RSS лента

Румыниядағы ірі компанияның басшысы Қазақстанға оралғысы келеді

  • 17.11.2021, 01:01,
  • 398
  • 0
  • Автор:
Автор фото: Turan Times

Румыниядағы «Rompetrol Well Services» компаниясының бас директоры Абзал Досжанов Қазақстанға оралғысы келетінін айтты, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

…Ол ауылдың қарапайым баласы. Бүгінде мұнай-газ саласы бойынша өзге елде жоғары лауазымды қызмет атқарып жүрген 20 қазақстандықтың бірі. …Әңгіме – Румыниядағы «Rompetrol Well Services» компаниясының бас директоры Абзал Досжанов туралы. Жуырда өз кәсібінің шебері атанған жерлесімізбен сұхбаттасудың сәті түсті.


Алғашқы қадам


– Абзал Серікұлы, алдымен өзіңіз туралы айтсаңыз,  Румыния еліне бару сіздің арманыңыз ба еді?


– Мен Атырау облыстық ұлттық гимназиясының түлегімін. 2001 жылы қаламыздағы С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіне оқуға түстім. Өйткені о бастан-ақ мұнай саласында еңбек етуді қалаған едім. Алғашқы еңбек жолым Атырау мұнай өңдеу зауытынан басталды. Әлі де болсын саланы танып, біліктілігімді шыңдай түсу үшін Франция мұнай институтында магистратура оқыдым. Кейін «ҚазМұнайГаз» компаниясының Румыния еліндегі нысанға өзіміздің мамандарды жинап жатқанын естіп, мен де сол топқа қосылып, 2010 жылы осы елге келдім.


Нарыққа шығатын соңғы нүкте


– Қазақстан мен Румыния арасында мәдени байланыс бар. Румын тіліне аударылған Абай еңбектерін жергілікті халықтың жылы қабылдағанын да білеміз. Ал, сіз басқарып отырған компания екі елді қалай байланыстырып отыр, қызмет жолыңыз туралы айтсаңыз?


– Мұнда келген кезде алғашында «Петромидия» мұнай өңдеу зауытында инженер болып қызмет атқардым. Арада екі жыл уақыт өткен соң  «Ромпетрол Нефтехимия» зауытының өндіріс директорының орынбасары, содан соң осы кәсіпорынның бас директорының орынбасары қызметіне көтерілдім. Ал, 2017 жылдан бастап осы елдегі барлық зауыттардың, базалардың теңіздегі қазақ мұнайын қабылдайтын жүзбелі терминалдың инвестициялық жобалары мен техникалық қызметін жасақтайтын «Роминсерв» компаниясын басқардым. Өткен жылдың қыркүйегінен бастап Румыниядағы «Rompetrol Well Services» атты  үлкен компанияның бас директоры қызметіне кірістім.

Анығырақ айтар болсақ, Қара теңіз жағалауындағы КМG-International (Rompetrol) құрамына кіретін «ҚазМұнайГаз»-дың технологиялық активі – «Петромидия» МӨЗ Румыния мен аймақтағы ірі мұнай өңдеу зауыты болып табылады. Шикізат өңделген соң жанар-жағармай және басқа да өнімдерге айналатыны белгілі. Ендеше, бұл кәсіпорында Қара және Орта теңіздері арқылы үлкен нарыққа шығатын қазақстандық мұнайдың Европадағы соңғы  нүктесі десек те болады.

            

«Салт-дәстүрді ұмытпадым»


– Ол елде қазақтармен қарым-қатынасыңыз қалай?


– Иә, бұл елде қазақтар бар. Оның ішінде өз ұжымымызда да бірге қызмет атқаратын қандастарым аз емес. Қарым-қатынасымыз да өте жақсы. Отбасы болып араласып тұрамыз. Жат жерде жүрсек те салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздан алшақтағанымыз жоқ. Қыстың күндері соғым сойып, одан ауыз тигізуді де ұмытпаймыз. Жалпы мұнда менен өзге де отандастарым 2007 жылдан бастап Қазақстанның басты европалық активінің өндірушілік деңгейін, технологиялық дамуын арттыру мақсатында табысты еңбек етуде.  


– Айтыңызшы, елді сағынғанда ең алдымен не есіңізге түседі?


– Елден кеткеніме 13 жылға жуықтапты. Содан бері менталитетім, ортаға көзқарасым өзгерген болар. Бірақ Отанымды ұмытқаным жоқ. Сағынғанда халқымның бауырмалдығы, бір-біріне қол ұшын созғысы келіп тұратын қайырымдылық қасиеттері есіме түседі.  Ал, сағынышым шарықтап кетсе ештеңеге қарамай, елге қарай жол тартамын…


«Өз елім – өлең төсегім»


– Атырауға оралу ойыңызда бар ма? Қайтып келсеңіз, қандай істі қолға алар едіңіз?


– Әрине, туған жердей жер, туған елдей ел болмайтыны рас. Мен мұнда тұрақты тұруға келгенім жоқ. Қазақстанға, Атырауға оралу ойымда бар. Өйткені «өз елім – өлең төсегім». Осы жерден үйренген іс-тәжірибемді туған елімнің дамуына арнап, өзіндік үлесімді қосқым келеді. Оқыған, көрген, білгенімді, жадыма түйгенімді жерлестеріме үйрету басты арманымның бірі десем де болады. Осы зауытта, басқа да мекемелерде қазақтың балалары бар. Оның ішінде жаңадан келгендері де кездеседі. Соларды оқытып, үйретудеміз. Олар көрген-білгенін, тәжірибесін елге барып жүзеге асырады. Осылайша, қазірдің өзінде мамандар даярлау ісіне үлес қосып жатырмыз. Мен мұнда тектен-тек келгенім жоқ. Қазіргі мақсатымның өзі – еліме қызмет ету. 


– Ашық әңгімеңіз үшін бек рақмет!


Оставить комментарий
Последние новости
         
Все новости