RSS лента

Жол сапасы бойынша Қазақстан 93-ші орында

  • 18.07.2022, 02:07,
  • 300
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Ресми ақпарат көздерінен алынған деректерді келтірсек, Қазақстан жол сапасының көрсеткіші деңгейінен әлемде 93-ші орында екен. Тек биылдың өзінде еліміз бойынша республикалық маңызы бар жолдардың 91, жергілікті жолдардың 85%-ын нормативтік жағдайға келтіру жоспарланған. Ол үшін республикада жалпы ұзындығы 4,3 мың шақырым автокөлік жолдарын қайта жаңғырту және жаңадан салу көзделген, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.



 Мысалы, Атырау облысында ғана жол сапасын 61-ден 70 пайызға көтеру межеленіпті. 


Тексерумен кемшілік түзеле ме?

Биыл мұнайлы өңірдің орталығында жалпы ұзындығы 135,8 шақырымдық 230-ден астам көшеге тақтайдай тегіс жол төселеді. Сол тізімде көлік көп жүретін Мұхтар Әуезов, Сырым Датов көшелері мен Азаттық даңғылы бар. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Ержан Хайноллаевтың айтуынша, «Тұрғындар қалашығы» шағынауданындағы М.Әуезов көшесінде ұзындығы 2,8 шақырымнан астам жолды қайта жаңғырту жұмыстары қарқын алған. Қазір оның ескі асфальты қырып алынып, негізгі қабатына дейін тазартылған. Санаулы күннен соң құрылыс қалдықтары қала сыртына шығарылады, ал жол табаны тегістеледі. Төрт жолақты жолдың көлік жүретін бөлігінің ені 14, жаяу жүргіншілер жолының ені 1,5 метр болуы тиіс. Шілдеде басталған жол құрылысы қарашаға дейін аяқталуы тиіс. Бұдан бөлек, Азаттық даңғылының М.Әуезов көшесі мен қиылысынан «Балықшы» шағынауданы бағытына қарайғы 2,5 шақырымы да жаңадан салынады. Мұнда да бірнеше қабаттан тұратын ескі асфальт толықтай тазартылып алынды. Бүгінде оның табанына малта тасты құмды қоспа төселіп жатыр. Мердігер компания – «Атырауинжстрой» ЖШС бұл жұмысқа 20-ға жуық түрлі техника мен 50-ге жұмысшыны жұмылдырған. Дегенмен, бұған қарап, бәрі жақсы деп бағалау да қисынсыз.

 

Шұрық-тесік қайдан пайда болады?

Жуырда «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының инженер-техник мамандары жол құрылысы мен қолданып жатқан материалдардың сапасына тексеру жүргізген. Осы мақсатта құрылысқа қажетті малтатасты және қиыршықтасты құмды қоспалардан сынама алынып, қазір ол орталық зертханада сараптамадан өткізілуде. Мамандар одан оң нәтиже алынатынына сенімді көрінеді. Әйтсе де, «жауапкершілік пен тиянақтылық болмаса, тексеріп, шара алумен кемшілік түзеліп кетер ме?» деген сауалдың көкейімізде ұялап қалғанын жасыра алмадық. Десек те, қазір құрылысы жүріп жатқандарын айтпағанның өзінде, бұған дейін пайдалануға берілген автокөлік жолдарының сапасы да тиісті стандарттар мен техникалық талапқа сай келе бермейтіні жасырын емес. Әсіресе, республикалық маңыздағы жолдарға қарағанда, жергілікті жолдардың жай[1]күйі қынжылтады, бір сөзбен айтқанда, сын көтермейді. Ащы да болса шындығы сол, жыл сайын көктем шығысымен қала жолдары шұрық-тесікке айналады.

 

Құрамы келіспесе, құрылысы да оңбайды

аяқталмаған«Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК филиалының директоры Бекбол Мұқашовтың баяндауынша, 2019 жылы кәсіпорын мамандары барлығы 40-қа жуық жолды (оның 15-і – облыстық маңызға ие) тексерген. Жүргізілген 442 тексерудің 52-сінде ақаулықтар анықталған. Соған байланысты, жол құрылысына пайдаланылған материалдардан 400-ге жуық сынама алынған. Зертханалық тексерулер қорытындысы 31 сәйкессіздікті анықтапты. Одан кейін де жалпы облыс аумағындағы жолдарда осындай шаралар жалғасып, онда да көптеген кемшіліктің беті ашылған. Анықталған әрбір жағдай бойынша жауапты лауазым иесіне ескерту жасалып, әкімшілік жазалау шаралары қолданылған. Соған қарамастан, мұндай жағдайлар жыл сайын қайталанып отыратынын да қадағалаушы ведомствоның басшысы жасырған жоқ. Расында да, қанша жерден сапаға көңіл бөліп, қауіпсіздік қағидаларын ескеру қаперге берілгенімен, күні бүгін өңірдегі жолдың жайы көңіл көншітпейтіні айна-қатесіз шындық. Тіпті, даладағы жолды былай қойғанда, қалаішілік жолдың жағдайы да ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Бір қарағанда тақтайдай тегіс көрінетін жолдың бойында бір сәтте-ақ ойық-шұңқырлардың қалай пайда болатынына тоқталайық. Тиісті талап бойынша қайта жаңғыртылған немесе жаңадан салынған, күрделі жөндеуден өткен жол бірнеше жылға шыдас беруі шарт. Тек ауа температурасының құбылуына байланысты түрлі деңгейдегі жарықшақтар пайда болуы мүмкін. Оны ерте көктемде анықтап, шұғыл шайыр құю керек. Егер әлгі көрініп тұрған жарық уақытылы бітелмесе, көктемгі қар мен жаңбырдың суы асфальттың астыңғы қабатына өтіп кетеді. Жолдағы ойық, тіпті кейбір жерлерде апан шұңқырлардың пайда болуы сондықтан. Сарапшылардың пайымдауынша, салынған жолдың әп-сәтте жарамсыз болып, көлік қозғалысына қауіп туғызбауы үшін әуелі оның сапасына, сосын талапқа сай күтіп-ұсталуына баса көңіл бөлген дұрыс. Жол сапасына әсер ететін тағы бір фактор – қыста жолды қар мен мұздан тазалау үшін себілетін инертті қоспалар құрамының талапқа сай болмауы. Қоспаның 30 пайызы ғана тұз, қалған 70 пайызы топырақ болу шарт. Алайда, кейде керісінше болып шығатынын да жасырмаған жөн.

 

Аяқталмаған жолдың азабы да аз емес

Атыраулықтар үшін тағы бір өзекті мәселе – «Ақтөбе-Атырау-РФ (Астрахан бағыты)» республикалық тасжолы құрылысының тұралап қалуы. Қазір мұны салалық министрлік қатаң бақылауға алып, сең қозғалғанынан да хабарлымыз. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтап, халық игілігіне беру күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселенің бірі болып отыр. Облысқа жұмыс сапарымен келген республика Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жол құрылысына жауапты барлық мердігерлерге осындай нақты тапсырма беріп, қатаң міндет жүктеді. Бізге белгілісі, жалпы ұзындығы 277 шақырымдық тасжолды қайта жаңғырту 6 бөлікке бөлінген. 2020 жылдың желтоқсан айында 20 шақырым жол (833-853 км аралығы) пайдалануға берілді, қазір – кепілдік мерзімінде. Биыл жұмыс 5 бөлік бойынша жалғасып жатыр. Атап айтқанда, 648-693 шақырым аралығындағы қайта жаңғырту жұмыстарын итальяндық «Тодини Коструциони Дженерали С.п.А.» фирмасы, ал 693-753 шақырым аралығын түріктің «АНТ Иншаат Маден Санайи А.Ш.» АҚ-ның қазақстандық филиалы жүргізуде. Кейбір бөліктерде жолдың негізін төсеу жұмыстары жалғасуда. Министрдің тапсырмасына сәйкес, енді бұл жол уақытылы әрі сапалы салынуы тиіс. Құрылысты тезірек аяқтау үшін «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмеуі керек. Бүгінде қайта жаңғырту жұмыстары мен құрылысқа қажетті материалдардың сапасы қатаң бақылауда. Былтыр осы жолдың 5 бөлігіне 149 рет тексеруге шығып, құрылыс материалдарынан 208 сынама алынған. Мердігерлерге 30-ға жуық ескерту берілгенмен, екеуінде зертхананың жоқтығы белгілі болыпты. Сондай-ақ, техникалық қадағалаушының жұмыс орнында болмай, қыс мезгілінде қар уақытында тазаланбаған. Ал, жазда жолға су шашылмай, айналма жол тегістелмеген. Сөйтіп, жол салу технологиясының бұзылуы анықталды. Қазір жолдың кейбір бөлігіне қара қиыршықтас төсеу жұмыстары басталды. Бұдан кейін жолдың беткі қабатына ірі түйірлі ыстық асфальт және қиыршықтасты мастикалық асфальтты бетон жабындысы салынады. Бүгінде көлік жүргізушілерін біраз әбігерге салып тұрған «Атырау-Индер» тасжолының «Атырау-Талқайраң» бөлігінде де жұмыс басталды. Бірінші деңгейлі жолды қайта жаңғырту 2019 жылы қолға алынып, аяқсыз қалған еді. Соның кесірінен жол бойында шұңқырлар пайда болып, жол жабындысы тозып, автокөліктер қарсы бағытқа шығуға мәжбүр болып жүр. Оның үстіне, түнде көше жарығы жоқ. Енді құрылыс аяқталғасын жарықтандырылып, жол белгілері орнатылмақ. Бірақ, оған дейін кім бар, кім жоқ десеңізші.

 

«Жақсысынан» гөрі «жаманы» көп

Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде облыс аумағында жалпы ұзындығы 3050 шақырымға жуық автокөлік жолы бар. Соның 1125 шақырымы – республикалық, 1927 шақырымы – облыстық және аудандық маңыздағы жолдар. Соның 1272 шақырымы – «жақсы» және «қанағаттанарлық» жағдайда. Осы көрсеткіштен-ақ облыс жолдарының жарамдылығы қаншалықты екенін аңғаруға болады.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости