RSS лента

ТШО-ға талапты күшейту керек!..

Автор фото: ашық дереккөз

Бүгінде республикалық деңгейде көтеріліп жүрген Теңіз кенішіндегі 28 күндік ауысымдық жұмыс әдісін 14 күнге ауыстыру мәселесі тағы да қозғалды, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Бұл жолы проблема республика Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Аmanat» фракциясының мүшелері Дүйсенбай Тұрғанов пен Әділ Жұбановтың Атырауға жасаған сапары барысында айтылды. Қос депутат «Теңізшевройл», «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В» компаниялары мен «Ембімұнайгаз» АҚ-ының өкілдерімен кездесті. «Атырау» газеті жазғандай, мәселе алғаш рет жақында Мәжіліс төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутаттардың «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайонмен кездесуі кезінде қозғалды. Онда Ерлан Жақанұлы атыраулықтарды толғандырып жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, компания басшылығына нақты талаптар қойды. Соның бірі – Теңіз кенішіндегі жұмысшыларды 14 күндік вахталық әдіске көшіру мәселесі.

 

Қазір кеніште «Теңізшевройл»- дың 74 мердігері болса, оның тек 2-еуі ғана, яғни 4868 адам 14 күндік ауысыммен жұмыс жасап жатыр. Қалған компаниялардағы барлығы 58464 еңбеккер 28 күндік ауысымда еңбек етеді екен. Енді «Теңізшевройл» өз мердігерлерімен тиісті келіссөздер жүргізіп жатыр. Алға қарай Теңіз кенішіне жұмысқа қабылданатын азаматтар жұмыс берушімен ұжымдық және еңбек шартына қол қоярда қалаған ауысымдық әдісті таңдауына толық құқылы.

 

Ал, Атырау облыстық әкімдігінде өткен кездесуде депутаттар сауалына компанияның Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімі бас менеджерінің орынбасары Хэмиш Полс жауап берді. Оның айтуынша, бұл әдіс компанияның Келешек кеңею жобасында еңбек ететін жұмысшылар үшін тиімсіз. Негізгі өндіріс, яғни мердігер мекемелер өздеріне қолайлы үш түрлі ауысымдық әдіспен еңбек етуге құқығы бар. Қазір компания бұл мәселенің шешімін табу жолдарын қарастырып жатыр екен. Хэмиш Полс мырза еліміздің Еңбек кодексіне арқа сүйейтінін алға тартты. Шынында да, нормативтік құқықтық құжаттың «Вахталық жұмыс әдісі» деп аталатын 135-бабының 4-бөлігінде: «Вахтаның ұзақтығы күнтізбелік он бес күннен аспауы тиіс» деп көрсетілгенімен, келесі жолда: «Жұмыскердің жазбаша келісімімен вахтаның ұзақтығы ұжымдық, еңбек шарттарына сәйкес күнтiзбелiк отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін» деп, тайға таңба басқандай жазылған. Демек, вахтаны 28 күнге ұзарту немесе қысқарту тікелей компания басшысына байланысты емес, онымен ұжымдық және еңбек шартына отырған қарауындағы жұмысшы-қызметкерлердің еркінде екен. Бірақ, бізде көбінесе еңбеккерлер өз құқын білмей, басшының қас-қабағына қарайтыны да жасырын емес. Сол себепті, жұмыстан айырылып қалмауды ғана ойлайтын жұмысшы жазбаша келісімге қол қоя салады. Мәселенің толыққанды шешілмей, сағыздай созылып келе жатқаны да сондықтан.

 

Ендеше, ТШО-ға халықтың атынан талап қойып отырған депутаттардың пікірі дұрыс па, әлде Еңбек кодексіндегі 135-бапты алға тартқан Хэмиш Полстікі жөн бе? Әрине, сол күнгі кездесуге облыстық мәслихат депутаттары Абдолла Ідірісов пен Жеңіс Әбілқарес те қатысып отырды. Осы мәселеге байланысты олар да ой-пікірін ортаға салды. Бірі «шетелдік мамандар 28 күн, ал қазақстандық жұмысшы-қызметкерлер 14 күн жұмыс жасаса» десе, екіншісі Еңбек кодексінің 135-бабындағы «вахтаның ұзақтығы отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін» деген сөз тіркестерін мүлдем алып тастауды ұсынды. Бұл жерде соңғы ұсыныстың да жаны бар. Өйткені, Кодексте көрсетілген талап бойынша компания басшыларына кінә артудың жөні жоқ. Соған қарамастан, Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Хэмиш Полстың кейбір жауабына қанағаттанбайтынын жасырмады. Шамасы, мердігерлермен келіссөздің баяу жүріп жатқанын меңзесе керек. Өйткені, мәселе көтерілгелі көп уақыт өткені белгілі.

 

Дүйсенбай Нұрбайұлы Келешек кеңею жобасы толық аяқталғаннан кейін қысқартудың құрығына іліккен жұмысшылардың тағдырына да алаңдаушылығын білдірді. Ал, компания өкілі бұған да жауап тапты. Ол ТШО арқылы 2019-2023 жылдар аралығында қосымша кәсіби мамандыққа оқыту курстарына жіберілген жергілікті жұмысшылардың деректерін тізбектей жөнелді. Арасында курстан «қатырма қағаз» алып, басқа саладан кәсіп көзін тапқандар да бар екен. Ал, Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов «Ембімұнайгаз» АҚ-ына қарасты кеніштердегі ескі ұңғымалардың қараусыз қалғанына ренішін білдірді. Әсіресе, Мақат пен Доссордағы әр жердегі қарақшыдай көне құрылғылар талапқа сай бекітіліп, бітелмеген. Исатай ауданындағы Аққыстау, Тұщықұдық ауылдарының қазіргі жай-күйі мәз емес. Оған қарап, бұл жерді мұнайлы аудан деп айтуға ауыз бармайды. Әлеуметтік жауапкершілік мәселесін қозғаған халық қалаулысы ірі компания басшылары тарапынан пайдасын көріп отырған өңірге жанашырлық сезімнің жоқтығына қынжылыс білдірді. Осы арада таяқтың бір ұшы ТШО-ға да тиіп кетіп жатты.

 

– Егер «Ембімұнайгаз», «Теңізшевройл» сияқты компаниялар жергілікті әкімдіктің нұсқауын күтпей-ақ, өз еркімен шептік қамқорлық жасап тұрса, онда 30 жылдың ішінде Аққыстау қалаға бергісіз поселкеге, Құлсары Атырауға бергісіз шырайлы шаһарға айналар еді, - деп өкінішін білдірген Әділ Орынбасарұлы «Теңізшевройл» ЖШС-ның «Игілік» бағдарламасы арқылы бөлінетін қаржының игерілмей қалған бөлігін келесі жылға қалдырып, 25 миллион АҚШ долларының көлемін өсіруді ұсынды.

 

Бұл жерде депутат «Келешек кеңею» жобасы іске қосылғанда, компания табысының қазіргіден де арта түсетінін меңзеп отырғаны белгілі. Өйткені, инфляция қысқан сайын 25 миллион доллардың құны төмендеп бара жатқаны да анық. Ал, Хэмиш Полс мырза мәселенің акционерлер арқылы шешілетінін айтып құтылды. Соған байланысты, Әділ Жұбанов компания басшылығына қосымша екі ұсынысын да жасырмады. Олар – Құлсарыдан 2-3 шақырым жерге төгілген қоқысты Сарықамыстағы мұнай қалдықтарын өңдейтін орынға тасып, орнын тазалап беруге жәрдемдесу және Құлсары қаласынан кәріз суын тазарту қондырғысын салу.

 

Кезек «NCOC N.V» компаниясына келгенде, депутаттар ТШО-мен «жылап көріскендей» болды. Өйткені, компанияның Мақат ауданы алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің құны бар болғаны 5 миллион АҚШ доллары екен. Бір жақсысы, «Игілік» бағдарламасы секілді емес, NCOC игерілмеген қаржыны келесі жылға қалдырады. Бірақ, компания өкілдері тек бұл қаржымен шектелмей, облыстың игілігі үшін қосымша 25 миллион АҚШ доллары қаралып отырғанын жеткізіп, көңіл тоғайтып қойды. Екі сағатқа тарта болған кездесу соңынан Әділ Жұбанов отандық және шетелдік компания басшыларына арнайы дайындалған бейнеролик көрсетті. Онда өз ауылын шынайы қамқорлыққа алған шаруа қожалығы мен толық серіктестік іргелес елді мекенді қамқорлыққа алып, ауылды гүлдендіріп, адамдарын түрлендіріп жібергені көрсетілген.

 

– Осы азаматтар секілді сіздер де шынайы жанашырлық танытып, өндіріс аумағы маңындағы елді мекендерді қамқорлыққа алсаңыздар онда Аққыстау, Мақат, Құлсары дәл бүгінгідей мүшкіл хал кешпес еді, - деген Әділ Орынбасарұлының түйінді сөзі алпауыт компания басшыларына ой салғандай болды.

Оставить комментарий
Последние новости