RSS лента

Қазақстанда шикізаттан басқа ештеңе жоқ па?

Автор фото: Turan Times

Мамандар шикізатқа тәуелді елде ештеңе өнбейтінін айтады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛАУЫМЕН ПРЕЗИДЕНТТІККЕ САЙЛАНҒАН ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ АЛЫС ШЕТЕЛДЕРГЕ АЛҒАШҚЫ САПАРЫН ФРАНЦИЯДАН БАСТАДЫ (БҰДАН БҰРЫН ПОСТКЕҢЕСТІК КЕҢІСТІКТЕГІ РЕСЕЙДЕ БОЛҒАН ЕДІ). КӘРІ ҚҰРЛЫҚТАҒЫ КӨШБАСШЫ МЕМЛЕКЕТ БҮГІНДЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕРІ БОЙЫНША ӘЛЕМДЕ АЛДЫҢҒЫ ТОПТА. ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ, ӨЗГЕШЕ ӘДІСТЕРДІ МЕҢГЕРГЕН КОМПАНИЯЛАРЫ ҚАЗАҚСТАНДА ТАБЫСТЫ ЖҰМЫС ЖАСАП ЖАТЫР. СОНЫҢ БІРІ «AXENS»-ТІҢ ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ СӨЗ ЕТКЕНДІ ЖӨН КӨРДІК...


АЗИЯНЫҢ АЛЫС ҚИЫРЫНА САПАР

 

2010 жылы Атырау облысынан түрлі мамандық иелерінің өкілдерінен құралған шағын делегация қиырдағы Оңтүстік Корея елін аралаған еді. Азияның алыс қиыры саналатын аралдар еліне бізді шақырған жаңа жерге деген қызығушылық ғана емес (шындығында бұл елді аралап көруге əбден тұрады), «дамыған мемлекет саналатын Кореяда мұнайды тереңірек өңдеу үдерісі қалай жүреді? Оны іске асырып жатқан француздық «АXENS» компаниясының жетістіктері қандай?» деген сауалдарға жауап іздеу еді. Себебі, аталған компания Атырау мұнай өңдеу зауытында тура осындай қондырғыларды іске қосатын болады. Атырау жұртшылығы өзі өмір сүріп отырған аймақтағы өндірістің айналаға тигізетін залалының қаншалықты қауіпті екенін білу керек екені жасырын емес.

 

Еліміздің негізгі көмірсутегі шикізаты қорының 64 пайызы орналасқан Атырау облысында бүгінде жүздеген мұнай өндіруші компания мен Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмыс жасауда. Оның тұрғын халықтың саулығы мен тал бесігіміз – табиғатқа келтіріп жатқан залалы жөнінде аз жазылып жүрген жоқ. Енді Атырау мұнай өңдеу зауыты қуатын арттырып, өндіріс көлемін ұлғайтар болса, оның қоршаған ортаға əсері қандай болмақ? Біздер міне, осы сауалдарға жауап іздедік. Сонымен жүз естігеннен бір мəрте көзбен көруді мақсат тұтқан журналистің жолжазбасына назар аударыңыздар. Іссапарды жоспарлаған Атырау мұнай өңдеу зауыты делегация құрамын жасақтағанда ыждағаттылық танытқаны байқалады. Талай сұрыптаудан өткен құрамда үкіметтік емес ұйымдар мен тəуелсіз экологиялық компания өкілдері, жобаны жоспарлаушы жəне оны жүзеге асыруға мүдделі компаниялар жəне бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері – біздер болдық. Топты француздық «АXENS» компаниясының аймақтық менеджері Фабьен Ленди мырза бастап жүрді. Енді неге Корея елі таңдалынып алынды, соған тоқталайық.

 

ШИКІЗАТ ӨНДІРМЕЙТІН ЕЛ

 

Бұл ел технологиялық тұрғыдан қарыштап дамығанымен, өз аумағында мұнай өндірмейді. Бұл таңдау ілкіде бізді де түрлі ойларға жетелегені рас. Алайда, Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулге келгенде Фабьен мырзаның аузынан естіген ақпарат бізді ғана емес, мұнай мамандарын да таң-тамаша қалдырды. Иə, Кореяда мұнай қоры жоқ. Соған қарамастан мемлекет аумағында 6 мұнай өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Мұнда жылына 150 млн. тонна мұнай өңделеді екен. Біз «мүмкін аудармашы қате түсіндірді ме?» деп анықтауға асықтық. Жоқ, шыны солай, жылына 150 млн. тонна мұнай өңделеді. Кореядағы зауыттар тікелей Араб елдерінен тасымалданатын мұнайды өңдеуге бағытталған. Егер жылына 80 млн. тонна қара алтын өндіретін Қазақстанның өңдеу қуаты бар болғаны 15 млн. тонна көлемінде екенін ескерсек, бұл – орасан зор көрсеткіш. Көлемі мен мұнай-газ қоры жөнінен Кореяны он орап алатын Ресейдің өзі жылына 160 млн. тонна мұнай өңдейді екен.

 

«Осынау шағын мемлекетке соншама мұнайды өңдеу неге қажет?» деген сұрақты біз қойған жоқпыз. Өйткені, бəрі айтпаса да түсінікті еді. Тəңірі аралдарға шашырап қоныстандырған шағын елді көмірсутегі шикізаты жөнінен кенде қылса да, ол олқылықты өздері толтырып отыр. Сол арқылы əлемдік мұнай нарығынан өз орнын алған Оңтүстік Корея мұнай-газ өнімдерін экспорттаудан алдыңғы қатарда. Жергілікті мұнай мамандарынан білгеніміз, қара алтынның қайырын көріп отырған олар келешекте Сосан қаласынан экспортқа негізделген мұнай өнімдерін шығаратын жылдық қуаты 24 млн. тонналық жаңа зауыттың құрылысын жоспарлап отыр екен.

 

АЛЫП АМЕРИКА ШАҒЫН КОРЕЯДАН НЕСИЕ АЛАДЫ

 

Сеул – елдің бас қаласы. Мұнда білгіміз келгені қаланың экологиялық ахуалы болды. Біздің түсінігімізде зиянды саналатын соншама өнеркəсіп шоғырланған елде қоршаған ортаның тазалығы ең өзекті мəселе болуы тиіс. Бар болғаны 98,5 мың шаршы шақырым жерге орналасқан Корея алты бірдей зауыттан тұншығып қалмай қалай тұр? Егер салыстырмалы түрде алатын болсақ, жылына 5 млн. тонна мұнай өңдейтін Атырау облысының алып жатқан аумағы 118 мың шаршы шақырым. Корей ұлттық мұнай компаниясы əлемнің 15 елінде 30-дан астам геологиялық барлау жобасына қатысады. Оның елден тыс жерде өндіретін мұнай көлемі 2 млн. тонна шамасында. Соған қарамастан Корея елі мұнай өнімдерін импорттаудан əлемдік бестікке енеді. Соған қарағанда сырттан тасылатын мол мұнай тасқынынан олардың табатын табысы біздің барлық өндіретін, өңдейтін мұнайдан табатын табысымыздан əлдеқайда артық болып отыр. Айтқандай, Корея алпауыт ел саналатын АҚШ-қа несие беруде Жапония мен Қытайдан кейін үшінші орында тұр. Түйіндеп айтқанда, Корея Американың несие беруші əлемдегі 3-ші импортері. Оңтүстік Кореяда өңделетін мұнайдың басым бөлігі (70- 75 пайызы) ОПЕК-ке мүше елдерден тасымалданады. Соның ішінде Сауд Арабиясы, Бірлескен Араб Əмірлігі, Кувейт, Иран, Индонезиямен келісім жақсы жолға қойылған. Мұнай Кореяға су жолы арқылы тасымалданады жəне барлық мұнай аса ірі өңдеуші зауыттар порттарда орналасқан. Ондай порттың саны бесеу. Сондықтан мұнда мұнай құбырларына қажеттілік жоқ. Өңделген мұнай көлемі елдің қажетінен артық болғандықтан қалған өнім көрші елдерге шығарылады. Мұнда мұнай құбырлары тек елдің ішкі қажеті мен негізгі мұнай өнімдерін сақтау қоймасына қызмет етеді. Сондай қалалардың бірі біз аралап көрген Улсан қаласы.

 

ҚАЛА ІШІНДЕГІ ЗАУЫТТАР

 

1,1 млн. тұрғыны бар қала Жапон теңізінің жағалауын алып жатыр. Мұнда да 2 мұнай өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Бір таңқаларлығы, зауыттар қаланың ішінде орналасқан. Оның бірі «SK Corp» компаниясына қарасты зауыттың жылдық қуаты 40 млн. тонна, жылдық қуаты 25 млн. тонналық екінші мұнай өңдеу зауыты «S-Oil» компаниясына тиесілі жəне зауытпен көршілес аса ірі химия комбинаты бар. «Ол екі зауыттан шыққан шикізатпен жұмыс істейді» дейді мамандар. Соған қарамастан өндіріс ошағы орналасқан аймақ жасыл желекпен көмкерілген. Алып зауыттарды қаладан аласа ғана шарбақ бөліп тұр. Оның жоғарысына тартылған тікенекті сым темірлер жапырақтардың арасынан зорға көзге шалынады. Санитарлық қорғау белдеуі мүлде жоқ. Жақын үйлердің зауытпен арасы 800-900 метрдей ғана. Бұл ауданда 50 мыңдай адам алаңсыз тұрмыс кешіп жатыр. Келешекте зауыт теңізге қарай көлемін ұлғайтуды ойластырып отырған көрінеді.

 

– Ал, егер қажеттілік туындаса қаладан жер алу ойда бар. Ондай жағдайда тұрғындарға қаланың басқа аудандарынан баспана беріледі, - дейді корейлік мамандар.

 

Зауыт орналасқан жер теңіздің жағасы түгел дерлік орман алқабы десе болғандай. Ауасы таза, төгілген, шашылған өндіріс қалдығы байқалмайды. Гүлзарлар мен газондар көмкерген аймаққа алғаш қадам басқан адам бұл демалыс орны деп ойлап қалардай. Əрине, субтропикалық белдеуде жатқан Кореяның жанға жайлы климатын бізбен салыстыруға болмас. Мұнда шаншыған таяқ тал болып жетіледі. Сондықтан жасыл желек өсіруге біздің жердегідей артық шығын кетпейді. Соған қарамастан қала мен зауытқа жақын аумақты жасыл желекке орауды қолға алып жатқан бастаманы аяқсыз қалдыруға болмас. Бұл ретте Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығы корейліктердің тəжірибесін жергілікті жерде қолданса, қане? Жүздеген гектарға жетеді деген жасыл белдеу аумағы жобасы жүзеге аспай жатыр. Тағысын тағы. Жарайды, «мұның барлығы бізде де болсыншы» деген ізгі үміттен туған ойдың бір тіні ғана.


(Жалғасы осы сайтта)

Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости