Енді әр азамат ешқайда шықпай-ақ смартфон арқылы сенімхат ала алады. Бұл - үлкен бастама. Себебі, Қазақстан әлем бойынша осындай заманауи жобаны іске қосқан алғашқы мемлекеттердің қатарына еніп отыр.
«Бұл жоба әр азаматтың уақытын үнемдейді. Мысалы, жұмыстан болсын, ауруханадан болсын, шыға алмайтын әр түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Осы кезде онлайн түрде сенімхат алуға болады, бұлл өте оңай», - деді спикер.
Б. Молдабеков 17 жылда қазақстандықтардың eGov mobile арқылы жұмыс істеуге үйренгенін айтты. Бүгінде азаматтардың бәрінде eGov mobile қосымшасы бар.
«Сол қосымшаның басты бетіндегі «Цифрлық нотариат» деген жобаны басып, биометрия арқылы тіркеуден өтіп, сенімхат ұсынылатын азаматтың ЖСН теріп, ұялы телефоныңыздың нөмірін жазуыңыз керек. Одан кейін бейнеқоңырау қосылады. Арғы бетте нотариус бейнеқоңырау арқылы сізбен сөйлесіп, керек ақпаратты алып, керек сенімхатты толтырып, сізге көрсетеді. Егер сіз «иә, бәрі дұрыс» десеңіз ғана ол оған қол қояды. Ақысын төлеп, 2-3 рет қана түймені басу арқылы сенімхат ала аласыздар», - деді Б. Молдабеков.
Оның айтуынша, «Цифрлық нотариат» жобасы кеше сағат 3-те іске қосылған. Сол уақыттан кешке дейін 30 шақты сенімхат алынған. Жарты күннің ішінде 30 сенімхаттың алынуы жобаның азаматтар үшін аса қажет екенін көрсетіп отыр.
«Мысалы, біреу шетелде болып қалады, біреулердің отбасы ауылда болса, олар сенімхат үшін баратындай бір жағдайлар болып қалады. Бұл көп уақыт алады, көп шығын кетеді. Ал енді осындай цифрлық жобалар арқылы біз халықтың уақытын үнемдейміз, тез арада осындай сенімхат беретін боламыз», - деді вице-министр.
Жаңадан іске қосылған жобаның ауқымы ұлғая бермек. Әділет министрлігінің өкілі бүгіннен бастап егер осы сенімхат беру жобасы өзінің тиімділігін көрсететін болса, онда әрі қарай нотариустың басқа да қызметтерін іске қосу жоспарланатынын жеткізді.