Осылайша мемлекет ұңғымадан шыққан мұнайдан бастап тұтынушыға жеткенге дейінгі тізбекті түгелдей бақылап, көлеңкелі айналымға тоқтау қоймақ.
Бұған дейін кейбір мұнай компаниялары технологиялық шығынды желеу етіп нақты өндірілген мұнай көлемін, табысын жасыруды әдетке айналдырған еді. Енді елімізде өндірілетін қара алтынның 60 пайыздан астамы сандық бақылауға алынады. Ал жүйенің тиімділігін уақыт көрсетеді. Өйткені, көлеңкелі мұнай нарығының біраз бөлігін иеленіп отырған ұсақ компаниялар жүйеге енгізілмейді.
«Әзірге шағын компаниялар есеп-қисапты бұрынғыша қағаз түрінде тапсырады. Дегенмен, мұнай өндірумен бізде үш ірі компания бар екенін ұмытпаған жөн. «Теңізшевройл», НКОК, КПО және Қазмұнайгазға қарасты өзге де ірі кәсіпорындар. 2023 жылы қалғандары да жүйеге қосылады деген жоспар бар. Жоба әзірге пилоттық режимде» дейді сарапшы Асылбек Джакиев.
Сарапшының сөзінше, 2023 жылы мемлекет барлық мұнай кәсіпорындарын осы жүйеге қосылуға міндеттейді. Және ол компанияның өз қаражаты есебінен жүзеге асады.
Егер ақпараттық жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, елде өндірілген мұнайдың әрбір тамшысы бақылауға алынбақ. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы 2 жыл ішінде облыста мұнай ұрлап, заңсыз сату дерегі бойынша бірде-бір қылмыстық іс қозғалмаған. Ал, 2019 жылы 3 дерек тіркеліпті.