«Сіз бен біздің міндетіміз – төтенше жағдайда төзімділік танытып, тазалық шараларына аса мән беріп, өзімізді, отбасымызды індеттен аман сақтау. Жұқпалы індетпен оқшауланып күресуіміз керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Рамазан айында карантин мерзімінде тарауық намазын мешіттерімізде жамағатпен оқылмайтынын мәлімдеді. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз», - деді Наурызбай қажы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде онлайн-уағыздар мен дәрістердің арнайы кестесі бекітілген. Сондай-ақ, діндарларды қызықтыратын барлық сұрақтарға жедел жауап беру үшін call-center ашылды: (7172) 33-30-30.
Бас мүфти қасиетті ай 25 сәуірде басталып, 29 күнге созылатындығын еске салды. Ал, Ораза айт 24 мамырда тойланады.