Бұрынғы полицейді биылғы сәуір айында алқабилер соты Д.Флойдтың өліміне кінәлі деп тапқан болатын. Сол уақыттан бері ол қамауда отыр. Бұл іс Америкада жаппай наразылық тудырып, әлеуметтік толқынысқа алып келді. Үкімді жарияламас бұрын судья Питер Кахилл 270 ай немесе 22 жылдан астам түрме жазасын тағайындауға не түрткі болғанын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, ол өзінің түйінін 22 бет параққа тізіп жазған және қорытынды «эмоция немесе симпатияға негізделіп емес, заңды анлиздерге сүйене отырып жасалған». Джордж Флойдтың өліміне қатысты Дерек Шовиннен бөлек айып тағы үш полицейге тағылған болатын. Олардың әрқайсысының кінәсын прокурор үкім шығар алдында жария етті. Джей Александер Кунг, Ту Тао және Томас Лейн әрқайсысы екі бап бойынша айыпталуда: бұл - алдын ала жоспарланбаған кісі өлтіру фактісіне қатысу және арандату, қасақана болмаған кісі өлімі. Оларға қатысты сот 2020 жылдың наурызында өтетіні жоспарланған.
Еске салайық, 2020 жылдың 25 мамырында оңтүстік Миннеаполисте 46 жастағы ер адам дүкенде темекі сатып алған. Сатушысы оған жалған ақша төленді деп есептеп, Флойд темекіні қайтарудан бас тартқаннан кейін полиция шақырған. Дүкенге келген төрт полицей оның қолына кісен тағып, көлікке отырғызбақ болған. Бірақ Флойд қарсылық көрсеткен. Полицейлер оны тротуарға жатқызып, Д.Шовин оның мойнын тізесімен басып тұрған (прокурордың айтуынша 9 минут бойы). Қалған екі полицей Флойдты ұстап тұруға көмектессе, тағы бір әріптестері жағдайға араласпақ болған адамдарды маңайға жолатпауға тырысқан. 9 минут ішінде Джордж Флойд тыныс ала алмай жатқанын 20-дан астам рет айтқан. Афроамерикалық азамат есін жоғалтқаннан кейін оны полицейлер көлікке тиеген. Бұл оқиғаға куә болғандар жазып алған видеода көрінеді. Бір сағаттан кейін ауруханада Флойд қайтыс болды.