RSS лента

Қазақстанда енді несие алуға тыйым салына ма?

  • 07.06.2021, 18:06,
  • 1 114
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Қазақстанда несие рәсімдеуге ерікті түрде тыйым салатын қызмет түрі енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Бұл қызмет біреудің атын пайдаланып несие алатын алаяқтарға тосқауыл бола алады.

 

«Агенттік азаматтардың қарыз алуға «ерікті түрде тыйым салу» құқығын іске асыру мүмкіндігін қолдайды. Келісілген ұстанымды әзірлеу үшін Агенттік Ұлттық Банкі, «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» және кредиттік ұйымдармен бірлесіп кеңес өткізді, оның барысында қатысушылар ұсынылған стратегияны қолдады» делінген Қазақстан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Айгүл Құспанның депутаттық сауалына берген жауабында.

 

Бұл механизмді енгізу үшін азаматтың өзі жазбаша тыйымды басқара алатындай процесті толық реттеу қажет болады. Өйткені, оның өмірлік жағдайы өзгеруі мүмкін немесе басқа себептер туындап несие алу мүмкіндігін қарастыруы мүмкін. Сондай – ақ «ерікті түрде тыйым салуды» бір терезе арқылы немесе кредиттік ұйымдар арқылы орталықтандырып бекіту мәселесін пысықтау қажет.

 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алуға «ерікті түрде тыйым салуды» енгізу азаматтарға қиындық тудыруы мүмкін деп хабарлады. Яғни, оларға қажет болған жағдайда қарызды ресімдеу үшін ерікті түрде тыйым салуды алып тастау процесінде органдарға жүгінуге қосымша уақыт қажет болады. Сондай-ақ, алаяқтар немесе клиент жүгінген кредиттік ұйымдардың қызметкерлері қатарынан алаяқтармен сөз байласқан тұлғалар клиентке кредит беруге белгіленген тыйымды өз бетінше алып тастай алады және оған жаңа қарыз ресімдей алады деген де болжам бар.

 

Мамыр айының ортасында депутат Айгүл Құспан елде несиелік алаяқтық кесірінен ауыр жағдай орын алғанын мәлімдеді. Мәселені шешу үшін депутат азаматтардың несие ашуға «ерікті түрде тыйым салуды» рәсімдеу мүмкіндігі бойынша ресейлік тәжірибені қолдануды ұсынып отыр.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости