Жеке куәлігін бір жыл ішінде екі реттен көп ауыстыруға өтініш бергендерге енді 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем жасау керек болады. Яғни құжатына ұқыпсыз қарап, жиі ауыстыратын азаматтар 3063 теңге салық төлейді.
Сонымен қоса, шетелге жиі шығатындарға паспортты қайта рәсімдеу бағасы 12 айлық есептік көрсеткіш болып бекітілмек. Бұл дегеніміз 36 756 теңге. Дегенмен, паспортты бір рет алу бағасы өзгеріссіз қалды. Оған 24 500 теңге төленеді. Сондай-ақ, 16 жасқа толғаннан кейін 10 жылға берілетін жеке куәлік алу бағасы 612 теңге көлемінде болмақ. Егер жеке құжаттың мерзімі өтіп кеткеніне бір ай болса, 21 500 теңге шамасында айыппұл салынады.
Есесіне балаларға арналған паспорт арзандауы мүмкін. Өйткені ата-анасымен шетелге шығатын 16 жасқа толмаған балаларға жеке төлқұжат рәсімдеу отбасына қаржылық жүктемені арттырады. Әрі, балалардың түрі ересектерге қарағанда әлдеқайда жылдам өзгергендіктен, құжатты да жиі өзгертуге тура келеді. Осыған байланысты кәмелетке толмағандарға берілетін төлқұжаттар үшін мемлекеттік баж салығын 24 мың теңгеден, 12 252 теңгеге төмендету ұсынылды.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу Ашық үкімет порталында талқылануда.