Осыған орай, біз «Атырау қаласы әкімдігінің «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің баспасөз өкілі Аңсаған Сағынбаеваға сауалдар қойған едік. Сөйтсек, дәретханалардың өзі жеке сенімгерлік басқаруға берілмеген екен. Жеңіс саябағын сенімгерлік басқаруға беруге 25 тамыз күні тендер жарияланбақ. Саябақ аумағы мен ондағы нысандардың тазалығына сенімгерші басқарушы міндетті болып саналады. Дәл қазір Махамбет-Исатай алаңы тендерге жариялануда. Ал, үшінші дәретхана пайдалануға дайын. Салмақты себептермен (Коммуникация жүйесінің жүргізілуіне орай. Авт.) тұралап қалған онда жарық пен кәріз жүйесі іске қосылған. Алдағы уақытта сатып алу құқығынсыз сенімгерге берілмек.
– Әуелде дәретханалар бағасының қымбатшылығына қатысты тұрғындар арасында түсініспеушілік орын алды. Біз мұның жай ғана көше дәретханасы емес, қоғамдық стационарлық нысан екенін ескерттік. Бұлар мүмкіндігі шектеулі жандарға өте қолайлы, пандустары бар. Қажетті құжаттарды дайындау, қондыру және қосу, салық пен банк комиссияларын ескерсек, баға өте орынды. Мұнайлы шаһар күн сайын көркейіп, жан-жақты дамып келеді. Жаңа алаңдар салынып, бұрынғылары қалпына келтірілуде. Сол даңғылдар мен көшелерде мәдени-көпшілік шаралар көптеп өтеді. Сондайда қала тұрғындары дәретхана іздеп, уақыт жоғалтпауы керек қой.
Қаражат тек құрылысқа емес, сонымен бірге, инфрақұрылымдық-коммуникациялық жүйелерді жүргізуге де жұмсалады ғой. Жердің асты-үстімен кететін құбырлар мен сантехникалық керек-жарақтар тағы бар. Сондай-ақ, су жиналмайтын сапалы шатыр, гетерогенді жабынды, коррозияға төзімді металл бөлшектері, полимерді қаптама, мұның бәрі қып-қызыл ақша екенін ескерген жөн. Бюджет қаржысына сатып алынған бес әжетхананың үшеуі Жеңіс саябағы, Махамбет-Исатай алаңы мен Авангард ықшамауданының соңғы аялдамасында тұр, - дейді ол.
Айта кетейік, бұл мәселеге орай, қала тұрғындар да өз ұсыныс-тілектерін жолдай алады. Бұл үшін ғаламторға кіріп, «Instagram» желісіндегі – @zhkhatyrau және «Facebook» желісіндегі – @zhkhatyrau1 парақшаларына хабарлама жазуға болады.