғаннан кейін, соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырады. Өлім жазасын алып тастау мәселесі тек заңды ғана емес, сонымен бірге моральді-этикалық өлшемге ие екенін түсінеміз. Осы мәселенің сезімталдығын ескере отырып, Үкімет регламентіне сай қазақстандық қоғамның пікірін зерделеуді ескере отырып, келісудің барлық қажетті рәсімдері жүзеге асырылды. 2003 жылы өлім жазасын қолдануға мораторий енгізілгеннен кейін, біздің елде жоғары жаза шарасын қолданбауының тұрақты құқықтық режимі қалыптасқанын атап өткім келеді. Бұл қадам еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыратынына кәміл сенеміз, - деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.