RSS лента

Телефонға телмірген қамсыз қоғам

  • 13.06.2023, 18:48,
  • 427
  • 0
  • Автор:
Автор фото: ortalyq.kz

Түрлі зерттеулер нəтижесі көрсеткендей, жасөспірімдер уақыттарының басым бөлігін ұялы телефон мен оның түрлі функцияларын пайдаланумен өткізеді, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Жастар арасында смартфон арқылы хаттарды жіберу, оны алу жəне оқу кең таралған. Алайда, психолог мамандар хат алмасу ешуақытта бетпе-бет əңгімелесудің орнын баспайтынын ескертеді.  Бұл туралы «Атырау» газеті жазады.

 

– Себебі, сөйлесу арқылы қатынас орнатудан басқа байланыс түрлері баяндау тəсілі мен сезімдерді жеткізуге нұқсан келтіретін көрінеді. Телефонды қолдануға тəуелді болған балалардың көбісінің өз-өзіне сенімділігі төмендеп, олардың басқалармен қоғамдық қатынас орнатуы қиынға соғады. Сондай-ақ, ұзақ уақыт бойы ұялы телефонды қолданып, өз уақытын телефон арқылы сөйлесу немесе хаттар жөнелтумен өткізген бала психикалық ауытқушылықтарға душар болуы ықтимал, -дейді тəжірибелі психолог Нəсіп Қуанова.

 

Оның үстіне, смартфонды үздіксіз пайдаланудың жеткіншек үшін зиянды жақтарының бірі – ойының бөлінуі жəне оқу үлгерімінің төмендеуі. Яғни, қалтафонды мектепке алып, барған оқушының бағалары айтарлықтай төмендеген.

 

– Негізі, оқу орнына смартфтондар əкелуге тыйым салынған. Бірақ, онсыз тағы болмайды. Қоғамда жиі кездесіп жатқан түрлі келеңсіз жағдайларды е стіп, көріп отырған соң, телефонсыз мектепке жіберуге қорқасың. Ата-аналардың басым көпшілігі оны баланы бақылап отырудың əдісі ретінде қолданады. Педофилизмге қатысты оқиғалар көбейген кезде байланыс құралының маңызы зор. Дегенмен, ата-ананың бəрі бірдей оған мүмкіндігі жоқ. Ұялы телефонның зардабын біле тұра, оны пайдалануға мəжбүрміз, - дейді бізбен əңімесінде жас ата-ана Рая Иманғалиева.

 

Бұл пікірдің жаны бар. Қауіпсіздікті алдыңғы кезекке қойған ананың ойымен келіспеске болмайды. Қоғамда кездесіп жатқан жантүршігерлік жағдайларды естігеннен кейін бəріміздің де баланың амандығын тілеумен отыратынымыз жасырын емес. Десек те, көшпен ілесе келетін аждаһаларға төтеп беріп, ұлттық құндылықтарымызды жойып алмау үшін не істеу қажет? Біле білсек, смартфоннан да келетін қауіп аз болмай тұр.

 

– Жас ұрпақты қалыптастыру жолында ұялы телефон қолданып, пайдалануға үзілді-кесілді қарсымын. Өйткені, оның жасөспірімдер үшін физикалық тұрғыдан да зардабы көп. Телефонның электромагниттік толқындары ересектерге қарағанда балалар мен жасөспірімдерге көбірек нұқсан келтіреді. Кейбір еуропалық елдер адам көп жиналатын автобус сияқты қоғамдық орталарда ұялы телефонды қолдануды дұрыс деп санамайды. Себебі, телефонның толқындары пайдаланушының өзіне ғана емес, сонымен қатар, төңірегіндегі жандарға да əсер етеді. Жақында Швейцария мен Аустрияда отбасыларға жасы 16-ға толмаған балалардың телефонды қолданбауына ескерту жасалғанын газет беттерінен оқығанмын. Кейбір ғалымдар жүргізген зерттеудің нəтижелері ұялы телефонды қолдану мен мидың қатерлі ісіктеріне шалдығудың арасында байланыстың бар екендігін көрсетті, - дейді КСРО Білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері Злила Шопанова.

 

Қалай болғанда да, өзіміздің ұрпағымызды сырттан біреу келіп тəрбиелеп бермейді. Рухани бай, саналы болашақты қаласақ, ұлттық құндылықтарымызды тар шеңберде шектемей, дəріптеу жұмыстарын мектеп партасынан бастау керек. Мəселен, жақында Алматыдағы білім ордаларының бірінде батырлар жырынан жарыс өтіпті. Былай қарағанда, шағын ғана мектептегі кезекті шара болғанымен, оның тəрбиелік мағынасы зор. Шыны керек, қазір жаңылтпаш айтудан, жұмбақ жасырудан сайыстар сирек өтеді. Киелі жерлерді танып-білуге арналған экспедицияларды оқушылар арасында өткізсе қандай жарасымды? Арамызда туған ауылының атауын толық білмейтіндер бар. Сондықтан, рухани құндылықтарды дəріптеуде танымдық шаралардың орны бөлек.

 

Елімізде, қала берді өңірімізде жүзеге асып жатқан игі істер жетерлік. Мəселен, жуырда қаладағы маршруттарда жаңа автобустар жүре бастады. Солардың ішіне Атыраудың белгілі адамдарының суреттері ілініп, шағын ақпараттар берілсе жастардың аймақтың дара тұлғаларын білуіне оң септігін тигізер еді. Мысалы, Халел Досмұхамедовтың фотосы мен ол туралы қысқаша мəлімет жазылса, онсыз да номофобтарға айналып бара жатқан жас буынның ардақты есімдерін тануына ықпал етері сөзсіз.

 

Ашық дереккөздер мəліметіне сүйенсек, номофобия ағылшынның No-жоқ, Mobil – телефон, Fobia – қорқыныш сөзінен алынған. Бұл термин 2010 жылы ағылшынның Почта офисі зерттеулерінен кейін пайда болған. Оған 21 мың адам қатысқан. Сауалнамаға қатысушылардың 53 пайызы телефондарының батереялары отырып қалса немесе байланыс аясынан тыс жерде екенін білсе бойларында қорқыныш сезімі оянатынын мойындаған. Əйелдердің 58 пайызы, ерлердің 47 пайызы ұдайы телефонының өшірулі болғанына алаңдайтынын жеткізді. Ал, 9 пайызы қорқыныш сезімі болатынын мойындаған. Зерттеуге қатысқан адамның 55 пайызы телефонды жұмыс жəне жақындарымен байланыста болу үшін ғана қолданатынын айтты.

 

«OnePoll» мен «SecurEnvoy» компанияларының анықтауынша, номофобиядан азап шегушілердің қатары күн санап өсіп келеді. Əрбір үш адамның екеуі «ұялы телефонын жоғалтып аламын ба» деген қорқынышы бар екендігін мойындаған. Əсіресе 18 бен 24 жас аралығындағы жастар. Сонымен қатар, мамандар күйзеліс пен номофобияның байланысы жоқ екендігін айтады. Психологиялық ауытқуларды зерттейтін орталықтың басшысы Рэнди Маккейб «Телефонды жоғалтып алудан қорқу бар болғаны уақытша құбылыс» деп жорамалдайды.

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости