Бұл жөнінде БЖЗҚ операциялық бөлімінің басшысы Райхан Имандосовадан нақтырақ сұрап білген едік.
– Бұрын салымшы қайтыс болса, жерлеу рəсіміне берілетін ақшаның көлемі 52,4 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайтын еді. Енді биылғы екінші жартыжылдықтан бастап бұл сан 94 АЕК-ке өсті. Яғни, жоғарыда қарияның тапсырған құжатына сəйкес 324 300 теңгенің берілуі дұрыс. Əрине, ол үшін алушы адам өмірден өткен салымшының туысы екенін нақты құжаттармен дəлелдеуі тиіс. Осы жерде айта кетер жайт, көп адам кісі қайтыс болған соң міндетті түрде осы көлемдегі ақша төленуі тиіс деп есептейді. Олай емес. Егер салымшының есепшотында 324 мың 300 теңгеге жететін қаржы жиналса ғана бұл жерлеу рəсімінің сомасы беріледі. Егер одан асып кетсе, онда қалған жинағы мұрагерлік ретінде артындағы туыстарына аударылады. Əрине, ол үшін нотариус берген мұраға құқық туралы куəлік керек. Бұрын біз марқұмның қайтыс болу туралы куəлігі мен туысының жеке бас куəлігіне қарап жерлеу рəсіміне арналған ақшасын аударатын едік. Қазір олай емес, бір-біріне туыс екенін дəлелдейтін қосымша құжаттар сұратылады, - дейді Райхан Бағытжанқызы.
Иə, расында да жаңа Əлеуметтік кодекске сəйкес мұндағы қызмет көрсетуде өзгерістер аз емес. Райхан Имандосова санап тұрып олардың бірнешеуін атап көрсетті. Оның алғашқысы, жоғарыда айтқан жерлеу рəсіміне байланысты болса, енді бірі – жеке инвестициялық портфельді басқарушыға аудару туралы. Бұл жерде жұрт ойлағандай, салымшы жинағын банкке аудартып алып, қолма-қол пайдалана алмайды. Мұндағы мақсат – халықтың қордағы қаржысын басқаруына мүмкіндік беру. Яғни, салымшы жинағының 50 пайызын инвестициялық компанияларға аударып, көбейте алады. Олардың қатарында «Jusan Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «BCC Invest» АҚ жəне «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Halyk Finance «Қазақстан Халық Банкі ЕҰ» АҚ бар. Міне, Қордағы қордаланған қаржыңызды осы компанияларға инвестиция ретінде құйып, айналымға шығаруға болады. Əрине, бір жылдан кейін ақшаны БЖЗҚ-ға кері қайтаруға немесе инвестиция ретінде қаржыны əрмен қарай қайта басқаруға мүмкіндік бар.
– Келесі мəселе – əскери қызметшілер мен құқық қорғау саласынан зейнетке шыққан азаматтарға қатысты. Осыған дейін оларға мемлекет Қордағы салымының 50 пайызын алуға рұқсат берсе, 1 шілдеден бастап толықтай қайтарып алуға мүмкіндік туғызып отыр. Əрине, ол тек емделуге жəне тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында ғана беріледі. Қазір көптеген салымшылардың шатасып, БЖЗҚ филиалынан ақшасын талап етіп, келіп жатқаны да осыдан болса керек. Бұл жерде қарапайым халықтың жаңа заң талаптарын əлі де болса дұрыс түсіне алмай жүргенін айта кеткен жөн. Бізде орташа жоғалған кірісті алмастыру коэффициенті деген ұғым бар. Зейнеткердің осы коэффициенті 40 пайыздан жоғары болса, онда Қордағы зейнетақы жинағының 50 пайызын ғана ала алады. Бұл 40 пайызды қалай түсінеміз? Мəселен, еңбек еткен жылдарында 100 мың теңге жалақы алып, зейнетақысы 40 мың теңгеден асып түссе, онда аталған зейнеткер өз салымының 50 пайызын пайдаланады деген сөз. Өкінішке орай, зейнеткерлеріміздің еңбек өтілі жетіспей немесе басқа себептер орын алып жататыны да жасырын емес, - деді бізбен əңгімесінде бөлім қызметімен таныстырған Райхан Имандосова.
Айтқандай, сол сəтте операциялық бөлімнің залына жасына байланысты зейнеткерлікке жақындап қалған егде жан келді. Ол оператор Айбар Амандосовқа жолығып, өзінің БЖЗҚ-дағы салымы есебінен туған қызына үй алуға көмектесу үшін Қордан қаржы алғысы келетінін, мүмкіндік болса сол ақшасын аударып алудың жолдарын көрсетуді сұрады. Үзінді көшірмесін шығарып берген оператор зейнеткердің жинағының 50 пайызын «үй жағдайын жақсарту мақсатында» пайдалануға мүмкіндігінің барлығын айтып қуантты. Қаражатты қолдану үшін otbasi-enpf.kz сайты арқылы өтінім беруге болатынын жəне қажетті құжаттардың барлығын уəкілетті операторлардан алуы керектігін айтып, егжей-тегжейлі түсінік берді. Зейнеткердің өзге де сауалдарына нақты жауап беріп, қарияны риза қылып шығарып салды.
– Негізі бұл норма 2021 жылдан бастап енгізілген. Жасы бойынша құрметті демалысқа жақындап қалған ардагер азаматтар бізге күнделікті хабарласып, өздері де келіп, зейнетақы жарнасының 50 пайызын сұрап жатады. Оның үстіне, 1 шілдеден бастап қолданыстағы Əлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты келушілер қатары тіптен көбейді. Олардың көпшілігі Қордағы қаржысын толықтай алып, алдын-ала пайдаланғысы келеді. Бұған халық арасындағы түрлі қауесет əңгімелер мен əлеуметтік желілерде таралған жалған ақпараттар себепші болып отыр. Біз ондай жандардың барлығына түсінік жұмыстарын жүргізіп, қолдан келгенше көмегімізді көрсетіп жатырмыз, - дейді Райхан Бағытжанқызы.
Иə, шынымен де, жаңа Кодекс қолданысқа енгелі БЖЗҚ филиалының жұмысы, соның ішінде операциялық бөлімнің қызметі күрделене түскен. Мұндағы операторлар бұрын күніне 80-90 салымшыны қабылдаса, қазіргі кезде келушілердің қатары 200-ден асып жығылады. Оған біз кеңсе қызметін күні бойы бақылау барысында көз жеткіздік. Жалпы биылғы екінші жартыжылдық БЖЗҚ филиалы үшін қарбаласқа толы уақыт болғалы тұр. Өйткені, Қор мамандарына жаңа заң – жаңаша міндеттеме жүктеп отыр. Бұл орайда заманауи технология арқылы халыққа сапалы қызмет көрсетіп отырған БЖЗҚ мамандары талапқа сай деңгейде танылады деген сенімдеміз.