Санитарлық алгоритм нормаларына сай, марқұмның мүрдесі туыстарына берілмейді және белгіленген аумақта жерленетін болады.
Десе де, жерлеу рəсіміне марқұмның ет жақын туыстары санитарлық талаптарды сақтау арқылы қатыса алады.
"Жерлеу рəсімі кезінде марқұмның діни ұстанымы және салт-дәстүрлері ескерілетінін, сондай-ақ, бөлінген жер қоршаумен екіге бөлініп, алдағы уақытта мұсылман және христиан бейіті болып екі бөлек қорым ретінде қалатынын қаперге береміз.
Аталған шешімге жергілікті дін қызметкерлерінің де пəтуалары алынды. Сондықтан, барлық жерлеу рәсімдері марқұмның ұлтына, діни нанымына сәйкес орындалатынын ескертеміз.
Сонымен қатар, марқұм жерленгеннен кейін арада 15-20 күн өткен соң бейіт тұрғызуға немесе зираттың басына баруға болатынын да атап өткіміз келеді.
Елімізде орын алып жатқан келеңсіз жағдайларды ескере отырып, қабылданған шараларға түсіністікпен қарайтыныңызға сенеміз" делінген жергілікті діни басқарма таратқан хабарламада.