Бұл туралы бүгін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді. Іс-шара Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумы аясында өтті. Құжатқа сәйкес, тараптар СИБУР-дың іске асырылып жатқан интеграцияланған газ-химиялық кешен құрылысының жобасына қатысу мүмкіндігін қарастырады. Серіктестер 2021 жылдың соңына дейін СИБУР-дың экономикалық тиімділігін зерттеу нәтижелері бойынша жобаға бірлесіп қатысу туралы шешім қабылдайды деп күтілуде.
«ҚазМұнайГаз» Басқармасының Төрағасы Алик Айдарбаев мәлімдегендей, СИБУР-ға қатысты жобаға кіру туралы оң шешім қабылданған жағдайда ҚМГ Қазақстан үшін аса маңызды кешенді іске асыру үшін қажетті сенімді әріптес ала алады.
«Сондай-ақ, бұл жоба біздің тарапымыздан жан-жақты қолдау алатынын атап өткім келеді. Біз оны табысты іске асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын боламыз», — деді Алик Айдарбаев.
СИБУР Басқарма Төрағасы Дмитрий Конов атап өткендей, олардың компаниясының мұнай-газ химиясы саласындағы ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша бірегей тәжірибесі бар. СИБУР кәсіптің мұнай-химия бөлігін, оның ішінде жаңа нарықтарға шығу арқылы кеңейтуге мүдделі. Ресей өкілі СИБУР-дағы жобалар бірлесіп жүзеге асырылған жағдайда серіктестермен жобаларды іске қосу және әлемдік деңгейдегі полимерлі кешендерді пайдалану бойынша жинақталған сараптамамен бөлісуге қуанышты болатынын атап өтті.
«Серіктестер мұнай мен газды өндіру, тасымалдау және өңдеудегі ірі өндірістік объектілерді салу мен пайдалануда үлкен тәжірибеге ие және өз кезегінде жобаларға қажетті шикізаттық қолдау көрсете алады және кәсіпорындарды арнайы экономикалық аймақ шеңберінде қолданыстағы инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді», — деп атап өтті Дмитрий Конов.
Қазіргі уақытта ҚазМұнайГаз Атырау облысында орналасқан ел тарихындағы алғашқы газ-химия кешенін салу жобасын іске асыруда. Полипропилен өндірісі бойынша бірінші фазаны іске асыру прогресі бүгінгі күні 87%-ды құрайды. Зауыттың қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропиленді құрайды. Зауыт құрылысы ағымдағы жылы аяқталады деп күтілуде, іске қосу-жөндеу жұмыстары 2022 жылдың І тоқсанына жоспарланған. Полиэтилен өндіру бойынша екінші фазаны іске асыру шеңберінде техникалық-экономикалық негіздеме аяқталыпты. Зауыттың қуаттылығы жылына 1,25 млн тонна ірі тонналық полиэтиленді құрайды.