Спикер қазіргі уақытта қаржы пирамидаларының бірнеше белгілері бар екенін айтты. Егер сізге ақша салуды ұсынып жатса, ең бірінші осы белгілеріне назар аудару керек.
«Қаржы пирамидалары бірнеше түрге жіктеледі. Классикалық пирамидада бір адам келіп, ақшасын салып, артынан тағы 2-3 адамды алып келуі керек. Яғни кейін келген адамдардың есебінен бұрын келген азаматтардың байып кетуі. Бұл классикалық түрі», - деді Ә. Әбділов.
Сонымен қатар, желілік маркетинг атын жамылып отырған пирамидалар бар. Оларда тауар не мүлдем жоқ немесе бағасын шарықататын тауарларды сату арқылы пайда табуды көздейді.
«Түрлі инвестициялық компаниялардың атын жамылған қаржы пирамидалары да бар. Олар көбіне құнды қағаздар нарығына ақша салуды ұсынып, тағы да басқа акциялар туралы айтып жатады. Сонымен қатар адамның бұл салада ақпарат жоқтығын пайдалана отырып, түрлі терминдерді жаудырып айтып жатады. Қаржылық сауаттылығы, қаржы саласындағы білімі өте жоғары болған азаматтардың өздері акция нарығында көбінесе ұтылып жатады. Сондықтан осыған мұқият болу керек», - деді Ә. Әбділов.
Қазіргі уақытта пайда болған қаржы пирамидаларының жаңа бір түрі – криптоалаңдарда пайда табуды ұсыну. Спикердің айтуынша, мұның өзі белгілі бір дайындықты, белгілі бір жоғары сауаттылық пен білімді қажет ететін бірден бір сала.
Қаржы пирамидаларының құрбаны болмау үшін не істеу керек?
«Ең біріншіден, сізге ақшаны инвестициялауды ұсынып жатса, ең бастысы сол компания туралы толыққанды ақпаратты біліп алуыңыз керек. Қазір ҚР Қаржылық нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында арнайы реестр бар, сол арқылы жеке тұлғалардан, яғни азаматтардан ақша тарту туралы лицензиясының бар-жоқтығын тексеріп алу керек. Одан кейін қазіргі ақпараттың қолжетімділігі заманында компания туралы кез келген ақпаратты алуға болады. Сол ақпаратты міндетті түрде алып, тексеру керек», - деді спикер.
Азаматтың әрбір салған сомасына белгілі бір құжат, түбіртек міндетті түрде берілуі керек. Сонымен қатар келісімшартқа қол қойған кезде, онымен мұқият танысып алу керек.