Желіде бес полицейдің ісіне қатысты жұрттың жағасын ұстатқан видео тараған болатын. Енді қалалық №2 соты айыпталушыларға үкім кесті. Бұл туралы сот ісіне қатысқан "Каспиан ньюс" телеарнасының тілшісі мәлім етті. Күдіктілердің үшеуі 4, екеуі 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталғандар – 22 мен 29 жас аралығында. Әрқайсысы жәбірленушіге 500 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуі тиіс. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарында үш жыл жұмыс жасай алмайды.
Үкім заңды күшіне 15 күннен кейін енеді. Оған дейін айыпталушы тарап аппеляциялық шағым бермек. Олардың айтуынша, арыз берген азаматтың сот процесі кезінде алты түрлі жауап бергені есепке алынбаған.
«Іс бойынша алғашқы өткізген сараптама барлық заң талаптары бұзылып өткізілгені сотта дәлелденген болатын. Осында қатысқан Батыс Қазақстан сот-сараптамалық институтының сарапшылары өздігінен комиссия құрып, артқы датамен сараптама жүргізіп, ал, сараптамалық комиссия құру туралы бұйырық екі күннен кейін шығарылғаны анықталған еді. Біріншіден, бейнежазбада ешқандай да азаптау әрекеті жоқ. Екіншіден, жәбірленушінің жауабы тергеу кезінде алты рет өзгертілген. Бірде үш, бірде төрт адам ұстады деп айтады» дейді адвокат Руслан Жакупов.
Айта кетейік, атыраулық бес полицейге қатысты қылмыстық іс биыл жазда басталған еді. Олардың үстінен арыз жазған Руслан Қуанышқалиевтың сөзінше, құқық қорғау органының қызметкерлері оны ер адамды соққыға жықты деп тергеуге алған. Алайда тергеу барысында полицейлер Русланға істі мойындату үшін басына қапшық кигізіп тұншықтырғанымен қоймай, жұдырық жұмсапты. Сот отырысы басталған уақытта полицейлердің төртеуі жұмыстан шығарылса, біреуі өз еркімен кеткен.
Ал, Turantimes.kz тілшісі бұл істе шынайы жәбір көріп, тіпті, мүгедек болып қалған Саламат Жексемалының апасы Нұргүл мен ағасы Ержан Жексемалымен тілдесіп көрді. Олардың айтуынша, ақпан айында 40-45 жас аралығындағы атыраулық бес жігіт Аслан есімді азаматтың ауласындағы «времянкада» отырыс жасайды. Асланға бас қосайық деп қолқа салған Руслан есімді досы болатын. Ол өз айтуы бойынша үйінен арақ алып келеді. Оларға Ардақ пен Тимур, кейін Саламат та қосылады. Руслан Саламатқа үйінен тағы да арақ алғызады. Сөйтіп, түс пен кештің ортасында отырыс жалғасады. Сосын арты төбелеске ұласады. Нәтижесінде, Саламат қатты соққының астында қалып, мүгедек болып қалады...
Таң атқан соң бәрі естерін жиып, жазадан жалтарудың жолын іздейді. Сөйтіп, Руслан Саламаттың ағасы Ержанға қоңырау шалып: «Кеше жігіттер болып отырғанбыз, Саламат мас болып сыртқа шығып кетіп еді, дүкеннің алдынан балдар ұрып кетіпті. Оны тауып алып түнде Асланның үйіне әкеліп жатқыздық. Әзірге есін білмейді. Келіп алып кетіңіз» депті. Мұны естіген Ержан бастапқыда бауырын далаға тастамаған жігіттерге риза болып, айтылған адреске жедел жетеді. Жылуы жоқ екі бөлмелі времянканың арақ ішілмеген келесі бөлмесінде түк киімсіз, ес-түссіз, астынан дәреті кетіп, мұз боп қатқан дәретінің үстінде сасып жатқан інісін көрген ағасының әлгі жігіттерге деген ризашылығы басылып қалады. «Киімдері қайда? Неге салқын жерде жатыр? Қасындағы диванға өздерің жатп, інімді неге кілемсіз еденге салғансыңдар?» деп оларға ұрсып, бауырын үйіне жеткізеді.
Жедел жәрдем мас күйде деп алмай кетіпті. Енді полицияға хабар бермекші болып отырғанда Ержанның үйіне кешкісін Руслан, Ардақ, Аслан үшеуі келіп кешірім сұрапты. Полицияға хабарламауын өтініп, дәрі-дәрмекпен, ақшалай көмектесеміз деп уәдені үйіп-төгіпті. Ержан оларға «неге өздері жасамаған ісі үшін кешірім сұрап тұр?» деп күмәнмен қарайды. Содан оларға «Саламат жазылғанша қасында боласыңдар» деп ескертеді.
Кешкісін бауырын облыстық ауруханаға апарады. Әлгі жігіттер ешқандай дәрі-дәрмекпен көмектеспейді. Ал, келесі күні ауруханадан полицияға Саламат туралы хабарлама түседі. Осы сәттен бастап қалалық №1 полиция бөлімінің жедел уәкілдері оқиға куәгерлерін іздестіріп, Ардақ, Аслан, Руслан бөлімшеге жеткізіледі. Ақыры, үш түрлі бөлмеде жауапталған үшеудің екеуі шындықты, яғни, Русланның «тауып алдық деп айтайық, әйтпесе менен көреді» деп ұсыныс айтып, жоспар құрғанын айтып береді. Бұл – Саламаттың туыстары айтып отырған әңгіме.
«Арада 9 ай өтсе де, Руслан бостандықта жүр. Ал, Саламат 80 пайыз жұмыс жасау қабілетінен айырылып, екі ай ес-түссіз ауруханада жатты. Төрт баланың әкесі соққы салдарынан үйдің «бесінші баласына» айналды. Себебі, миға қатты зақым келген. Оны нақты кім ұрды? Төбелес қалай басталды? Кінәлі кім? Неге зерттелмейді?» деп ашынады олар.
Айта кетейік, сағызша созылған бұл іс туралы бұған дейін де бірнеше рет жазылған болатын.