RSS лента

Кибералаяқтардың арбауына түспеу үшін не істеу керек?

  • 01.04.2021, 20:20,
  • 654
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Қазір жұртшылық әлеуметтік желілерде белсенді. Бірі – қоғамды толғандырған тақырыптарды талқыласа, енді бірі бизнеске қатысты мәселелерді көтереді. Алайда, ғаламторды арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін пайдаланатындар да бар, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Мамандар «интернетте онлайн қызмет пен саудасаттық түрлері дамыған сайын онымен бірге кибералаяқтық та қатар жүріп келеді» деп дабыл қағуда.

 

Жүзеге аспаған «жоспар»

 

Әлия есімді қала тұрғыны «ғаламтордағы алаяқтың арбауына түсе жаздадым» дейді. Ол Olx.kz сайтына «жиһаз сатамын» деп хабарландыру берген екен. – Ватсап нөміріме хабарласқан клиент затты мен сұраған бағаға сатып алуға дайын екенін айтты. Тіпті, көрмей жатып ақшасын төлейтінін жеткізді. Ол өзінің Зайсан қаласынан екенін сылтауратып, Olx.kz сайтының жеткізу қызметіне жүгінетініне сендірді. «Сатып алушы» маған ақшаны сайт арқылы төлегенін, артынша чат арқылы бір сілтеме жіберіп «Осыған кіріп, төлемге келісім мен кепілдік ақысын беру керек» деп жазды, – дейді Әлия.

 

Ол смартфон функцияларының қырсырын түсінбегендіктен қыздарынан «бұл қалай?» деп сұрайды. Сол бойда Olx-те жеткізу және төлем жасайтын қызметтің жоқ екені белгілі болып, «сатып алушының» әрекеті әшкере болады. Тәртіп сақшылары алаяққа алданған адамдардың уақыт өткізбей, дереу полицияға арыздануы қажеттігін айтады. Өткен жылы пандемияға байланысты кибералаяқтық фактісі 37 пайызға өскен. Әсіресе, пәтерді жалға беру, онлайн несиелер ресімдеу, «Доходный бизнес», «Колеса КЗ» интернет парақшаларында автокөліктің қосалқы бөлшектерін сату, жұмысқа орналастыру бойынша алдап-арбау деректері көп тіркелген. Анықталмағаны одан әлдеқайда көп болуы мүмкін. «Себебі, алданған жұрт шығын көлемі көп болмаса, полицияға шағымдана бермейді» дейді мамандар.

 

Тергеудегі қиындықтар

 

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Көшқалиевтің айтуынша, интернеттегі алаяқтықтың формасы әртүрлі. Мұндай істерді тергеудің қиындықтары да көп екен. Себебі, ақпараттық технологияның дамуымен қатар алаяқтық әдістер де жаңарып, күрделелене түскен. Қаскүнемдер ақшаны иелену мақсатымен жетілген айла түрлерін іске асырады. Былтыр алаяқтық құқық бұзушылығы үшін 208 тұлға күдікті ретінде жауапкершілікке тартылған. Оның 85- не қатысты қылмыстық істер сотқа жолданып, 123 адамның ісі тоқтатылған.

 

Жалпы, интернет-алаяқтықтың көбеюіне бірқатар фактор себепші.

 

– Бірінші себебі, ақпараттық құрылғылардың адамның күнделікті өмірінде жиі қолданылуына байланысты дер едім. Атап айтқанда, онлайн тауар сатып алу, жалға алу, ақша жіберу, интернет-банкинг, басқа да интернет арқылы жасалатын қызметтер. Екіншісі – әлемді әуре-сарсаңға салған пандемияға байланысты көпшіліктің үйде отырып жұмыс жасап, онлайн жеткізу, онлайн тапсырыс беру қызметтері. Бірақ, ең бастысы – ол адамдардың аңқаулығы деуге болады. Кибералаяқтықтың дені интернет желісінде WhatsApp, Instagram, Telegram, т.б. мессенджерлер арқылы жасалады. Ал, жәбірленушілер интернетпен байланысты қандай да бір әрекет (сату, сатып алу, жалға алу, қаражат жіберу) жасау кезінде кіммен сөйлесіп отырғанын және қандай тауар сатып алып жатқанын нақтыламай, ақшасын алаяқтарға аударып жібереді, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары.

 

 Айтса айтқандай, таяуда белгісіз адам атыраулық белгілі блогердің атын жамылып, оның таныстарынан ақша сұраған. Бір апай өтініш жасаған жанға 67 мың теңгені аударып та үлгереді. «Мен ешкімнен ақша сұрағаным жоқ. Бұл көптен бері алаяқтар пайдаланып жүрген іс. Абай болыңыздар! Қалайша, сұрады екен деп салп еткізіп ақша аудара саласыздар!?» деп парақшасына жазған блогер адамдардың аңғалдығына қынжылған еді.

 

«Адамды еріксіз сендіреді»

 

Алаяқтардың мұндай тәсілінен алданып қалғандар аз емес. Сондай жәбірленушінің бірі – Нұрсұлу Бақтыгереева редакцияға хабарласып, алаяқтың құрбаны болғанын айтты. Кибералаяқ WhatsApp мессенджерде жаңа аккаунтқа оқырманның суретін сақтап, сипаттамасына аты-жөнін жазып қойған. Сөйтіп, сол адамның таныстарына жазып, қарызға ақша сұрайды.

 

– Бір туысқаным мен жазды деп ойлап, қажетті қаражатты картаға аударып жіберген. Көбіне қасында адамдар барын ескертіп, телефонмен сөйлесе алмайтынын жазыпты. Сөйтіп, белгілі бір соманың қажет болып тұрғанын айтып, қарызға ақша сұраған. Ал, өзге танысым ондай сомада ақша жоқ десе, «Қазір қанша бар, сонша жіберші. Кешке қайтарып беремін» деп сендірген. Бұл іс бойынша қазір полиция тергеу амалдарын жүргізіп жатыр,-деп сөзін аяқтады біздің оқырман.

 

Бүгінде азаматтардың дербес деректерін пайдалану арқылы оларға онлайн-несиені ресімдеу жағдайлары жиілеп кетті. Әккі қулар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде хат алмасу жолымен азаматтардың сеніміне кіріп, карточкалық шоттар, оның ішінде CVV-код туралы деректерді хабарлауды сұрайды екен. Мейрамгүл Иманғалиеваның банк саласында алған білімі мен тәжірибесі бар. Қаржы нарығын бір адамдай біледі. Алайда, жалған менеджер «Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрмыз» дегенде қалай сеніп қалғанын аңғармапты.

 

– Маған хабарласқан адам «сіздің шотыңыздан шетелге заңсыз қаржы аударылған» деді. Бірер күн бұрын интернет-дүкеннен тауар сатып алып, ақшасын төлеген едім. Осы төлем базадан көрінген шығар деп ойладым. Кәдімгідей сендім. Сосын ол менен картада жазылған ақпараттарды сұрай бастады. Сұрағанын айтып бердім. Тек картадағы 3 санды сұраған кезде мұның заңсыздығы ойыма сап түсті. Оған «мен де банк саласында жұмыс істеймін, сіздің ондай ақпаратты сұрауға құқыңыз жоқ» деп едім, тұтқаны қоя салды. Қоңырау шалған нөмірді тергенімде ол абонентті сөндіріп тастаған болып шықты, – деген Мейрамгүл олардың өз құрбандарын барынша зерттеп алатынын айтты.

 

Қалай сақтануға болады?

 

Интернет алаяқтары өте айлакер және түрлі нәрселерді ойлап табады. Бір қарағанда олардың сөздері күмән тудырмайды, еш жалғандық таппайсың. Бәрін сауатты айтқанда еріксіз сендіреді. Істің мәнін білетін немесе ондайлардың қақпанына түсіп қалған тәжірибелі адам болмаса, елітіп кетуің әбден мүмкін. Ендеше, ғаламтор желісіндегі алаяқтардан қалай сақтанған жөн? Бұл сұрақты тәжірибелі IT-маманы Тимур Жалғасбаевқа қойған едік.

 

 – Соңғы уақытта «кибералаяқ» деген термин кең етек жайып, алданғандар қатары көбейіп барады. Қазір алаяқтық жолмен ақша табудың танымал болып тұрған үш жолы бар. Алғашқысы – фишинг. Яғни, сізге банк қызметкері ретінде хабарласып, картаңыздың ақпаратын сұрап алады. Екінші түрі – «хабарламалар сайтынан тауарыңызды сатып аламын» деп, жалған сайт арқылы картаның ақпаратын жаздырып алады. Ондай сайттар әдетте бірекі күннен соң бұғатталып қалады. Үшіншісі – ұялы телефонымыздағы қаржы қосымшалары. Яғни, ол нөмірге сәйке стендірілгендіктен «құпия сөздерді» (пин код) біліп алып, басқа шотқа аударып алуы мүмкін, – деп түсіндірді өз саласының білікті маманы.

 

Тимур Жалғасбаевтың айтуынша, ғаламтор желісінде арзан тауар болса, сатушы аванс немесе банк карточкаларының ақпаратын сұратса, бейнебайланыс жүйесі арқылы сатушының өз төлқұжатын көрсетуді сұрауы керек. Ең бастысы, банк шотының толық нөмірін, растау кодтарын, құпия кодтарды басқа тұлғаға айтпаған дұрыс.

 

– Сондай-ақ, күмәнді сілтемелер арқылы жеке ақпараттарды енгізу талап етіледі, осылайша алаяқтар ақша жымқыруға ұмтылады. Ең болмағанда сайттың атауын, мекен-жайын көріп, доменнің дұрыс жазылғанына мән беріңіз. Дұрысы былай: сайт сілтемесі – olx.kz, сайттың мобайл сілтемесі – m.olx. kz, бизнес парақша атауы name.olx.kz деп келеді, – деп кеңес берді Т.Жалғасбаев

 

Мамандар кеңес береді

 

Ғаламтордағы алдаудың барлық тәсілін атап беру мүмкін емес. Қылмысты ашылу жетістігінің кепілділігі полиция органына уақытылы хабарлау, сондай-ақ, болған жағдайды нақты және толық суреттеу болып табылатынын атап өткіміз келеді. Соған сәйкес жеделіздестіру және тергеу амалдары жүргізіледі. Кез келген азамат алаяқтардың қақпанына түскен жағдайда ең алдымен жергілікті полиция бөліміне арыз жазуы қажет. Мұнда жәбірленуші болған жағдайдың мән-жайын толығымен айтып беруі шарт. Яғни, алаяқтың абоненттік нөмірін, банк картасының нөмірін, әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларын (егер бар болса) және т.б. Күдікті тұлғаларды ұстауға көмектесетін кез келген ақпаратты жасырып қалмауы қажет.

 

Өскемендік тұрғын 13 атыраулықтың қаражатын жымқырған

 

«Anti-fraud» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Шығыс Қазақстан облысының 26 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол Атырау қаласының тұрғындарын «азық-түлік жеткіземін» деп алдап, алаяқтық жолымен ақшаларын иемденген. Осы мақсатқа «Яндекс такси» қосымшасын пайдаланған. Күдіктінің интернет-алаяқтықтың 13 эпизодына қатысы бар екендігі дәлелденді. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.

 

ТҮЙІН:

 

Пандемия кезінде интернет, телефон арқылы қылмыс жасайтын айлакерлердің арбауына түсіп, сан соғып қалғандардың саны азаймай отыр. Мысалға келтірілген жағдайлар сенгіш азаматтардың арқасында пайда тауып қалуды көздеген қылмыскерлердің жасайтын әрекеттерінің тек бірнеше тәсілі мен сызбасы ғана. Ал, бұдан сабақ алып, қорытынды шығаруды оқырманның жауапкершілігіне қалдырдық. Егер кибералаяқтықтың құрбаны болсаңыз, онда дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға кеңес береміз.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости