Вице-министрдің айтуынша, биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 7,5 млн ауыл тұрғыны тұратын 6295 ауылдық елді мекен тіркелген. Ауылдық елді мекендердің дамуына жүргізілген талдау көрсеткендей, ел ауылдарының 78%-ында сумен жабдықтау қызметтері, 77%-ында интернет қолжетімді. Жергілікті жолдардың 90%-ы нормативтік жағдайда. 82,6%-ы денсаулық сақтау нысандарымен, 81%-ы білім беру нысандарымен және 59%-ы мәдениет және спорт нысандарымен қамтылған.
«Ауылдық елді мекендерден даму әлеуеті жоғары 3500 ауыл іріктеліп алынған. Оларда ауыл тұрғындарының 90%-ы өмір сүреді. Оның ішінде 1200 тірек ауылдары және оның айналасында 2300 жақын жердегі серіктес ауыл бар. Бұл ауылдарды қаржыландыру негізінен республикалық бюджет есебінен, соның ішінде «Ауыл - ел бесігі» жобасының шеңберінде жүзеге асырылады», – деді спикер.
Сонымен қатар ол еліміздегі ауылдардың өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкестігі туралы айтты. Өңірлік стандарттар жүйесі дегеніміз - сол ауылда азаматтардың өмір сүруіне қажетті болуы керек ең негізгі әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымдардың жиынтығы. Спикердің сөзінше, қабылданған шаралар мен өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес, ауылдардың орташа қамтамасыз етілуі 2021 жылы 64%-ды құрады.
«Ауыл - ел бесігі» жобасы 2019 жылдан бері жүзеге асырылуда. Жоба бойынша 2019-2022 жылдарға 326 млрд теңге бөлінді және 3700-ден астам жоба іске асырылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша 334 жобаны, әлеуметтік инфрақұрылымның 1200 нысанын және көлік инфрақұрылымының 2200 жобасын іске асыруға мүмкіндік берді. Соңғы жылдары барлығы 1031 ауыл жобалармен қамтылып отыр», - деді вице-министр.
Биыл «Ауыл - ел бесігі» жобасына 143 млрд теңге бөлінген. 736 ауылда 1500-ден астам жоба іске асырылды. Сондай-ақ 2023 жылдың бюджетін нақтылау барысында да қосымша 55 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Жалпы, «Ауыл - ел бесігі» жобасының өзіне 200 млрд-қа жуық қаржы бөлінгелі отыр. Бұл қосымша бөлінген қаржы 120-дан астам тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық нысанын, 275 әлеуметтік инфрақұрылым нысанын, 1300 көлік инфрақұрылым жобасын іске асыруға мүмкіндік береді.
«Одан басқа, ауылдық жерлерде кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында 2009 жылдан бастап «Дипломмен - ауылға» жобасы іске асырылуда. 2009-2022 жылдардың қорытындысы бойынша 95 мыңнан аса маман көтерме жәрдемақы және 45 мыңнан аса маман тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит алды. Биылғы жылы «Дипломмен - ауылға» жобасын іске асыруға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредиттер беруге 3800 маманға 20 млрд теңге қаржы бюджеттен қарастырылды», - деді Б. Омарбеков.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған «Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы» аясында ауылдарда инфрақұрылымды дамыту жұмыстары әрі қарай жалғасады. Бұл тұжырымдаманың негізгі мақсаты – халықтың табысының өсуі және ауылдық инфрақұрылымды дамытуда қамтамасыз ету арқылы ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту және жайлы өмір сүру ортасын құру.