МАМЫР АЙЫНЫҢ 1-ІНЕН БАСТАП «ДИПЛОММЕН – АУЫЛҒА!» БАҒДАРЛАМАСЫ АРҚЫЛЫ БАСПАНАЛЫ БОЛҒАНДАР НЕСИЕСІН «ОТБАСЫ БАНКІ» АРҚЫЛЫ ТӨЛЕЙДІ. ОСЫ УАҚЫТҚА ДЕЙІН МАҢЫЗДЫ ЖОБАНЫҢ ҚАТЫСУШЫЛАРЫ АТАЛҒАН ҚАРЖЫ ҰЙЫМЫНАН АҒЫМДАҒЫ ШОТ АШЫП ҮЛГЕРУІ ТИІС.
Біреу білсе, біреу білмес, Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес, «Отбасы банкі» 1 сәуірден бастап «Дипломмен–ауылға!» жобасының сенімді агенті болып тағайындалды. Яғни, енді аталған бағдарлама бойынша баспана алғандар несиесін «Отбасы банкі» арқылы өтейді. Сондай-ақ, қазіргі жоба қатысушылары да осы қаржы ұйымынан ағымдағы шот ашуы қажет. Бүгінге дейін «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 536 атыраулық баспаналы болған. Қазірде бұрынғы оператордан «мұраға қалған» 400-ден астам бағдарлама қатысушысы ағымдағы шот ашып үлгерген. Десек те, мамандар бұл жаңалықты көпшілік адам біле бермейтінін айтады.
«Келесі айдан бастап ағымдағы шот ашпағандар несиелерін төлей алмауы мүмкін. Ал, қарыз өтелмеген кезде шарт бойынша өсімпұл жүре береді. Сондықтан, клиенттерге оңтайлы болуы үшін біз барлығына SMS-хабарлама, телефон арқылы хабарлап жатырмыз. Алайда, кейбірінің байланыс нөмірлері өзгеріп кеткендіктен жаңашылдықты жеткізе алмай отырмыз» деген мамандар ағымдағы шотты жеке кабинет немесе банк филиалдарының кеңесшілері арқылы ашуға болатынын жеткізді.
– Қосымша шот ашу қиын емес, ұялы телефон мен төлқұжатыңыз болса жеткілікті. Негізі, бұл бағдарламамен үй алғысы келетіндер «Отбасы банкінен» депозит ашқаны дұрыс. «Баспана маркет» порталымыз бар. Сол арқылы арыз беруге болады. Ал, жоба бойынша баспана бөлу, бағдарламаға сәйкестігін жергілікті атқарушы орын шешеді, - дейді «Отбасы банкінің» өкілдері.