RSS лента

Бәрі де біздерсіз шешілді: кейбір павлодарлықтар көшелердің қайта аталуына неліктен наразы?

  • 19.04.2020, 20:23,
  • 1 523
  • 0
  • Автор: NTleukesh

15 сәуірде Павлодарда кей ғимараттарда жаңарған көше атаулары жазылған маңдайшалар пайда болды. Осыған орай, ғаламтор желісінде (коронавирустың арқасында пікірталастар қазір онлайн түрде ғана өтеді) көше атауларына қатысты тағы да қызу пікірталастар басталды. Ұлтжандылықтың жоқтығы мен басқа да түрлі айыптар тағылуда. Сонымен, бұл даудың басты себебі неде?

Әңгімені мына бір қарапайым шындықтан бастаған жөн болар. Азаматтар өз ойларын білуге құқылы және сол құқығын қорғай да алады. Әрине, тек заң аясында ғана. Сондықтан мемлекеттің аумақтық тұтастығы дау туғызуға тиісті емес. Павлодар тәуелсіз зайырлы Қазақстанның бөлінбес бөлшегі, солай болды және солай болып қала бермек. Ал, ондағы көше атауларына келсек, бұл бағытта енді пікір таластыруға әбден болады. Өкінішке орай, Қазақстандағы пікірталас деңгейі мен мәдениеті тым төмен: қатысушылардың көбісі пікір тек «менікі» және «дұрыс емес» болып бөлінеді деп санайды. Оның үстіне, екі тарапқа да солай.

 

Енді әлгі дауға қайта оралатын болсақ. Жаңа топонимикалық талап бойынша Димитрова көшесі Аймауытов болып өзгертілмек. Бұған қарсылық танытушылардың арасында болгардың революционер-коммунисі Георгий Димитровтің жанкүйерлері бола қоюы және Павлодарда дүниеге келген қазақтың керемет жазушысы Жүсіпбек Аймауытовқа қатысты қарсылық танытуы екіталай. Олар бұл жерде жаңа атауларға емес, шешім қабылдар алдында пікірлерінің ескерілмегеніне наразы. Ал, жергілікті шенеуніктер бұл мәселеде «халық пікірімен» санасқандарын айтады.

 

«Жыл бойы облыс және қала әкімдерінің блогына біздің Ұлы дала тұлғаларының атын иемдену жөнінде арыздар келіп түсті. Сондай-ақ, ақсақалдар, ардагерлер кеңесі, қоғамдық ұйымдар мен шығармашылық интеллигенция өкілдері де хабарласты. Бұның бәрі ұжымдық арыздар болатын», - деп мәлімедеген еді өткен жылдың қарашасында Павлодар әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Самал Бегалинова.

 

Басқаша айтқанда, әкімдік жаңа атаулар қою бұл еріккеннің ісі емес, қоғам өкілдерінің ұсынысы екендігін айтады. Әйтсе де, жоғарыда аталған қоғамдық ұйымдар қала тұрғындарының барлығының, тым болмаса, маңызды бөлігінің ой-пікірін қаншалықты ескеріп отыр? Ал, «асқақалдар» мен «шығармашылық зиялы қауым» ұғымдары мүлде бұлыңғыр естіледі. Қоғамдық бірлестіктерге қатысты мұндай қайшылықтар тек Павллодарға ғана емес, күллі Қазасқтанға да тән.

 

Жарайды, құп делік, біз демократиялық мемлекетте өмір сүреміз немесе солай болуға тырысып-бағамыз: әкімдікке кім арызданса, шенеуніктер олардың сөзіне құлақ асуға тиіс. Сол секілді, қарсы пікірлерді де ескеру керек. Сондықтан пікір алмасатын алаң ұйымдастыру қажет. Әкімдік бұл тапсырманы тындыра алды ма?

 

«Бұл арыздың бәрі де жіті қаралып, қоғамдық тыңдау өткізу үшін қалалық мәслихатқа жолданды. 18 қарашада Павлодардың 150 тұрғынының қатысуымен бұл тыңдаулар да өтті. Онда құрметті азаматтар, барша қоғам мен жастар да болды», - деп мәлімдеді Самал Бегалинова.

 

150 адам – Павлодар жұртының 0,05%-ы. Кез келген көппәтерлік үйдің өзінде 150-ден де көп адам тұрады. Ал, бұл жерде 13 көше атауы туралы мәселе көтеріліп отыр ғой. Осы орайда, мынандай сауал туындайды: пікірталасқа неліктен аз адам қатысқан? Жауап шенеуніктердің келесі мәлімдемесінде жасырылған: «Қоғамдық тыңдау өткізілетіні жөнінде күнтізбелік 30 күн бұрын «Сарыарқа Самалы» және «Звезда Прииртышья» газеттерінде, сондай-ақ, қалалық мәслихаттың ресми сайтында жарияланды».

 

Өкінішке орай, павлодарлық мәслихат сайтының оқылымы нақты көрсетілмейді. Бірақ, жергілікті тұрғындар оған тым болмаса аптасына бір рет кіріп отыруы екіталай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Twitter мен Instagram сияқты заманауи әлеуметтік желі мүмкіндіктерін пайдаланып, «естуші үкімет» үрдісін қалыптастырып жатыр. Ал, павлодарлық шенеуніктер болса, ескі дәстүрді сақтап, ең маңызды хабарландыруларды жергілікті баспа құралдары арқылы беруде. Әріптестерімізге деген зор құрметімізді білдіре отырып, бірақ, бұл екі газетке де ерікті-мәжбүрлі түрде жазылатынын айтқымыз келеді.

 

Көшелердің жаңаша аталуына қарсы тарапты түсінуге де болады. 40 жыл бойы 1 мамыр (Қазақстанның тамаша мемлекеттік мейрамдарының бірі – ҚР халықтарының бірлігі күні) көшесінде тапжылмастан тұрып келген адам бір таңда тұрып әлеуметтік желі арқылы енді ол Павлодарда бұған дейін де бар Мәшһүр Жүсіп көшесінде тұратынын біледі. Әрине, ол түк түсінбестен шенеуніктерге сауал жолдайды. Ал, ондағылар мұны халық, яғни, өзі шешкенін айтады. Сөйтіп, ол әлеуметтік желіде өз наразылығын білдіреді. Ол жерде оны «патриоттық сезімі жоқ» деп кінәлайды. Жоғары айтып өткеніміздей, мәселе Мәшһүр Жүсіпте емес, қоғам пікіріне қырын қараушылықта жатыр.

 

Қалыпты демократиялық жүйеде қос тарап өз ойларын ашық білдіріп, пікір таластырады. Нәтижесінде, көпшіліктің дауысымен шешім шығарылады. Ал, аз дауысқа ие болғандар әділ шешіммен келісе кетеді. Бірақ, павлодарлық жағдайға келер болсақ, мұнда кімнің көп дауыс жинағаны да түсініксіз.

 

Ең бастысы, Павлодардың тағы бір топонимикалық ерекшелігін ескеру керек. БАҚ-да қала атауының өзгертілетіні туралы түрлі алыпқашпа әңгіме көп. Оның үстіне, әркез әр атау ұсынылады. Бір қызығы, бәрі де көмескі тартады: Кереку (кейбір павлодарлықтар әзілдейтіндей, «Кукареку»), Сарыарқа, Қимақ, Нұршаһар, Нұркент т.б. Кейде, тіпті, Қазақстан картасында бар атаулар да ұсынылады. Мәселен, солардың бірі – Ертіс. Бұл аттас елдімекен Павлодарда бар ғой. Тіпті, осындай ұсыныстарды қала тұрғындары мен сол қалада туылғандар емес, басқалардың ұсынатынын қайтерсіз?!

 

Бір нәрсені жақсылап түсінуіміз керек, қала атауына қарсылықтың арғы жағында қорқыныш жатыр. Павлодарлықтар бір күні «Типичный Павлодар» Instagram-паблигінен департамент басшысының: «Жергілікті қыр тушкандарын қорғаушылардың ресми клубының ұсынысы негізінде Павлодар қаласының атауы «Тушканқала» деп өзгертілді. Бұл шешімді қабылдауға 150 емес, 170 адам қатысты» деген сөзіне куә болып қаламыз ба деп қорқады. Бірінші сәуірдегі әзілге ұсқайды, бірақ, көптеген павлодарлықтар үшін бұл күлкілі көрінбес еді: алыпқашпа әңгімелердің көптігі сонша, қай ақпаратқа сенудің өзі қиын. Тәжірибе көрсеткендей, небір маңызды шешімдер көптің пікірін ескерместен шығарылып жатыр...
Оставить комментарий
Последние новости
Все новости