RSS лента

Сардоба су қоймасындағы апатқа кінәлілер сотталды

  • 11.05.2021, 11:35,
  • 660
  • 0
  • Автор:
Автор фото: әлеуметтік желі

Өзбекстан жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Сардоба су қоймасының жарылуына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімін шығарды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Сот ісін қарау 2020 жылдың 21 желтоқсанында басталды. Процесс жабық түрде жүрді. Оған себеп қылмыстық істе мемлекеттік құпия санатына жататын материалдардың болуы.


Сот «Узтемирйулкурилишмонтаж» кәсіпорны директорының бұрынғы орынбасары М.Холматовқа 10 жыл түрме жазасын берді. Оған «ірі көлемде ақша жымқыру», «жалған құжат жасау», «тау, құрылыс немесе жарылыс жұмыстарын жүргізуде қауіпсіздік ережелерін бұзу» баптары бойынша айып тағылған.


UzGIP жобалау бөлімінің бұрынғы бастығы С.Руднев болса бес жылға бас бостандығынан айырылды. Оған да жоғарыда көрсетілген үш бап бойынша айып тағылған. Ал «Сырдария су құрылыс инвест» мемлекеттік біртұтас кәсіпорнының бұрынғы басшысы С.Абдуназаров 5 жылын түрмеде өткізетін болады.


Айыпталғандар қатарында шенеуніктер, құрылысшылар, инженерлер, еншілес компания өкілдері де бар. Оларға берілген жаза әртүрлі. Атап айтқанда, алты айыпталушыға түрме жазасы берілген, біреуінің бостандығы шектелген. Қалғанына айыппұл салынып, кейбір айыпталушылардың бірқатар құқығы шектелген.


Одан бөлек, сот жауапкерлерді ақша жымқырудың салдарынан мемлекетке келген шығын көлемін өтеуге міндеттеді.

Сардоба су қоймасы 2017 жылы қазіргі президент, сол кездегі премьер-министр Шавкат Мирзияевтің бастамасымен салынған. Оның құрылысына бюджеттен 404,4 млн.доллар бөлінген.


Еске сала кетсек, былтыр 1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысында Сардоба су қоймасы жарылып, 6 адам қаза тауып, шамамен 70 мың адам эвакуацияланған еді. Ондаған адам Қазақстанның Өзбекстанға жақын орналасқан Түркістан облысына көшірілді. Түркістан облысының Мақтаарал ауданында да кемінде бес елдімекен зардап шекті. Ресми мәлімет бойынша, 900-ге жуық үй бұзылған, 7 мың гектар егістікті су шайып кеткен. Шамамен 300 ірі қара мал өлген.


Сарапшылар қорытындысында бөгеттің жарылуына жобалау, салу және пайдалану кезінде кеткен қателіктер себеп болды деп жазылған. Алайда кейбір мамандар апатқа жаппай жемқорлық, атап айтқанда, құрылыс барысында бетондар мен құрылыс материалдарының ұрлануы себеп болуы мүмкін деп топшылаған.

ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ:
Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости