RSS лента

Мұнай мол, мұңы жоқ елге айнала аламыз ба?

Автор фото: ашық дереккөз

Бүгінде сарапшылар аз мұнаймен көп табыс табуды алға тартады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

(Жалғасы. Басы осы сайтта)


...Кәсіпорынды аралау барысында біз зауыттың тете-президенті M.Y.Yoon мырзамен жүздестік. Ол бізге зауыттың технологиялық мүмкіндігімен қатар қысқаша құрылу тарихы туралы әңгімелеп берді. «S-Oil» зауытының іргетасы 1976 жылы Иран инвестициясының көмегімен қаланған екен. Зауытта 1700-дей адам еңбек етеді. 1991 жылдан бері басқару акциясының 53 пайызына ие болған Сауд Арабиясының компаниясы басшылық жасайды. Қалған акция корейлік «Hanjun Energу» холдингінің иелігінде екен. Зауытқа келетін барлық мұнай /100 пайыз/ осы елден тасымалданады. Шикізат жеңіл, орташа, және өте жеңіл топтарға бөлінеді және әр санаттағы мұнай жеке өңделеді. Өңделген мұнайдан 50 пайыз «Евро-5» стандартты бензин алынады. Жалпы, мұнайдың өңделу тереңдігі 90 пайызды құрайды. Қалған 10 пайызы да кәдеге асырылады. Одан су көліктеріне жанармай мен асфальт алынады. Қысқасы, шығынсыз өндіріс ошағы дегеніміз сірә, осы болса керек...

 

Зауыт 240 мың шаршы метр жерді алып жатыр. Егер ұлғайту қажет болса, жоғарыда айтқанымыздай, тек теңізге қарай аяқ созатын сыңайлы. Арақашықтық алшақ болғандықтан жұмысшылар ішкі қатынасқа мотороллер немесе автокөліктерді пайдаланады. Кездесу барысында «Каспий табиғаты» үкіметтік емес ұйымынң төрағасы Махамбет Хакимов бәріміздің көкейіміздегі сауалды көлденең тартты: – Өндірісте пайдаланған ақаба сулар /сточная вода/ қайда кетеді және ортаға тарайтын зиянды бу мен газды бақылау жүйесі қалай жүргізіледі? Сұрақтың жауабы біз үшін өте тосын болды. Себебі, ақаба сулар теңізге жіберіледі екен. Біз әрине, тағы да аудармашыға шүйілдік, оның сөзімізді дұрыс аударғанына күдіктенгеніміз рас. Ал, зауыт басшылығы болса, бақылау мониторингі дегенді түсіне алмай дал. Байқасақ, зауыттағы барлық үдеріс үнемі бақылауда болады екен. Тек біздегідей емес. Зауыт мұржалары мен теңізге қосылатын құбырларға есептегіш қондырғылар қойылған.

 

– Бұл қондырғылар арқылы барлық ақпараттар сағат сайын үкіметтік құзырлы органдарға автоматты түрде беріліп тұрады. Сондықтан, олар біздің тыныс-тіршілігімізді алақандағыдай көріп отырады. Өзіміз де зауыттың қалыпты жұмыс жасауына мүдделі болғандықтан үдерісті қатаң бақылауда ұстаймыз,- дейді зауыт басшылығы.

 

Содан да шығар, зауыт жұмыс жасаған осынша уақыт бойы бірдебір апатты жағдай тіркелмепті. Біздің өтінішіміз бойынша зауыттықтар бір тосын оқиғаға тоқталды. Онда да қаладан келетін электр желісі жер қазу жұмысы кезінде үзіліп кеткен де, зауыт біраз уақыт қуат көзінен ажыраған. Сол кезде зауытта жарылыс болмауы үшін газды ауаға жіберуге мәжбүрлік туындапты.

 

«Онда да барлық жағдай қатаң бақылауда ұсталды» дейді мұнай өңдеушілер.

 

Мұндай қауіпсіз жұмыс жүйесі зауытта қолданылатын озық технологияның арқасы екенін ешкім жоққа шығармас. Иә, мұндағы барлық қондырғы француздық «АXENS» компаниясының лицензиясына негізделген. Қазір зауытта каталитикалық крекинг, ароматикалық көмірсутегін өндіру кешені, гидрокрекинг ақаусыз жұмыс жасап тұр. Одан өзге параксилол өндіру қондырғысы бар. Ол өте үлкен. Бұрын жобалық құны жылына 900 мың тонна болса, қазір өндіріс көлемін жылына 1,5 млн. тоннаға дейін ұлғайтыпты. Шығарылған өнім /параксилол/ Қытай мен Үндістанға экспортталады. Біз аралап көрген Ульсан мұнай өңдеу зауытындағы барлық технологияның 95 пайызы біз әңгіме еткелі отырған АXENS компаниясының лицензиясы бойынша жұмыс жасайды. Сондай-ақ мұнда әлемдегі үздік саналатын UOP «Exmobil», «Duon» компанияларының да технологиялары өндіріске енгізілген. Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жарақтандыру барысында өндірістің қоршаған ортаға зияны туралы талай алқалы жиындарда айтылды. Дұрыс, келісіп пішкен тон әсте, келте болмасы анық. Қоғамдық тыңдау демекші, бұл шара да тек бізге тән дүние секілді. Мысалы, біз аралап көрген Кореяда қоғамдық тыңдау мүлде өткізілмейді екен.

 

«Қажеттілігіне қарай зауыт немесе қандай ма өндіріс орнын тұрғызу керек болса Үкімет шешім қабылдайды да біздер іске кірісеміз. Біз нені қайда салуды талқыға салмаймыз. Халық Үкіметке сенеді. Біз Үкіметтің талабынан ауытқымаймыз» дейді корейлік мұнай өңдеушілер.

 

Жасыратын несі бар, біз неге болса да күдікпен қарауға, секемденуге бейімдеу тұратымыз рас. Корейліктер қаншама жандарын салып түсіндіргенімен біз жоғарыда «ақаба су құйылады» деген теңіз табанын көзбен көруге тілек білдірдік. Ал, теңіз тап-таза екен. Түбі көрініп жатыр. Арамыздағы қызбалауымыз суға түсіп көрмек болған. Оған корейліктер «тоңып қалмаса өзі білсін» дегенді меңзеді. Сонымен теңіз суын кешіп көруге бел байладық. Түбі көрініп жатқан мөлдір судан түрлі теңіз жәндіктерін ұшыратуға болады. Демек, бұл судың ластанбағанын көрсететін негізгі фактор. Сеулден Алматыға табан тіреген біз әрине, өзара пікір алыстық. Көрген, түйгендерімізді ортаға салдық.

 

– Мен әлемнің талай елін араладым көптеген қаласын көрдім. Бірақ, Кореядағыдай таза ауаны сезбедім. Бұл алдымен көліктер тұтынатын жанар-жағармайдың сапасының жоғарылығынан болар, - деді бізбен бірге сапарлас болған атыраулықтардың бірі.

 

Шынында да статистикаға сүйенсек, ауаға тарайтын түрлі зиянды қоспалардың 78 пайызын автокөліктерден шығатын түтін құрайды екен. Бүгінде Қазақстан өзіне керекті жоғары октанды бензиннің 40 пайызын сырттан тасымалдап отыр. Ал, егер жоғарыда айтқан «Евро-5» стандартты бензин өзімізде өндірілсе, еліміз энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, сыртқа телміруден құтылар еді. Біздің делегацияның тағы бір белді мүшесі Махамбет Хакимовтың ойынша, бұл көргендердің барлығы біз үшін тосын да, қызық. Соның ішінде, зауытты жасыл желекке бөлеу біз үшін өте керек дүние.

 

«Қазір қаланы көгалдандыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Оған осы Оңтүстік Кореяның мамандарының тартылуы көңілге үлкен үміт ұялатады» деді ол. Сондай-ақ, мұнай өңдеушілер алдымен өндірістік қауіпсіз жұмыс жасауына мүдделі болуы керек. Себебі, кез-келген салаға озық технологияны енгізуге болады. Бұл жерде адамның, яғни маманның жауапкершілігі қашан да жоғары болуы керек. «Сонда ғана біздің зауыт осы Ульсандағыдай жасыл желекке көмкеріліп, қауіпсіз жұмыс жасайтын болады» деді Махамбет Хакимов.

 

Осы көргендерді қорыта айтар болсақ, егер ауамыз таза, жан-жағымыз жасыл желек көмкерген ел боламыз десек, осы заманғы озық технологияны өндіріске енгізуден қашпауымыз керек. Сонда біз сапалы өнімдер шығаруға қол жеткіземіз. Егер жанар-жағармайымыз сапалы болса, көліктер ақаусыз жүреді.

 

– Біздің негізгі мақсатымыз зауыттың жаңалай отырып ондағы қондырғыларды осы заманғы озық технологиямен біртіндеп алмастыру. Сол арқылы шығатын өнімнің сапасын арттырып, ішкі нарықты сапалы өніммен жабдықтау еді, біз ол мақсатқа қол жеткіздік - деді сол кездегі зауыт менеджерлерінің бірі Рустам Бисалиев.

 

Соңғы 10-15 жылда Қазақстан мұнай-газ саласында өңдеу өнеркәсібін өркендетуді қолға алды. Бұл да уақыт талабы. 1990-95 жылдары жылына 65- 70 млн. тонна «қара алтын» өндіретін еліміз халық тұрмысына қажетті жанаржағармайды сырттан тасымалдайтын. Яғни, шикі мұнайды шетелге шығарып, оның өнімін екі-үш есе қымбатқа кері сатып алып келдік. Бұл да бір кездегі орталықтандырылған кеңестік экономикалық жүйенің салқыны еді. Сондықтан, Қазақстан өндіруші елден біртіндеп өңдеуші, яғни дайын тауар шығарушы елге айналмаса, экономикасының өрге баспайтынын уақыттың өзі айқындап бере бастаған. Бұл әсіресе, мұнай-газ саласына тікелей қатысты.

 

Осылайша, 2003 жылы батыс өңірде Атырау мұнай өңдеу зауытын күрделі жөндеу жобасы басталған. Сөйтіп, осыдан 70 жыл бұрын іске қосылған көне кәсіпорынның екінші тынысын ашуға бағытталған жаңа жоба қолға алынған еді. Араға 15 жыл салып АМӨЗ зауыты толықтай қайта жарақтандырылды. Оның нәтижесінде кәсіпорын қуаты жылына 5 млн. тонна мұнай өңдеп, өңдеу тереңдігін 84 пайызға жеткізуге мүмкіндік алды. Қазір зауыттың жылына 1,5 миллион тонна жоғары октанды бензин шығаратын мүмкіндігі бар. Қосымша жылына 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол секілді жаңа өнімдерді шығаруға қол жеткізді. Бұл хош иісті көмірсутектер мұнай химиясы кешенінің негізгі шикізаты болатын. Оған Қытай, Үндістан секілді алып мемлекеттерден тапсырыстар түсе бастады.

 

Сондай-ақ, Атырау мұнай өңдеу зауытында тағы бір жоба – мұнайды терең өңдеу қондырғысының құрылысы басталды. Жалпы құны 1 млрд. 800 млн. АҚШ доллары болатын бұл жобаны іске асыруға 2014 жылы Қазақстан Даму банкі «Бәйтерек» холдингі арқылы 252 миллион доллар қарыз берген болатын. Ол жоба 2016 жылы толық іске қосылды. Оның нәтижесінде АМӨЗ бензиннің экологиялық талаптарға сай сапасы жоғары жаңа түрлерін шығара бастады. Бұл еліміздің ішкі нарығын жоғары сапалы жанар-жағармаймен қамтуға жағдай жасады. Мұнайды терең өңдеу жобасы аяқталған соң Атырау мұнай өңдеу зауытында өндірілген өнім көлемі бұрынғыдан 2,5 есе артып отыр. Бастысы, ол өнімдердің барлығы халықаралық стандарттарға негізделген. Ендігі мәселе – өндірістің қоршаған ортаға залалын мейлінше азайту. Бұл бағытта көптеген ілкімді жобалар бар. Оны жүзеге асыру үшін уақыт, сосын табиғат жанашылары мен қоғам белсенділерінің табанды талабы керек.

Оставить комментарий
Последние новости